Сынған әйнек теориясы

Мақаламыздың әлқисасын алыс Америкадағы Нью-Йорк шаһарынан бастайық. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары бұл қала қанқұйлы қылмыскерлер мен азғындардың ордасына айналды. Тәулігіне 1500-ге дейін қылмыс тіркеліп, 7-8 адам өлімі орын алатын. Ал, жергілікті билік пен полиция заңсыздыққа қарсы тұруға қауқарсыз болып шықты. Көше бейберекет тасталған қоқыс пен шимай-шатпақтан көрінбей қалған еді. Мұндай жағдайда қаланы қалай тазартуға болады? Тәртіп орнату үшін не істеу керек? Күрделі мәселенің шешімі қарапайым дүниеден табылды. Ол – кримонологиядағы «Сынған әйнек» теориясы.

Нью-Йорк қалай тазарды?

Қаладағы ең ірі метрополитеннің басшылығына Дэвид Ганн есімді азаматтың келуімен оң өзгерістердің легі басталды. Ол қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап метроны шимай-шатпақтан тазалау ісін қолға алды. Әуелде компанияның ақылдастар алқасы жаңа басшының әрекетіне тосырқай қарап, ақымақтыққа балаған еді. Өйткені, ұзақ жылдар бойы майлы бояумен салынып, сау-тамтығы қалмаған вагон қабырғаларын тазарту — қыруар қаржыны желге шашумен тең. Бұлай әуреге түскенше жаңа вагондар сатып алған әлдеқайда тиімді. Әйтсе де, Дэвид Ганн өз ойынан қайтпай, айтқанын істетті. Оның бұйрығы бойынша барлық вагон шимайшатпақтан толық тазартылды. Егер, соңғы аялдамаға келген вагондарда шимай болса, ол жолға шығарылмады. Вандалдардың түнімен салып шыққан суреттері таңға жақын өшіріліп отырды. Осылайша, еріккен суретшілердің есіл еңбегі мен бояуға жұмсаған ақшасы далаға кетті. Пайдасыз тірліктен жалыққан вандалдар қатары біртіндеп азайды, артынша толығымен жойылды. Дэвид Ганн командасы жеңіске жетті.

1994 жылы Рудольф Джулиан Нью-Йорк қаласының мэрі, ал, Уильям Браттон жергілікті полицияның басшысы болып тағайындалды. Білікті офицер қаладағы полицейлердің жұмыс істеу тәсілдеріне елеулі өзгеріс әкелді. Уильям Браттонның бастамасы бойынша полиция бірінші кезекте ұсақ бұзақылықтың жолын кесу мәселесімен айналыса бастады. Қоғамдық орында шу шығарғандар, қоқысты бей-берекет шашып кететіндер, көлігін жол бойына қойып кететін жүргізушілер қатаң жазаланды. Нәтижесінде, қаладағы қылмыс көрсеткіші күрт азайды. Полиция ұсақ бұзақылықты тоқтату үшін күресті, нәтижесінде ауыр қылмыс сап тиылды. Тоқсаныншы жылдардың соңында Нью-Йорк Америкадағы ең таза әрі қауіпсіз мегаполистердің біріне айналды.

Қарағандының ахуалы қандай?

Отанымызға оралайық. Қала көшелерінің тазалығы туралы мәселе айтыла-айтыла жауыр болды. Әсіресе орталықтан алыс жатқан көшелердің, ойын алаңдарының, аулалардың тазалығы сын көтермейді. Рас, аула сыпырушылар таң бозынан тұрып, жинастырып-ақ жатады. Бірақ, нәтиже жоқ. Адам көп шоғырланатын орындар әп-сәтте таз кепесін қайта киіп, қоқыс үйіндісіне айналып шыға келеді. Қайтпек керек? Кімді кінәлаймыз?

  • Жұмысымыз осы. Күн шықпай тұрып, халық көп шоғырланатын аудандарды, жеке тұрғын үй секторларын сыпырып, қоқыстан тазартамыз. Күнделікті қайталанатын күйбең тірлік. Бірақ, жұмысымыз көзге көрінбейді. Қоқыс жәшігін көре тұра, керексіз затын көрінген жерге тастай салатындар көп. Бәрінен де, бүлдіршіндер асыр салатын ойын алаңдарын ішімдік ішетін орынға айналдырып, ластайтын жандардың әрекеті ақтауға келмейді. Бұл жабайылықтың шектен шыққан түрі ғой, – дейді аула сыпырушы Қуат Бейсенбай есімді ақсақал.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қанға сіңген дағдылар мен таптаурын қағидаларды өзгертпейінше, толыққанды жаңғыру жайлы сөз қозғаудың артық екені айтылған. Бізде барлық шаруаны жергілікті әкімдіктің мойнына іліп қою деген жаман әдет қалыптасқан. Ортақ мүлікке жаны ашымастық анық аңғарылады. Ал, шын мәнісінде, көшенің, ойын алаңдарының таза болуы ең алдымен өзімізге керек емес пе? Егер, сіз бен біз аулаға көлденең қоқыс тастамай, қайта жинастырып жүрсек, мұндай мәселеге кез болар ма едік?

Бәлкім, ортақ мүлікке жаны ашымайтындарды жазалау ісін күшейту керек шығар? Қарағанды облыстық Полиция департаменті мамандарының дерегінше, ұсақ бұзақылық жасағандар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұлмен құтылып кетеді. Жазаның жеңіл болуы олардың аяқты алшаң басуына тікелей ықпал ететін тәрізді. Өкінішті, әрине…

Ортаның санаға ықпалы

Мақаланың әлқисасында «Сынған әйнек» теориясы туралы айтқан едік қой. Оны ғылымға канадалық әлеуметтанушы Малкольм Гладуэлл енгізді. Ғалым «Переломный момент» кітабында былай дейді: «Сынған әйнек» — Уилсон мен Келлинг атты қос криминалистің ойлап тапқан әдісі. Егер, ғимараттың бір әйнегі Гладуэлл теориясының дұрыстығын келесі мысалдан байқауға болады.

Нидерландтық әлеуметтанушы дүкен ауласында тұрған велосипедтерге жарнама қағазын жабыстырып, артылғанын сол жерге шашып кетеді. Шамалы уақыт өткен соң, дүкеннен шыққан тұрғындар велосипедтегі жарнама қағазын еш ойланбастан жұлып тастап, кете береді. Эксперимент бірнеше күннен соң қайталанады. Бұл жолы әр велосипедке жарнама қағазы жабыстырылып, артылғаны қоқыс жәшігіне тасталады. Мына қызықты қараңыз, жұрт жарнама қағаздарын жерге емес, қоқысқа тастайды.

Демек, бұл – адам санасына ортасы әсер етеді деген сөз. Бірінші күні шашылып жатқан қағазды көрген жұрт қолындағысын тастай салуды әбестік көрмеді. Қайта солай болуы керек деп ойлады. Себебі, айнала онсыз да шашылып жатыр. Ал, екінші күні велотұрақтың мұнтаздай таза болғанын көрген соң, қоқыс жәшігіне тастау туралы ойға келді. Дәл біздің елдегі жағдай. Кейде, мұнтаздай таза аулада шемішкенің қабығын тастауға именеміз. Солай ғой?!

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»