Баған

Салықтан жалтару сан соқтырады

Ешкімге алақан жаймай, қолынан келген істі кәсіп қылып, өз күнін өзі көріп жүрген азаматтар да ел қазынасын толтыруға үлес қосуы тиіс. Яғни, ай сайын табысынан бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеуі керек. Ол ақша біреудің қалтасына кетпейді, жинақталып, қажет болған жағдайда төлем жасаушының әлеуметтік жағдайын арттыруға жұмсалады. Десек те, қоғам бұл жаңалықты қабылдай алған жоқ. Өре түрегеліп, жаппай қарсы шықты. Әрине, оларды да түсінуге болады. Зор машақатпен келген табысқа ортақтасқанды кім қаласын…

Сөйтіп, бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалды. БЖТ-ның маңызын түсінгендер ай сайын аударым жасап жүрді. Ал, өзгелері оған үстірт қарап, табысын жасырып жүре берді. Бәлкім, бұл осылай жалғаса берер ме еді, кім білсін?! Бәрі, бір демде өзгеріп шыға келді. Мемлекет төтенше жағдай жариялап, табысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік жәрдемақы тағайындады. Негізі бұл көмекті салығын уақытылы төлеп, әлеуметтік қорға аударым жасаған азаматтар алуы тиіс еді. Десек те, осы күнге дейін табысын жасырып келгендердің біз ойлағаннан да көп екені әйгіленді. Мемлекет басшысы әлеуметтік төлемнің талабын жеңілдетіп, бір мәрте болса да ақша аударғандарға жәрдемақы беруді тапсырды. Қош. Сонымен, екі айға жуық созылған төтенше жағдай аяқталып, біртіндеп қалыпты өмірге орала бастадық. Жәрдемақы алу үшін миллиондаған адам бірыңғай жиынтық төлем аударып, өздерінің бұған дейін табыс тауып келгенін көрсетті. Сөйтіп, мемлекет қолдауын иеленді. Оның арты қандай дау-жанжалға ұласқанын айтпаса да білесіз.

Әбігерге салған төтенше жағдай тәмамдалды. Қала мен далаға жан кіріп, кәсіп түрлеріне рұқсат беріле бастады. Мемлекеттің әлеуметтік төлемі де тоқтады. Енді не болмақ? Қажет кезде жарна төлеп, көмек алды. Ал, «есегі судан өткен соң» баяғы әніне қайта басып, табысын жасырып қалатындар шығып жүрмей ме? Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та алаңдаушылық білдіріп, олардың қайтадан көлеңкеге кетіп, проблемасымен жеке қалуына жол беруге болмайтынын айтты. Сондай-ақ, бұл мәселеге Үкімет пен әкімдер жіті назар салуы қажет екенін атап өтті.

Расымен де, миллиондаған салық төлеушілердің қайтадан көлеңкеге кетіп қалуына мүлдем жол беруге болмайды. Өйткені, салық есебінде төлеген әр тиын мемлекет дамуына жол ашып, халықтың әлеуметтік ахуалын арттыруға жұмсалады. Ал, егер табысты жасырсақ, көлеңкелі экономиканың өрістеуіне ықпал етеді. Мұндай жағдайда мемлекеттің дамуы туралы ойламасақ та болады…

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді дана халқымыз. Бұл жолы салықтан жалтарған азаматтардың қылығына мемлекет кешіріммен қарап, көмек көрсетті. Бірақ, үнемі бұлай бола бермесі анық қой! Сол кезде сан соғып қалмайық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button