Сала мамандарына – ерекше құрмет

    Аудан әкімдігінің мәжіліс залында әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі салтанатты түрде атап өтілді. Салтанатты жиынға аудан әкімі М.Жандәулетов, аудандық мәслихат хатшысы Б.Төлеуқұлов, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары мен ұжымдары қатысты.

   Салтанатты жиында аудан әкімі М.Жандәулетов құттықтау сөз сөйлеп, халықты әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қорғау Елбасы мен үкіметіміз жүргізіп отырған сындарлы саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылатынын айтты. Сондықтан, біздің елімізде қарттар мен аз қамтылған отбасыларды, мүгедектер мен балаларды қорғаудың нақты жүйесі қалыптасқан.

Сіздердің қызметтеріңіз еліміздегі әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Бұл да адам құқықтары мен қоғамдық тұрақтылықтың сақталуының бір көрінісі, – деп атап өтті.

Мұнан соң кезек марапаттауға беріліп, әлеуметтік қорғау саласының жұмыстарына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаты және бағалы сыйлықтар табысталды. Құрмет грамотасымен ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Қалкен Омарова, Ақадыр кенті әкімі аппаратының әлеуметтік қызметкері Рыстай Қадырова, аудан әкімінің алғыс хатымен азаматтарға арналған «Үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қарағанды облысы бойынша департаменті Шет аудандық бөлімшесінің мұрағатшысы Бақыт Медеуова және ауданның халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Дулат Тойшыбеков марапатталды.

Шет ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Рая Төлегенқызы мен «Аманат» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманқұл Қасымов құттықтау сөз сөйлеп, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбектеріне табыс тіледі. Сонымен қатар, С.Сейфуллин кентінің тұрғыны Гүлсара Каткейдің екі жастағы баласы Айымға ота жасатуға қаржылай көмектерін жасады.

Салтанатты жиында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Бекенов құттықтау сөз сөйлеп, бөлімнің атқарған жұмыстары жөнінде баяндама жасап, бір топ аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік салынған себеттер үлестірді.

Жан жылуы мен бойдағы күш-қуат, жігерлерін қамқорлықты қажет ететін жандармен бөлісіп жүрген осы сала қызметкерлері жұмыстарының ауыр да мәртебелі қызмет екені баршаға аян.

Салтанатты жиынға қатысушыларды аудандық мәдени-сауық орталығының өнерпаздары әсем ән мен тәтті күйге бөледі.

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.