Ресми

Сайлаудағы өзгерістер: Әкімді халық сайлайды

Бүгінде елімізде 5 қарашада пилоттық режимде өтетін аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауға дайындық жүруде. Әлбетте, бұған дейін де аталған әкімдерді сайлау тәжірибесі болған жоқ емес, болды. Бірақ, өзге сипатта. Мәселен, жанама тәсілмен, атап айтқанда, жергілікті өкілді органдар, болмаса, мәслихат сайлаған болатын. Оның өзі пилоттық режимде жүрді. Ал, биылдан тікелей және жасырын дауыс беру арқылы әкімді халықтың өзі сайлайды. Бұл – Қазақстан тарихында алғаш рет. Өңірге жұмыс сапарымен келген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенттерімен кездесіп, сайлау жүйесіндегі осы және басқа да өзгерістермен таныстырды. Шараға облыстық сайлау комиссиясының мүшелері қатысты.


Еліміздегі сайлау жүйесінің өзгеруі – қалыпты құбылыс. Орталық сайлау комиссиясы құрылғалы 30 жыл болса, осы жылдарда ел дамуында аса маңызға ие 37 ірі науқан өткен екен. Тізбектеп айтсақ, үш референдум, жеті рет Президент сайлауы, 11 рет Сенат, сегіз рет Мәжіліс депуаттары және сегіз рет жергілікті өкілетті орган депуаттары сайланған. Бүгінде елімізде сайлау комиссиясының 86 000-нан астам мүшесі бар. Бұлардың қатарында орталық, облыстық, аудандық, қалалық сайлау комиссияларынан бөлек, мажоритарлық жүйенің енгізілуіне байланысты округтік сайлау комиссиялары да бар.

– Еліміздегі сайлау жүйесі – аралас. Қазір Мәжілістегі 98 депуаттың 29-ы – өзін-өзі ұсыну арқылы сайланғандар. Ал, облыстық деңгейдегі мәслихат депуаттарының 50 пайызы – партия өкілдері болса, қалған 50 пайызы – мажоритарлық жүйе бойынша бәсі басым түскендер. Аудандық деңгейге келер болсақ, онда партия ұсынған бірде-бір депутат жоқ. Яғни, мәслихат депуаттарының 90 пайыздан астамы – бір мандатты жүйе бойынша депутат болғандар, – дейді Нұрлан Әбдіров.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы еліміз дәл осы сайлауға қатысты жиі сынға қалып келгенін де жеткізді. Оның себебі – бірде-бір палата, Сенат, Мәжіліс депуаттары толық құрамда тікелей және жасырын дауыс беру арқылы сайланбай келуі. Бірақ, олқылық референдумнан кейін жойылды.

– Бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаттығына Қазақстан халқы Ассамблеясынан тоғыз депутат ұсынылатын. Оларды халық сайлаған жоқ. Ассамблея кеңесінде осы тоғыздық анықталатын. Енді референдумнан кейін Парламенттің төменгі палатасының барлық құрамын халық сайлайды. Одан бөлек, саяси партияларға да кедергі азайды. Нәтижесінде бүгінде Парламент құрамында жаңадан құрылған партиялар да бар, – дейді Нұрлан Мәжитұлы.

Төраға бюллетеньге енгізілген «бәріне қарсымын» бағанының енгізілгеніне де тоқталды. Тіпті, бірқатар ауылдарда, әкімдікке үміткерлер емес, дәл осы баған көп дауыс жинаған кездер болған.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы облысқа жұмыс сапары барысында биыл әкімдері пилоттық режимде сайланатын Ақтоғай, Осакаров аудандары мен Приозерск қаласында да болатынын айтты.

Бүгінде өткен жылдың 25 шілдесінен бері еліміздегі 2340 ауылдың 1776 әкімін халық сайлаған.

Нұрлан Мәжитұлы кездесу барысында сайлау барысына мониторинг жүргізетін ЕҚЫҰ байқаушыларына да тоқтала кетті. Айтуынша, ЕҚЫҰ өздерінің байқаулары бойынша биылғы жылдың 4 тамызында 2022 жылғы 20-қарашадағы Президент сайлауы мен биылғы 19 наурызда өткен Парламент Мәжілісі депуаттарын сайлау қорытындысын шығарған. Нәтижесінде, аталған ұйым 11 ұсыныс берген. Түрлі көзқарас пен пікір тудырған ұсыныстардың қатарында бәсекелестіктің жоқтығы да бар. Ал, төраға бірқатар ұсыныстар қазақстандық қоғамға жат екенін де айтып отыр.

– Орталық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысында аталған ұсыныспен түбегейлі келіспегендер де болды. Мәселен, Президент сайлауында өз кандидатурасын ұсынған 12 адамның алтауы тіркеуден өтті. Олардың әрқайсысы мәреге дейін жетіп, тиісті дауыстарын жинады. Сайлауға дейін үгіт-насихат жүргізді. Ал, Парламент Мәжілісі сайлауында да бәсекелестік жоғары болды. Мәселен, бастапқыда 29 бір мандатты округтер бойынша 609 адам өзін-өзі ұсынды. Астана қаласында бәсекелестік, тіпті, жоғары болды. Яғни, бір мандат үшін 41 адам тіркеуден өтті, – дейді төраға.

Қоғам өзгерді, заман жаңғырды. Орталық сайлау комиссиясы айналысып жатқан тағы бір маңызды шара – дауыс берудің заманауи балама әдісін енгізу.

– Электронды дауыс беру жайлы жиі айтылады. Бүгінде қырықтан астам ел осы мәселені зерттеумен айналысуда. Мәселен, 12 ел электронды дауыс беруді заңдастырса, бірқатарлары одан түбегейлі бас тартқан. Елімізде де 2004 жылы электрондық сайлау жүйесі енгізілген болатын. Бірақ, оған жұмсалған 25 млрд. теңге өзін ақтаған жоқ. Әр мемлекет бұл мәселені өзі шешуі тиіс. Біріншіден, қазақстандық сайлаушылар электронды дауыс беруге, екіншіден – біраз ақша шығындауға дайын болу керек, – деді төраға.

Кездесу барысында Нұрлан Әбдіров бірнеше жыл қатарынан Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарған Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетовке Құрмет грамотасын табыстады.

Биыл, 8 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясының құрылғанына – 30 жыл екенін айту керек. Комиссия 1993 жылы құрылғанда, оған белгілі мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысов басшылық етті. Осыдан бастап, Орталық сайлау комиссиясының жұмысы ғана емес, барлық сайлау жүйесінің тарихы басталғанын айтады Нұрлан Мәжитұлы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button