Баған

Сайлау – 2019: жарқын болашақтың кепілі

Бәрімізге белгілі, сайлау азаматтардың саясат пен мемлекеттік басқаруға атсалысуының ең көлемді әрі нақты нысаны болып табылады. Сондықтан, алдағы 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауы еліміз үшін өте маңызды әрі жауапты кезең.

Ең алдымен биылғы президенттік сайлаудың ерекшелігіне тоқтала кеткім келеді. Бұрынғы өткен президенттік сайлауларға қарағанда бұл жолғы сайлаудың орны бөлек. Оны шын мәнінде қазақстандық ноухау ретінде қабылдасақ артық болмайды. Өйткені, іс басындағы Президент өзінің еркімен қызметін өзгеге тапсырды. Мұндай тәжірибе әлемдік деңгейде өте сирек кездесетін, тіпті, болмаған да жағдай десем қателеспеймін.

Осы алдағы болатын сайлауға қатысты тағы бір көңіл бөлетін мәселе, ол – сайлаушылардың құрамының ерекшелігі. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегі Қазақ елінің тарихында орын алған ең алғашқы Президент сайлауындағы дауыс берушілер құрамы бүгінгі күні мүлдем жаңа сипатқа ие болып отыр.

Қазіргі сайлаушылар, негізінен, Тәуелсіздік жылдары туыпөсіп, тәуелсіз елде қалыптасып, Мәңгілік Елге қадам басқан жаңа Қазақстанның жаңа азаматтарынан құралған. Мәселен, бүгінгі күні кәмелетке толып, алғаш рет дауыс беру құқығына ие болғандар – үшінші мыңжылдықтың шымылдығын ашқан жас өрендер. Ал, Тәуелсіздіктің құрдастары – бүгінде әлемдік деңгейде білім алып, еліміздің қарқынды дамуына елеулі үлес қосып жүрген жас басшылар, білікті мамандар, жоғары деңгейлі интеллектуалдар.

Бұл буынның артықшылығы – даралыққа деген ұмтылыс, жаңалыққа құштарлық, ерекшелік табуға деген талпыныс әрі елдің тағдырына деген үлкен жауапкершілік. Түптеп келгенде, Қазақ елінің жарқын болашағы осынау өскелең ұрпақтың қолында.

Сондықтан, осындай құрамдағы электораттың таңдауы Қазақ елінің табан жолдан өркениеттің даңғыл жолына түсуіне игі әсері болары анық. Және олар осы ұлы мақсатты орындау жолында мемлекеттің өркендеу бағытындағы қадамдарына ұтымды басшылық жасап, іс жүзіне шынайы асыра алатын президенттікке үміткерді дұрыс таңдайды деп сенемін.

Сайлау жалпыға бірдей, тең, бәсекелі әрі ерікті түрде өтетініне еш күмәнім жоқ.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы

Басқа материалдар

Back to top button