Covid-19

Сақтық өзіміз үшін керек

Короновирус келгелі қалыпты өмір өзгерді. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты шектеулер енгізілді. Сол шектеулердің сақталуын қадағалайтын мобильдік топтар құрылды. Олар күнделікті рейдке шығады. Кезекті тексеріске біз де қосылдық. «Абзал» сауда үйі, Орталық әмбебап дүкеннің маңайы өткен демалыс күнгі рейд нысанына айналды. Бірнеше нысанға бас сұқтық.

Топ жетекшісі Қарағанды қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Алмат Исабаев:

– Қарағанды облысы «қызыл» аймаққа еніп, санитарлық-эпидемологиялық талаптар күшейді. Сақтық шараларын тексеру мақсатында Қарағанды қаласында бірнеше мониторингтік топ құрылды. Құқық қорғау органдарының өкілдерімен және облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында тексеру жүргіземіз. Біз Қазыбек би ауданы аумағына жауаптымыз. Халық көп жиналатын орындар, әсіресе, әлеуметтік нысандарда карантиндік талаптар сақталуы тиіс. Демалыс күндері ірі сауда орталықтары жабық. Ал, азық-түлік дүкендері мен тамақтану орындары жұмыс істейді. Біз соларды тексереміз. Дегенмен, қазір бұрынғыдай тәртіп бұзушылық азайды, – дейді маман.

Иә, күндізгі сағат 14:00-де басталған рейд кешкі сағат 20:00-ге дейін жүргізілді. Бұдан кейін басқа топ түнгі рейдке шығады екен. Олар кешкі 21:00-ден түн ауғанша жүреді.

Мамандар ұсынған деректерге үңілсек, Қарағанды қаласында, жыл басынан бері арнайы мониторингтік топ дүкендер мен ойын-сауық орталықтарында бетперде тақпаған – 31, уақыт шектеуіне қарамай жұмыс істеген – 164, жұмыс істеуге рұқсат етілмеген – 20, іс-шара өткізген – 5, әлеуметтік қашықтықты сақтамаған – 4 тәртіп бұзушылықты анықтады.

Әрине, талап барлығына да бірдей. Алайда, сол талапты сақтамай, ескертуді құлағына ілмейтіндер де бар екен. Ержанов көшесі, 20 – «4 20», Т.Рысқұлов көшесі, 5/2 – «Джем», Сәтбаев, 9/1 – «Peguliar», Ерубаев 50а – «Вай нот», Н.Әбдіров, 9 – «Свои», Космонавтар, 67 – «Свои до наши», С.Мұқанов, 55в – «Карт – Бланж», Н.Әбдіров, 12 – «Жаным сол», сонымен бірге, Моховая көшесіндегі 6/1 – «Достар» мекемелері ескертулерді ескермей, мониторингтік топ назарына бірнеше рет іліккен. Олар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462- бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылады. Жаза ретінде мекеме қызметі 1 айға тоқтатылып, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Мен шыққан күні санитарлық талап бұзу фактілері тіркелмегенін айта кеткен жөн. Негізінен, біз сөйлескен мониторингтік топ мамандары да қазіргі уақытта анықталып жатқан жағдайлар аз екенін айтты.

– Қазір анықталып жатқан жағдайлар аз. Дегенмен, жоқ дей алмаймыз. Той-томалақ өткізілген жерге ол туралы хабар түскен кезде ғана бара аламыз. Сондықтан, бұл мәселеде тұрғындардың да жауапкершік танытқаны жөн деп ойлаймын. Ол өзіміз үшін керек, – дейді топ жетекшісі.

ӘдебиетБЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button