КоронавирусҚарқаралы

Сақтық – саулық кепілі

Елдегі ахуалға байланысты Қарқаралы ауданы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күре жолдың бойында орналасқан елдімекендерге арнайы санитарлық және блок бекеттер қойылды. Бір қарағанда бекет қойып, жолды бекіту оңай шаруа секілді көрінеді. Дегенмен, оның да өз машақаты жетерлік. Республикалық маңызы бар «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тас жолы бойындағы Көктас елді мекені жанына қойылған санитарлық бекеттің жұмысымен таныстық.

Бекетке қойылған арнайы қос көліктің бірі жарық, байланыс және интернет жүйесімен қамтамасыз етілген. Екіншісі, медицина мамандарына арналған. Киім ауыстырып, тамақтанатын арнайы орындар да бар.  Қарағанды қаласындағы ерекше тәртіптегі карантинге байланысты, аудан аумағына қатынайтын жеңіл көліктер саны да азайған. Ауысыммен жұмыс істейтін полиция қызметкерлері Талап Зейнел мен Әділет Шәріп, дәрігер Күлән Қойбағарова азық-түлік пен руда тасушы ауыр жүк көліктерді тоқтатып, құжаттарын тексеріп, қайдан жөнелтілгені, қай жерге жеткізілетінін арнайы журналға тіркеп отыр. Санитарлық бекеттен өткен әрбір адамның қызуын өлшеу басты назарда. Жұқпалы індеттен аман қалудың жолы тәртіпке бағыну, тазалық сақтау екенін түсінген жолаушылар да еш қарсылықсыз қойылған сұрақтарға жауап беріп, бекітілген талаптарды орындауда.  Мәселен, Қарағайлы кентіндегі жеке кәсіпкер Мейрам Исин наубайханасына ұн алып бара жатқандығын, барлық қауіпсіздік шараларының жіті сақталғандығын айтты.

«Бұл жердегі бекеттің жұмыс жасап жатқанына алтыншы күн. Рұқсаттама қағазы бар азық-түлік тасымалдаушы автокөліктерге кедергі жоқ. Бекітілген қаулыға байланысты жақыны қайтыс болған адамдар бекеттен өткізіледі. Бұл жерде қауіпсіздік қатаң сақталған. Сырттан келетіндерді тексергендіктен мамандардың киімдері жуылып, бетперделері ауыстырылып отырады. Бұл жерде бүгінгі күні ауысыммен 2  ішкі істер саласының қызметкері,  1 дәрігер және мейірбикелер жұмыс жасайды. Тексеру барысында адам бойынан қандай да бір кінәрат табылса, шұғыл түрде жедел жәрдем көлігімен аудан орталығындағы аурухана жөнелтіледі. Тағы осындай, блок бекет Шығыс Қазақстанмен шекаралас жолдың бойында орналасқан «Кентөбе» кен орнының маңына  қойылып, жұмыс жасап жатыр» – дейді, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Нұржан Қайырбеков.

Бекеттердегі полиция, денсаулық сақтау қызметкерлері респираторлар, тепловизорлар, бетперделер және дезинфекциялау құралдарымен толық қамтамасыз етілген.

 Жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында аудан әкімдігінің жанынан құрылған жедел штаб та қызу жұмыс үстінде. Аудан аумағында сақтық шараларын қамтамсыз ету, ортақ тәртіпке бағыну, қажетті медициналық препараттармен жабдықтау, халық көп шоғырланатын аумақтарды карантиге жабу, халықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру секілді маңызды жайттарды бақылауда ұстауда. Ол тәулік бойы жұмыс істейді.  Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлер мен еріктілер күн сайын бетперде тігіп, тегін таратуда. Қала басындағы мемлекеттік мекемелер, білім ордалары мен балабақшалар, бірқатар қоғамдық орындар, автобекет, қоқыс төгетін контейнерлерге дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. 

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button