Сақтансаң ғана сақтайды

Адамзатты алаңдатқан індетке қатысты елімізде төтенше жағдай жарияланғаны, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары күшейтілген режимге көшіп, өзге өңірлерде де қауіпсіздікке қатысты талаптар қолданысқа енгізілгені белгілі. Осы орайда бір алаңдататын мәселе – жұртшылықтың бейғамдығы. Дос-жаран, туған-туыс, тамыр-таныспен әңгіме кезінде індет қаупін толық сезінбеген адамдардың бар екенін байқаймыз. Қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі беріліп, қарым-қатынасты шектеу талап етілгеніне қарамастан, қаладан қалаға қыдырып, қонақ шақырысып жайбарақат жүрген жандар да бар көрінеді. Көп адам мереке күндері ауылдағы ағайынына қыдыра барыпты. Бұл әрекетіміз қауіпті еселей түсетінін түсінуіміз керек.

 

Медицина саласындағы мамандар індетпен күресте ең қажеттісі – тұрғындарды оқшаулау екенін айтады. Мұның тиімді тәсіл екенін біз Қытай елінің тәжірибесінен көріп отырмыз. Індет жайыла бастағанда халықтың қарым-қатынасын шектеу бойынша барынша қатаң шаралар қолданған Қытайда бүгінде коронавируспен ауырғандардың алды жазылып, індет жұқтырған адамдар күрт азайды.

Ал, мұндай шараны дер кезінде қолға алмаған елдер қазір үлкен қиындықтарды бастан өткеріп жатыр. Кешегі ақпарат бойынша Италияда тіркелген науқастардың саны 80 мыңнан асты, осы күнге дейін сегіз мыңнан астам адам қайтыс болған. Ал, АҚШ-та анықталғандар саны 86 мыңға жуықтады.

 Осыған байланысты әлем елдері оқшауланудың ең оңтайлы тәсіл екенін мойындап, осы бағыттағы жұмыстарын күшейтуге кірісті. Бастапқыда қауіпсіздік талаптарын ұсыныс, кеңес түрінде жүргізген Еуропа елдерінің көпшілігі қазір қатаң шараларға көшті. Мәселен, Францияда карантин талаптарын бұзғандарға 135-3700 еуро айыппұл салынады. Ресей де талапты күшейтіп, карантин тәртібін бұзып, өзгелердің өміріне қауіп төндіргендерге миллион рубльге дейін айыппұл салу шараларын қолға алып жатыр.

Күні кеше әйгілі «New York Times» басылымы «Жалпыұлттық оқшаулану – індеттен құтқаратын жалғыз жол» деп жазды. «Егемен Қазақстан» газеті көшіріп басқан бұл мақалада аталған басылымның АҚШ президенті Дональд Трампқа америкалықтарды екі апта оқшаулануға шақыруды ұсынғаны айтылады. Басылымның пікірінше, мұндай шара медицина қызметкерлеріне вирустан емдеудің жолын ойлап табуға, ал федералды басшылыққа тексеру тестін, вирусты анықтауға қажетті басқа да құралдарды алуға, сонымен бірге қауіпті аймақтар мен індет жұқтырған адамдар туралы ақпарат жинауға мүмкіндік бермек.

Сондықтан, қауіпсіздік талаптарын орындау барынша маңызды. Карантиннен әртүрлі астар іздеушілердің де барын көріп отырмыз. Біле білгенге төтенше жағдай мен карантин ең алдымен экономикалық тұрғыдан Үкіметтің өзіне оңтайлы емес екені анық. Өйткені, шекарадағы қарым-қатынастың шектелуі, көптеген қызмет көрсету, сауда нысандарына енгізілген санитарлық талаптар шағын және микро кәсіпкерлер жұмысын қиындатуда. Ешкімге алақан жаймай, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған қаншама ұсақ кәсіпкер бар. Ол – киім-кешек, ұсақ-түйек заттар сататын дүкендер, сән салондары, монша, жаттығу залдары, ойын-сауық нүктелері, такси және тағы басқалары. Бір ғана тойдың тоқтауы бизнестің бірнеше саласын тоқыратады. Ең алдымен тойханалардың табысы тыйылды. Екіншіден, тойбастар, шапан-шақпыт сататындар тығырыққа тірелді. Үшіншіден, неке қию, қыз ұзату, беташармен айналысатын той агенттіктері сияқты қызмет көрсету орындары қаңтарылып тұр. Тамада, әншілер табыстан қағылды.

Кафе, ресторан, көшедегі самса, донер сататын дүңгіршектердің де клиенті азайғаны анық.

Мұның барлығы аз емес, миллиондап саналатын адам. Олардың табыссыз қалуы, ең алдымен, Үкіметтің қоржынына салмақ түсіретіні белгілі. Сондықтан, биліктің бүгінгі шаралары халықтың, тұтас елдің саулығын ойлағаннан қабылданып отырғанын түсінуге тиіспіз.

Елімізде төтенше жағдайдың тезірек аяқталуына баршамыз мүдделі болуымыз керек. Ол үшін қауіпсіздік талаптарын барынша сақтап, қарым-қатынасты барынша шектегеніміз абзал.

Халқымыз айтқандай, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» болмақ! Баршамыз ел мүддесі үшін жұдырықтай жұмыла білсек, бүгінгі уақытша сынақтардан еліміз сүрінбей өтері анық.

Қамбар АХМЕТ,
 «Saryarqa aqparat» ЖШС Директоры