СӘУЛЕТТІ СПОРТ КЕШЕНІ ел шаттығын ерекше еселеді

    Жақында Ұлытау шыңдарының баурайында бой көтерген сәулетті спорт кешені жергілікті тұрғындардың, әсіресе, спортсүйер қауымның көзайым қуанышына айналды. Ұзақ жылдар бойы ел сұранысын иеленіп, спорттың бұқаралық мазмұнын арттыру жөніндегі Елбасы тапсырмасын орнықты орындаудың айғағы іспетті болған нысанның ашылу рәсімінде жұртшылық шаттығының арнасынан асқаны айқын аңғарылды.

    Тұсаукесер рәсімінде аудан әкімі Хамит Омаров тапсырылуы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген заманауи кешеннің ауылдың ажар-келбетін айшықты ете түсумен қатар, ұлытаулық жас өрендердің спорт түрлерінің қыр-сырын жете меңгеріп, мәртебелі ареналарда Ұлт ұясының абыройын асқақтатуына берік негіз қалайтынын айрықша атап өтті. Одан кейін бұқараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі әкімшілік департаментінің директоры Еренай Дәржібаев құттықтап, дүйім елге салалық министрлік басшылығының ыстық ықыласты сәлемін жеткізді.

    Ғимараттың құрылыс жұмыстарын аудандық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша жүргізген мердігер компания – «НАНАКА» ЖШС өкілі аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалинге қолданысқа өткізілетін кешеннің «кілтін» тапсырған соң, еңбек ардагері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Орынбек Қазанғапов бабалар дәстүрімен бата берді.

    Лента қию шарасын аудан әкімі, астаналық мейман, сондай-ақ, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рустам Қожабеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Талғат Сейтжанов пен ауыл ақсақалы, медицина саласының үздігі Қаражігіт Әбдірахманов іске асырды.

     Толығымен жергілікті бюджет қаражатына салынған, жалпы аумағы 0,8279 гектарды құрайтын спорт кешенінде бір мезгілде 160 адам спорттық жаттығу шараларымен шұғылданып, командалық ойындар ойнай алады. Ғимараттың 1-ші қабаты – арнайы көрсеткіш табломен жабдықталған әмбебап зал. Онда волейбол, баскетбол алаңдары, жаңа үлгідегі құралдармен жабдықталған жаттығу залы және жаттықтырушылар бөлмесі орналасқан. Ал, 2-ші қабатында күрес залы, басшының қызмет кабинеті, мейірбике мен қызметкерлерге арналған бөлмелер қарастырылған. Әр қабат, тиісінше, киім ауыстыру, жуынып-шайыну орындары және санитарлық тораптармен қамтамасыз етіліп, жылу беру желісі дербес жылыту қазандығына қосылған.

   Ұлытау тұрғындары тыңнан бой түзеген келісті кешеннің жоғары жетістіктер мен мерейлі жеңістер ордасына айналарына бек сенімді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҰЛЫТАУ ауданы.

Суретті түсірген: Ж.АЯШОВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.