С.Төлтаев пен С.Абзал: допинг дауы қашан бітеді?
Қазақстандық боксшылар Саматәлі Төлтаев пен Серік Абзал «тыйым салынған препараттарды қолданды» деген сөз шыққан болатын. Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов осы мәселеге байланысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Ortalyq.kz sportpress.kz сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық құраманың Бас бапкері Мырзағали Айтжанов қазіргі қызметіне осы жылдың басында тағайындалған болатын.
– Бұл бұрын болған жағдай. Неге десеңіз, тыйым салынған препараттар адамның азғасында 3-4 ай, кейде бір жылға дейін болады. Қаңтар айында Ұлттық допингке қарсы орталығы Саматәлі Төлтаев пен Серік Абзалды допингке тексергенде олар сынамадан өте алмаған. Мен кейіннен келгенмін. Бұл жағдай бізге дейін болған. Ол кезде ұлттық құрамада ғылыми топ болмаған. Спортшылар ережені сақтамай жүре берген. Өзім білемін деп жүрген. Үйде витамин ішсе, ол жарты жылдан кейін, кейде бір жылдан кейін адам ағзасынан шығады, – деді Ұлттық құраманың Бас бапкері.