Бас тақырып

Сән мен мәдениет симбиозы

Қазақтың ою-өрнекке көм­керілген киімі – бір дәуірде тұтас, мызғымас өркениет қалыптастырғанымыздың айқын дәлелі іспеттес. Дала төсінде тамыр жайған мәдениеттің бір жарқылы, ажырамас бөлігі. Еңселі, жігерлі, иықты жігіттің, сұлу, көркем мінезді, қылықты қыздың ажарын ашады. Ұлттық киім ескірмейді, сәннен шықпайды. Қарасаң, көз тояды, көңіл марқаяды. Базары тарқамаған дархан һәм мәрт көңіл қазақтың мақтанышы. Ою-өрнегі – өзінің дүниетанымымен егіз. Тылсымның тілін ұққан бабам дәуір сүрген ұлы даламның сәні осындай. Шертпе күйге тол­ғанған, асқақ әнге жүрегі тебіренген, сөзді қастерлеген қазақ жанының көрінісі дерсің.
Ұлттық киімді ұлықтау мақ­сатында Кеншілер мәдениет сарайында «Nauryz – fashion» деп аталған этно-заманауи киімдер фестивалі өтті. Бұл – Наурыздағы онкүндіктің шарапаты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Шараны облыстық мәдениет, ар­хивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен, Кеншілер мәдениет сарайының ұжымы ұйымдастырды.

Фестивальға Қарағанды мен Астана, Алматы қалаларынан 9 дизайнер, тігінші қатысты. Көрер­мен назарына 90-ға жуық киім үлгісі ұсынылды.

Қазақ халқының мәдени мұрасын заманауи көзқараспен ұсыну, ұлттық киімдерді кеңінен танымал етіп, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу – фестивальдың негізгі мақсаты.

– Ұлттық киімдеріміз – әлемдегі ең әдемі, сәнді киімдердің қатарында. Бұлай деп сенімді түрде айта аламыз. Шетелдік қонақтардың ою-өрнекпен әспеттелген киімдерімізге таңдана, қызыға қарағанын талай көрдім. Бүгінгі қазақ жастарының шапан киіп жүргенін көргенде, көңілге қуаныш ұялайды. Шапан, камзол, бөрік кию сәнге айналып келеді. Әсіресе, көктемнің жылы күндерінде шапан киген жігіттерді жиі көретін болдық. Фестивальдың да мақсаты – ұлттық киімді ұлықтау, дәріптеу. Жас буын ұлттық киімін мақтан тұтуы тиіс, – деді Кеншілер мәдениет сарайының директоры Саят Әбдіғали.

Заманауи фестиваль арқылы дизайнерлер дәстүрлі ою-өрнек пен стильді қазіргі заман трендтерімен үйлестірген. Ұлттық киімді ұлттық мейрамдарда ғана емес, күнде киетіндей етіп жасаған. Сонымен қатар, сән әлеміндегі жаңа бағыттар көрсетілді. Фес­тивальдың тағы бір көздегені – елге танылмай жүрген талантты сәнгерлерді жұртқа таныстыру.

– Мен этностильдегі шапандардың топтамасын ел назарына ұсындым. Фестивальға 1 айдан астам уақыт дайындалдым. Былтырғы топтамамнан да 2 образды алып шықтым. Себебі, сол топтамам режиссерлерге де ұнады. Осындай шаралар біздің елімізге керек деп ойлаймын. Қазақи нақыштағы, бұрынғы ұлттық киімдерді дәріптеп, осындай шара ұйымдастырған Кеншілер мәдениет сарайына алғысымды білдіремін! – деді сәнгер Салия Бейсенова.

– Бүгін қазақстандық суретшілердің картиналарымен безендірілген топтамамды ұсындым. Біздің брендтің өнімдері өз таланттарымыздың туындыларымен сәнделген. Сол таланттарымызды елге танытсам деген ниетім бар. Осындай өнер мен сәннің коллаборациясы халық арасында кеңінен таралып, суретшілеріміздің танымалдығы артады деп сенемін! Өздеріңіз байқап жүргендей, ұлттық нақыштағы киімдер сән әлемінің төріне шықты. Әлеуметтік желіде қазір ұлттық киіммен контент салу трендке айналды. Фестивальдан бөлек, ұлттық киімдерді дәріптеу үшін әрі қарай еңбектенеміз. Ою-өрнектер маған шабыт сыйлайды, – деді сәнгер Людмила Құнанбаева.

Ұйымдастырушылар мен қатысушылар мұндай шаралар ұлттық сән индустриясының дамуына серпін беріп, дәстүрлі қолөнердің жаңғыруына жол ашады деген сенімде.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button