Махаббат – мәңгі ертегі
15 сәуір – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күнін әркім әр қалай атап өтеді. Ал, Қарағандыдағы №64 негізгі орта мектебінің ұжымы болса, қайырымдылық іс-шарасымен ұштастырды. Мектеп мұғалімдері мен оқушылары қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясынан сахналық үзінді ұсынып, қала мектептерінің оқушыларын бір алаңға басын қосты. Қойылымнан жиналған қаражат ауыр жарақат алған қарағандылық спортшы Арслан Атымтаевтың еміне аударылды.

Аталған білім ордасында тәрбие бағытында ауқымды жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Мектепте «Қамқорлық», «Шабыт» әлеуметтік жобасы аясында оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше мән берілген. Қоғамдық жұмыстарға тартып, игі бастамалар ұйымдастыру жолға қойылған. Мектеп директоры Жанар Сәлімбаева болса, бұндай жұмыстардың жас ұрпақтың бойына жауапкершілік, жанашырлық және азаматтық белсенділік қасиетін қалыптастыратынын баса атап өтті.
– Ұлттық рух пен заң алдындағы жауапкершілікті насихаттау мақсатында қала мектептерінде түрлі сахналық қойылымдар ұйымдастыру жоспарланған. Осы ретте біз Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» пьесасы негізінде ғашықтар күніне орай шағын қойылым қойдық. Қойылымнан түскен қаражат ауыр жарақат алған қарағандылық спортшы Арслан Атымтаевтың еміне аударылады. Сахналық туындыға мектеп ұстаздары мен оқушылары белсене қатысуда. Білім ордамыз аралас мектеп болғандықтан, кейіпкерлер қатарында өзге ұлт өкілдері де бар. Олар қазақ тілінде еркін сөйлейді. Сондай-ақ, мектеп оқушыларын біріктіріп, қайырымдылық шарасын ұйымдастыруға қолдау көрсеткен «Amanat» партиясының Қарағанды облыстық филиалына алғысымызды білдіреміз, – деді Жанар Сәлімбаева.
Мектепте театр үйірмесі жұмыс істейді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Маратованың жетекшілігімен мұнда 15 оқушы тәлім-тәрбие алуда. Бүгінде бұл пьеса үйірме мүшелерінің алғаш рет осындай үлкен сахнаға алып шыққан қойылымдары екен. Өзі қойылымда басты кейіпкерлердің бірі Баянның әкесі Қарабайдың рөлін сомдаған. Кейіпкердің мінез-құлқын сахнада шынайы бейнелеп, жоғары деңгейде алып шыға білді.
– Шәкірттерім жерлесіміз Арсланға көмек көрсету мақсатында осындай қойылым ұйымдастырып, қаладағы өзге мектептердің оқушыларын да тарту туралы ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, қойылымнан түскен қаражатты оның еміне аударып, қайырымдылықпен айналысайық деген бастама көтерді. Осы игі ойдан кейін біз бірден іске кірісіп кеттік. Мектепте ақпан айынан бері театр үйірмесі жұмыс істеп келеді. Сол уақыттан бастап дәл осы пьесаға дайындалып, оны көпшілік назарына ұсынуды жоспарлаған едік. Кейін Арсланның жағдайын естіп, оған қолдау білдіру, шамамыз келгенше көмектесу мақсатында қойылымды Ғашықтар күнінде сахнаға алып шықтық. Қарабай – сараңдығымен танылған, қос ғашықтың қосылуына қарсы болған кейіпкер. Ол үшін байлық бәрінен биік. Тіпті, туған қызынан гөрі мал-мүлкін жоғары қоятын адам. Дәл осы көрмеге ай бойы дайындалдық, – деді ол.
Қозы бейнесін 8 «Ә» сынып оқушысы Мейіржан Рамазан сомдаса, Баян рөлін 9 «Ә» сынып оқушысы Аяулым Жұманова шеберлікпен алып шыға білді. Мейіржан Қозының адалдығы мен қайсарлығын, кіршіксіз махаббатын әсерлі қимыл-қозғалысы, дауыс ырғағы арқылы көрерменге әсерлі жеткізген. Ал, Аяулым болса, Баянның нәзіктігі мен батылдығын үйлестіре отырып, оның жан дүниесіндегі арпалысты толық аша алды. Ал, екеуінің сахнадағы үйлесімі көрерменді бейжай қалдырмады. Көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленіп, зор қошеметке ие болды.



