Жаңалықтар

Сүйегі асыл кейуана

101 жастағы Нұрила Байтасова жамбас буынын алмастыру бойынша ота жасатқан облыстағы екінші қария. Х.Мақажанов атындағы травматология және ортопедия облыстық орталығының дәрігерлері бұған дейін 106 жастағы қарияға дәл осындай ота жасаған көрінеді.

Өздігінен жүріп-тұрып жүрген Нұрила әжей кенеттен құлап, жамбас сүйегін сындырып алыпты. Оның сынғандығы жедел жәрдем облыстық орталыққа алып келіп, ондағы дәрігерлер қарағаннан кейін белгілі болады. Толық сараптама жасалып, дәрігерлік консилиум ота жасау туралы шешім қабылдайды.

Біз уайымдатпайық деп ота жасалатынын жасырдық, – дейді әжейдің немересі Дидар Какенова. – Әжеміз укол салынғанын ғана білді. Отадан кейін бала-шағасын аман көргеніне қуанып, көзіне жас алды.

Жамбас сүйегін эндопротездеу жасалды. Ота ешқандай қиындықсыз, жоспарлы түрде өтті. Әуелі сынған барлық сүйектерді және ортан жіліктің басын тазалайды. Сол жерге эндопротез орналастырылады. Қазіргі таңда әжей бастапқы қалпына келтіру курсынан өтуде. Осы аптада шығатын болады, – дейді жедел травматология бөлімі басшысының міндетін атқарушы Павел Салдин.

Мұндай жарақаттар егде жастағы адамдарда жас ерекшелігіне байланысты жиі кездеседі әрі аса қауіпті. Себебі олардың сүйектері мен тіндері қалпына келу қабілетін жоғалта бастайды. Жамбас сүйегін алмастыратын емделушілердің орта жасы 70 екенін айтады мамандар.

Эндопротездеу көлемді ота болғанымен, мұндай сынықтармен байланысты туындауы мүмкін барлық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді. Мұндай ота жасалған науқастар бір тәулік ішінде өз аяқтарына тұра алады. Бұл үлкен кісілердің жатып қалуынан сақтайды, – дейді Павел Салдин.

Қазыбек бидің жетінші ұрпағы, ғасыр жасаған Нұрила әжей алты баласынан 30 немере, 60 шөбере, 5-6 шөпшек көріпті. Өз аяғынан тұрған сүйегі асыл кейуана дәрігерлерге ақ батасын берді. Осындай сәттерде кей қазақтың ата-әжелерінің «жасарымызды жасадық» деп дәрігердің көмегінен бас тартып жататыны бекершілік екеніне көз жеткізесің.

Жансая ОМАРБЕК 

Басқа материалдар

Back to top button