АймақТеміртау

Құрыш қалада жаңа мешіт салынады

Бұл мәселе кейінгі кезде Жауыртау жамағатына тақырып болып тұр. Бұл «жұмаға сыймаған жамағатқа үшінші мешіт салып берсе» деген ел өтінішіне ынталы да қалталы, мүмкіндігі бар жігіттерге құлаққағыс деп есептесек те болатын. Күні кеше Теміртау қаласында тақырып талқыға түсіп, қоғамдық тыңдалым өтті.

Сурет: pinterest.com сайтынан

Жақсыны үлгі етіп, насихаттау – ләзім іс. Мешітке келушілердің көбеюіне байланысты үшінші мешіт салып берсе дейді жамағат. Аталған мешіттің жұрнағы Бейбітшілік даңғылы 25 «А» мекенжайынан қарастырылмақ.

– Мешіт жамағаттарының да саны артқан. Көпшілік жаңа мешіт Бейбітшілік даңғылындағы 25 «А» мекенжайынан ашу қажет екенін айтып жүр. Бұл іске білек сыбана кірісуге әзір кәсіпкерлер де бар. Бүгінгі таңда осы мекенжай бойынша орын анықталды. Бұл жерде бұрын жанар-жағар май құю станциясы болған. Айналасы бос. Құрылыс жүргізуге қажет жағдайлар бар. Басты талап – көпшіліктің қолдауын және құзырлы органдардың рұқсатын алу, – дейді қалалық мәслихат депутаты Нұрхан Нұрмаханов.

Жаңа мешіттің құрылысына бюджеттен бір тиын да жұмсалмайды. Шығындарды кәсіпкерлер толықтай өз мойындарына алып, жұмысты соңына дейін жеткізбек. Жоспар бойынша, мешіт шағын, 250-300 адамдық болады.

– Жамағаттарымыздың саны артып келеді. Жұма намаздарда мешітке сыймай қалатын кездері де бар. Сондықтан, жаңа мешіт қажет деген пікірдеміз. Әрі оның шағын болғаны да дұрыс. Өйткені, мешіт өз шығындарын толықтай өзі өтейді. Үлкен мешіттің коммуналдық шығындары көп болатынын білесіздер. Ұстап тұру қиын. Ал, шағын мешіттер бұл тұрғыдан алғанда тиімді әрі халыққа да қолжетімді, – дейді Жақып Ақбай мешітінің бас имамы Жанболат Қошкелді.

Айтқанының бәрі оң, жазғанының бәрі жөн жамағаттың қоғамдық тыңдалым нәтижесінде мешіт ашу бастамасы бірауыздан қолдау тапты. Жиын хаттамасы мен қатысқан 90 адамның қолы қойылған қағаздар рұқсат алу үшін тиісті мемлекеттік мекемелерге жолданыпты.

Мешіт салғанды қолдаймыз. Тек, қазақы қалып, ұлттық болмыс, үздік үлгі көрсете білсе, мешітіміз жас буынға ұлттық реңк қалыптастыратын мектепке айналса дейміз. Өйткені, намазын қаза қылмайтын жұрттың, ниеті де таза боларына сенеміз, жоқ, білеміз.

Әділет ШОПЕН
ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button