Жаңалықтар

Құрылыс – қарқынды, мәселе де жетерлік…

Баспана, мектеп, балабақша, спорттық нысандар облыс аумағында көптеп салынуда. Бірақ, мәселе де жеткілікті. Оған қазіргі уақыттағы құрылысқа арналған заттардың қымбаттауы мен мердігер компаниялардың салғырттығы да әсер етуде. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал ЖАЙЛЫБАЕВ аймақ журналистерімен өткен онлайн-кездесуде айтты.

Абзал Әліпұлы алдымен облыста жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен таныстырып өтті.

– 2020 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны – 25,8%-ға өсті. 8 әлеуметтік маңызы бар нысан, оның ішінде, екі дәрігерлік амбулатория, екі мектеп, екі әкімшілік ғимарат және Бірыңғай үйлестіру орталығы пайдалануға берілді.

34 нысанның құрылысы жүргізілуде. Олардың арасында, Қарағанды және Сәтбаев қалаларындағы 4 мектеп, «Жошыхан» тарихи-мәдени кешені, 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, жаттығу залы бар 2 бассейн, медициналық жедел жәрдемнің 2 қосалқы станциясы бар. Сонымен қатар, 31 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталмақ. Өткен жылы 6,4 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Тұрғын үйді пайдалануға беру 25,8%-ға өсті. Тұрғын үй қоры 529,5 мың шаршы метрге ұлғайды. Биыл барлық қаржыландыру көздерінен тұрғын үйді пайдалануға беруді 529,5 мың шаршы метрден 700 мың шаршы метрге ұлғайту, мемлекеттік қаражат есебінен пәтерлерді беруді 2,9 мың пәтерге дейін арттыру міндеттері қойылып отыр, – деп есеп берді басқарма басшысы.

Журналистер құрылысқа арналған заттардың қымбаттауы баспана бағасының өсуіне әкеліп соқпай ма деген алаңдаушылығын жеткізді. Себебі, жыл басынан бері құрылыс материалдарының құны орта есеппен 40%-ға өскен. Абзал Жайлыбаев: «Иә, қазір қымбатшылық құрылыс материалдарына да қатты әсер етуде. Осыдан тұрғын үй бағасы өсуі байқалады. Қарағанды облысы астанаға жақын болғандықтан, сол жердегідей баға бізге де келеді. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін пәтердің бір текше метрі 240 мың теңге болды. Бұл – «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлердің бағасы. Республикалық бюджеттен, қалған ақша жергілікті бюджеттен төленіп келді. Қазір Мәжілісте бұл несиелік тұрғын үй бағасының өсуі қаралып жатыр. Елордадағы баға тұрақсыз, онда бұл бағдарламамен салынып жатқан баспананың бір шаршы метрі 340 мың теңгеден асып та кетті. Сондықтан, біздің облыста да бұл баға өседі», – деп жауап берді.

Жиында тендердегі келеңсіздік те сөз болды. Бұл туралы басқарма басшысы: «Иә, бір нысанды салу үшін тендер өтеді. Ең арзан баға қойған компания ұтып алады. Кейбір «құрылысты бастаймыз» деп келген фирмалардың не жұмыс істейтін адамдары, не болмаса арнайы техникасы да болмайды. Бұл көбіне облыстан тыс аймақтан тендерге қатысқандар. Бір ғана қағазы мен қаламы ғана болады. Осынын кесірінен жұмыс жүрмей жатады», – деп анығын айтты.

Сонымен қатар, мұндай жағдай алдағы уақытта қайталанбауы үшін арнайы комиссия құрылатынын жеткізді. «Бұған дейін қала құрылысы кеңесі жұмыс істеген болатын, бірақ, 2017 жылы жабылып қалды. Қазіргі талапқа сай құрылысты қадағалайтын ұйымды қайта құрмақпыз. Оған журналистерді, блогерлерді, қоғам белсенділерін тартпақпыз. Өйткені, енді тендер өткізуден бастап, құрылыс бітіп, оны тапсыруға дейінгі жұмыстар ашық болады. Тендерді қанша ақшамен ұтты, қанша жұмыскері мен арнайы техникасы бар, қандай материал алды, оған қанша жұмсады, құрылысшыға қанша теңге төленді, бәрі де сол құрылатын кеңес немесе комиссияның тексеруінде болады. Бұрынғыдай, «бұл жекеменшік жер, кіруге болмайды» деген сөзге тыйым салынады», – дейді басқарма басшысы.

«Жұмысымыз ашық болады» деген басқарма басшысы құрылыс саласында қандай сұрақ туындаса да тікелей жауап беретіндігін тілге тиек етті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button