Құрылысқа қалай «сақал шықты?»

Бұл «не деген сөз?» дейтін шығарсыз. «Құрылыстағы қайдағы шоқша сақал?» деген де сұрақ туындар. Бұл, енді ресми атау емес. Халықтың ашынғанда қойғаны. Адам, негізі жасы келгенде немесе сәндікке қойса сақалды, құрылысқа бұл атау еріксіз таңылды. Қарағандыда да ғана емес, жалпы өңірімізде «сақал шыққан» құрылыс алыстан менмұндалайды…

«Бесоба синдромы»

Қаланың да, ауылдың да сәнін келтіретін – құрылыс. Әдемі салынған үйлерді көрсек, көңілге қуаныш ұялары сөзсіз. Ал, құрылысы басталып, жылдар бойы не бітпей, не бұзылмай тұрған нысанды көрсеңіз қандай күйде боласыз? Жұрт өзгені ұмытса да, 2009 жылы тұрғызылып, 2012 жылы қалың елдің көз алдында бір сәтте опырылып түскен «Бесоба» тұрғын үй кешенін әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кешеннің орнына салынған «Шапағат» нұрын шашу керек еді. Жоқ. Жартысы бітіп, жартылай жалаңаш күйі әлі тұр. Бұл туралы газетімізге де жазылды. Құрылыста қимыл жоғына қарағанда, құлаққағыс үшін әлі де жаза беретін сияқтымыз. Айтпақшы, бүкіл елді дүрліктірген «Бесобаның» күйреуі жаңа терминді тудырды. «Бесоба синдромы». Ауыр да болса айтылар сөз. Қазір не құлағалы, не дұрыс салынбаған тұрғын үйлерге осы терминді телу сәнге айналды.

Құрылысшыға төленер ақы мардымсыз

Тұрғын үйді немесе ғимараттарды салғанда, алдын ала құрылысқа кететін қаржы есептеліп бекітілетіні айтпаса да белгілі. Ал, жекеменшік пен бюджеттік мекеменің жұмыскерге төлейтін ақысы жер мен көктей. Алайда, бастапқыда мемлекеттік құрылысқа да смета жасалғанда жақсы баға қойылады. Бас мердігер компанияның қойған бағасы ортада жүрген екі-үш делдалдың кесірінен «ортая» береді. Ақырында, барлық қиындықты көріп, қысқы аязда тоңып, жазғы аптапта күнге күйіп жұмыс істейтін құрылысшы қалған мардымсыз ақшаға алданыш табады. Осыдан кейін қалай біз мемлекет салған құрылыстан сапа іздейміз? Не құрылысты жақсы білетін маманы жоқ, не құрылыстан хабары жоқ делдал жүрген жер оңбайтыны тағы бар…

Құрылысқа біршама уақытын берген азулы мамандар мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан үйлерге жоламайды. Неге? Өйткені, олардың ауызы күйген. «Мен, бастапқыда құрылыс саласына келгенде, осындай бюджеттік мекемеден бастадым. Қолымды жаттықтырдым. Қазір жеке үйлерде жұмыс істеймін. Неге кеттім? Соған жауап берейін. Мысалы, бір ғана үйді әрлеуді алайық, бюджеттік мекемеде бір шаршы метрді 500 теңгеге істесем, жекеменшік үйде 1000-1500 теңге. Қайсы ұтымды? Әрине, мен екі жерде де бірдей тер төгемін. Сондықтан, жекеменшік үй пайдалы емес пе?», – дейді құрылысшы Жанболат Солткей.

Ат қоймағанда қайтеді…

Жеке адамдар өзі жүргізіп жатқан құрылысына өз бағасын қойса да, мемлекеттік бағадан алшақ кетпейді. Ол әр құрылысшыға белгілі. Бізде қазір қазынаның қаржысына салынған ғимараттар халықтың бақылауында болмауы да осыған әкеліп тірейтіні рас. Жұрт қалай бақыласын, «бұл жерде жүруге болмайды», «бөтен адамға рұқсат жоқ», деп құрылыс салынып жатқан нысанға басқызбаса? Ал, іздей қалсаңыз, құрылыс басында мердігер төбе көрсетпейді. Тіпті, оларды іздеп табудың өзі қиынға соғып жатады. Кейде қолыңа май шам алып іздесең де көзге түсе қоймайды. Өйткені, жауапкершілік дегенге жүрдім-бардым қарайды олар. Соның салдарынан қаншама адам сарсыла күтіп жүрген ғимараттардың пайдалануға берілу мерзімі ұзаққа созылып, ол көпшіліктің ренішіне алып келеді. Содан халық оған «сақалды» құрылыс деп ат қоймағанда қайтеді?

Сылтау көп…

Мұндай жағдай өңірдің қай бөлігінде болса да кездеседі. Қазына қаржысына салынып жатқан ғимарат құрылысын созбалаңға салған құрылыс компаниялары осылайша алшаңдап жүре бере ме? Олар құрылысты кешіктіру себебіне түрліше сылтау айтады. «Қаржы бөлінбей жатыр», «Құрылыс заттары қымбаттап кетті» деп тағы да бір ақталады. Мойнына міндет етіп алғаннан кейін, мұндай кірбің саларлық жағдайға ұрынбауы қажет еді. Алайда, олардың бойында жауапкершілік болмай жататыны қынжылтады. Ең алдымен адамгершілік мәселесі көрініп қалады осы жерде.

Облыста «сақалды» құрылыс азайды. Дегенмен, «Шапағат», «Трилистник» тұрғын үй кешендері қала көркін ғана емес осы үйдегі пәтерлерден дәмелі, бітпеген құрылысқа ақшасын салып қойған (бәзбіреуі жаңа пәтер аламын деп баспанасын сатып, үй жалдап қарызға белшелерінен батуда) болашақ тұрғындардың көңілін түсіріп тұр…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.