Жаңалықтар

Рухтың жоғалмауы – басты қағида

Бүгінгі таңда жастардың шет мемлекеттерде білім алуына көп көңіл бөлінуде. Осы бағытта Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті студенттердің ғана емес, сонымен бірге оқытушылардың да білімін шыңдауға мүмкіндік береді. Жыл сайын Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің студенттері мен оқытушылары шетелде тағылымдамадан өтеді.

Жақында ҚарМУ факультеттерінің 11 оқытушысы Чехия елінің Прага қаласынан тағылымдамадан өтіп келді. Олар JIPKA институтындағы тілдік курстарда біліктілік арттырды. Аталмыш бағдарлама қай жағынан алсақ та қызықты. Тілді меңгеру барысында, біз өзге елдің тілдік дағдыларымен бірге мәдениетін, салтдәстүрлерін зерделедік. Нәтижесінде жергілікті дәстүрлер және мәдениет ерекшеліктерімен таныстық. Тілдік курстарда білім алушы оқытушылардың оқу ақысы, күнделікті тіршілігіне қажетті қаражат университет есебінен жұмсалды.

Еуропалық оқытушылардың сабақта қолданатын амалдары біршама өзгеше. Тілмен байланысты сабақтар ол жақта көбінесе қызықты сұхбат түрінде өткізіледі. Сондай-ақ, оқу үрдісіне топтың барлық қатысушылары араласады.

Чехияда біз орыс тілін жақсы меңгерген ересек адамдарды көп кездестірдік. Жастар қауымының көпшілігі ағылшын тілінде сөйлейді. Чех тілі өте ерекше және құлаққа жағымды естіледі. Кейбір тіркестердің мағынасын бірден түсінуге болады. Қалада кез келген уақытта айналысатын істі табуға болады. Көптеген мәдени ескерткіштер, ежелгі құрылыстар мен көрікті жерлер, түрлі спорт ғимараттары бар. Мейрамхана бизнесі жақсы дамыған. Мұражайлар көп және туризм мәселесі ұтымды ұйымдастырылған. Жергілікті тұрғындар өте қонақжай және әрдайым көмектесуге дайын. Осының бәрін зерттей келе, біздің шетелден білім алудағы мақсатымыз – тәжірибеде түйгенімізді студенттерімізге үйрету болды.

Гүлнар ТЫНБАЕВА,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың шетел тілдері кафедрасының оқытушысы.

Басқа материалдар

Back to top button