Рухани түлеу қаріптен басталады
Қарағанды қаласының білім бөлімінің жоспарына сәйкес №74 жалпы білім беретін орта мектеп базасында «Латын әліпбиі – мәңгілік елдің рухани жаңғыруы» атты дөңгелек үстел өтті.
Қарағанды қаласы білім бөлімінің әдіскері Г.Жаркеева, №74 орта мектеп директоры Н.Нұртаева және аталмыш мектептің қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімдері ұйымдастырған дөңгелек үстел мақсаты – қазақ жазуын латын әліпбиіне көшірілуін насихаттау.
Дөңгелек үстелге шақырылған жоғарғы оқу орындарының оқытушылары білікті лингвист, әдебиетшілер, тарихшы мамандар және қоғам қайраткерлері Мұхамедқали Баймұқанов, Жандос Қожахметұлы, Ғазиза Смағұлова, Елдос Ерғазыұлы, Үмітжан Қараманова, Азат Серікхан, ардагер ұстаз Тілеуғалы Әміртаев латын әліпбиінің бекітілген жаңа нұсқасын талдай отырып, жалпы латын қарпіне көшудің тиімді жақтарын тілге тиек етті. ҚарМУ-дың оқытушылары Жандос Смағұлов пен Елдос Ерғазыұлы ғылыми тұрғыдан өз көзқарастарын білдіре келіп, оқушылар мен мектеп мұғалімдері тарапынан қойылған сұрақтарға сүбелі жауап қайтара білді. Пікірталасқа түскен барлық зиялы қауым бірауыздан латын қарпіне көшу саясатын қолдайтындарын айтып, оқушылар мен ұстаздарға латын әліпбиін енгізуге қолдау көрсету – әрбір саналы, оқыған қазақстандық үшін абырой екенін атап өтті.
Өз тілшімізден.