Жаңалықтар

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН!

     Қолымызға ердің ерінің аманаты түсті. Елін аманаттаған. Же­рін ама­наттаған. Ерін ама­наттаған. Қы­тай мен СССР сынды екі империяны дірілдеткен Оспанның ама­наты. Ос­панның әскербасы Бүр­кіт­байдың аманаты.

     Біздің ертеңіміз осы ама­натқа байланып тұр-ау…

     Бабалар аманатына адал бо­­лай­ық.

Бүркітбайдың әні

Батыр болып атандым мен Бүркітбай,

Ойладым ба, болам деп дәл осындай,

ой, Ғайша!

Ел-жұртымнан айрылып кетіп барам,

Қайта тұман айығып бір күн шықпай,

ой, Ғайша!

Мінген атым тағалап,

Мұзбен шаптым жағалап,

Шірікшиге келгенде,

Ұстап алды қамалап.

Жауға аттансам батасын берген шешем,

Айрылмастай қасынан көрген шешем,

ой, Ғайша!

Ата жаудың қолына қор боп түсіп,

Аяғына балаңның түсті-ау кісен,

ой, Ғайша!

Долатының басында,

Дөрбелжіннің қасында,

Қолға түсіп қор болдым,

Отыз жеті жасымда.

Асыл жарым Алаштан таңдап алған,

Айырды ғой сенен де мына жалған,

ой, Ғайша!

Ата жауды жеңілген көз көре алмай,

Кетті-ау менің ішімде толған арман,

ой, Ғайша!

Қол-аяғым байлауда,

Қызыл тілім сайрауда.

Мен Ғайшаны алып ем,

Былтыр жазда жайлауда.

Бағилашым артымда қалды бір қыз,

Енді менен, аяулым, күдеріңді үз,

ой, Ғайша!

Ел-жұртымнан айрылып кетіп барам,

Қош-аман бол, жан-жарым, кеттік қой біз, ой, Ғайша!

Түйе құмда жатушы ем,

Жауды көрсем атушы ем,

Жолдас мықты болғанда,

Аман-есен қайтушы ем.

Жолдас болдым алты жыл Оспан батыр,

Атой салып соғысқа елді шақыр,

ой, Ғайша!

Әскер басы жан жолдас Бүркітбайың,

Қапияда ұсталып қолда жатыр,

ой, Ғайша!

Мені іздеп келерсің,

Өлгенімді көрерсің,

Жан-жолдасым, батырым,

Кегімді алып бересің.

Мен өлсем, артымда елім қалды,

Айдын-шалқар, асқар тау, белім қалды,

ой, Ғайша!

Елім үшін өлсем де өкінбеймін,

Кегім алар артымды ерім қалды,

ой, Ғайша!

Қару-жарақ асындым,

Темір сауыт қапсырдым.

Бағила мен Ғайшаны,

Елім, саған тапсырдым.

Мені іздеп келерсің,

Өлгенімді көрерсің,

Жан-жолдасым, батырым,

Кегімді алып бересің.

Оспанның өсиеті

Дариға-ай, бастан дәурен ұшқалы тұр,

Ер Оспан қара жерді-ай құшқалы тұр.

Қайтейін, қызыл тілім байланып тұр,

Алдымда ата-жауым дұшпаным тұр.

Несіне сұм ажалдан жасқанайын,

Мен неге басқа уайым, басқа қайғы?

Туған жер, құшағыңа алшы мені,

Киелі топырағыңды-ай жастанайын.

Болды-ау арман, дүние жалған

Киелі топырағыңды жастанайын.

Дүние-ай, бізден-дағы қалар болды,

Жаратқан Оспан құлын алар болды.

Жұртыма жан айқайым жетер ме екен,

Жан алғыш жағама қол салар болды.

Жалған-ай, арман болған ақ таңым-ай,

Күнімнің қас-қағымда батқаны ма-ай?

Жерімді жат қолына берме, Құдай,

Елімді есен-аман сақта, Құдай!

Болды-ау арман, дүние жалған

Елімді есен-аман сақта, Құдай.

Ұлың құл, қызың күң боп өтпесе екен,

Басыңнан бақыт құсы кетпесе екен.

Қор болып бордай тозған сорлы қазақ,

Көл қылып көздің жасын төкпесе екен.

Тәңірден бармақтай-ақ бақ сұрадым,

Қу соғыс жалмап кетті-ай жақсыларын.

Жерімді елім саған аманаттап,

Елімді ерім саған тапсырамын.

Болды-ау арман, дүние жалған

Елімді, елім, саған тапсырамын.

Тәуелді-ай, сауық құрып сайрандаған,

Ту ұстап қол бастаған қайран заман…

Кек қалды-ай ата-жаудан алынбаған,

Қынапта қылыш қалды-ай қайралмаған…

Бабамның басқа жұртта басы қалды,

Анамның тұлақ толып жасы қалды.

Қош енді, қайран елім, қайран жерім,

Оспанның өсиеті осы болды.

Болды-ау арман, дүние жалған

Оспанның соңғы демі-ай осы болды.

Төрехан МАЙБАС

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button