Қарағандыда ерлі-зайыпты орманшылар тұрады
Қанат пен Раушан Шаменовтер 20 жыл бойы Табиғат-Ананың тыныштығын күзетіп келеді. Тихоновский күзет бекетінде тұрып, жасыл желектің амандығын күн сайын бақылауда ұстайды. Ерлі-зайыптылар орманда тілсіз жаудың тұтанбауын да, заңсыз желектің балталанбауын да қадағалайды.

Шалғайдағы тұрмысқа әбден бейімделген отбасы үй шаруасын да қатар алып жүр. Бірнеше ешкі ұстап, сүтінен май, құрт секілді тағамдар дайындайды. Күнделікті жұмыстары таң атпай басталады.
– Біз таңертең ерте тұрып, орман соқпақтарын аралап шығамыз. Түтіннің, сөнбеген оттың бар-жоғын тексереміз. Демалушыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын ескертіп, тазалық пен тәртіптің сақталуын қадағалаймыз. Осы салада жиған тәжірибемізге сүйене айтсақ, бүгінде демалушылардың ішкі мәдениеті артқан. Олар тазалыққа және қауіпсіздікке мән береді, – дейді орманшы Раушан Шаменова.
Орманшылар, әсіресе, жаз айларында сақтықты күшейтеді.Құрғақ шөпке түскен бір ұшқынның өзі үлкен өртке себеп болуы мүмкін. Сондықтан, мамандар күн сайын бірнеше бағыт бойынша кезекшілік атқарып, қауіпті жағдайлардың алдын алуға тырысады.
Дегенмен, орманды қорғау тек өрт қауіпсіздігімен шектелмейді. Жас көшеттерді заңсыз шабудан сақтау, зиянкестермен күресу, орман қорын бақылау да осы мамандардың міндеті.
– Көпшілік орманшыны тек ағаш қорғаушы деп ойлайды. Бірақ, шындығында олар орманның барлық экожүйесіне жауапты. Ағаш егеміз, орманның зиянкестерімен күресеміз, қысты күні аң- құстарға азық тауып беріп, тұз саламыз, әрбір жануар мен өсімдікті қызғыштай қоримыз, – деді орманшы Қанат Шаменов.
Қарағанды облысында орман және жануарлар дүниесін қорғау жұмыстарын бес орманшылық атқарады. Олар – Қарағанды, Питомниктік, Пригородное, Молодежное және Белағаш. Мемлекеттік орман қорының аумағы 27 мың гектарды құрайды. Оның 11 мың гектары ағаш өскен алқапқа тиесілі. Осындай ауқымды аумақты қорғауда әр маманның еңбегі маңызды.
– Бұл отбасының табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілігі қоршаған ортаны сақтауға ықпалын тигізіп жатыр. Қызметтеріне адал. Орманға қамқорлық жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Орман – халықтың баға жетпес байлығы, жауһары, денсаулығы, – деді орманды қорғау және күзету инженері Тамерлан Елубаев.
Шаменовтер отбасы таңды орман арасындағы тыныштықта қарсы алып, күнін табиғаттың амандығын бақылаумен өткізеді. Көзге бірден байқала бермейтін осы жұмыс талай қатердің бетін қайтаруға сеп.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



