Өмірі мен қауіпсіздігі құнды
Еңбек адамының құқығы мен қауіпсіздігін қорғау, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және еңбек жағдайларын жақсарту жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үнемі назарында. Бұл талаптың тау-кен өндірісіне тікелей қатысы бар. Жер қойнауындағы қара алтынды ел игілігіне жаратуға барын салатын кеншінің еңбегі қандай құрметке лайық болса, оның өмірі мен қауіпсіздігі де сонша қымбат. Бүгінде көмір өнеркәсібінде өндіріс көлемін арттырумен қатар, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, шахталарды жаңғыртуға және заманауи технологияларды енгізуге басымдық берілді.

Шахтер еңбегінің күрделілігі мен қауіптілігі өндірістегі қауіпсіздікке ерекше талап қояды. Жер астындағы жұмыста кез келген тәуекелдің алдын алу, еңбек жағдайын жақсарту және жұмысшының өмірін қорғау – негізгі міндет.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мәди Әлжанның айтуынша, жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, кәсіптік тәуекелдерді бағалап, олардың алдын алуға міндетті.
– Шахтерлердің еңбегі зиянды әрі қауіпті болғандықтан жұмысшылардың қауіпсіздігі ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес, жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кәсіптік тәуекелдерді бағалауға, олардың алдын алу шараларын қабылдауға, жұмысшыларды қауіпсіз жұмыс әдістеріне оқытуға, оларды жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, міндетті медициналық тексерулерді ұйымдастыруға міндетті, – дейді Мәди Исламұлы.
Дерекке сүйенсек, қазір облыстағы көмір кәсіпорындарында еңбек жағдайларын жақсарту, шахталарды техникалық қайта жарақтандыру, жабдықтарды жаңарту, желдету, газды бақылау, байланыс және хабарлау жүйелерін жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Апаттар мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға да айрықша мән берілуде.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шахталардағы жазатайым оқиғалар санының азаюы – қауіпсіздік шараларының нақты нәтижесін көрсетеді. Өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір жолы – заманауи техниканы енгізу. Бұл бағытта «Qarmet» шахталарында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Биылдың басынан бері шахталарға жаңа тау-кен техникасы жеткізілді. Олардың қатарында қашықтан басқарылатын FS 400 тазалау комбайны, 10 Shantui SD-32 бульдозері, 8 КП-21 проходкалық комбайны және жөндеуден өткен FS 300 бар. Сонымен бірге, проходка жұмыстарын жылдам әрі қауіпсіз жүргізуге арналған 70-ке жуық SUPERTURBO бұрғылау қондырғысы жеткізілген.
«Qarmet» баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңғырту жұмыстары өндірістің тиімділігін арттырумен бірге кеншілердің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
Бүгінде «Qarmet» шахталарында қауіпсіздікті бақылаудың цифрлық жүйелері қолданыста. Диспетчерлік-талдау орталығы барлық сегіз шахтаның жұмысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Метан, температура, ылғалдылық, қысым және діріл деңгейін өлшейтін датчиктерден ақпарат нақты уақыт режимінде түседі. Бұл қауіпті жағдайды ерте анықтап, қажетті шараларды жедел қабылдауға жол ашады.
Барлық шахтада армафондар, бейнебақылау және автоматтандырылған медициналық тексеру жүйелері енгізілген. Армафон арқылы кеншінің жер астындағы орналасқан жерін бақылап, онымен байланыс орнатуға болады.
Дерекке сүйенсек, шахталардағы қауіпсіздікті бақылау да цифрландырылуда. Диспетчерлік-талдау орталығы барлық 8 шахтаның жұмысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Метан, температура, ылғалдылық, қысым және діріл деңгейін өлшейтін датчиктерден ақпарат нақты уақытта түседі. Барлық шахтада армафондар, бейнебақылау және автоматтандырылған медициналық тексеру жүйелері енгізілген. Мамандар армафондар арқылы кеншінің жер астындағы орналасуын бақылап, онымен байланыс орнатуға болатынын айтады.
Шахтадағы тағы бір маңызды бағыт – аэрогаздық бақылау мен өртке қарсы жүйелерді жетілдіру. Метанды алдын ала шығару технологиялары да жаңғыртылды. Тентек шахтасында көмір қабатындағы метанды алдын ала шығару бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда.
Мәселен, бір датчик ақауды байқаса, диспетчерлік орталық ақпаратты алып, байланыс жүйесі кеншімен сөйлесуге мүмкіндік береді. Бейнебақылау жағдайды бағалауға көмектеседі. Қажет болса, техника тоқтатылады, адамдар қауіпсіз жерге шығарылады.
Әлемдік тәжірибе де осы көпқабатты қорғаныс қағидатына сүйенеді. Мысалы, Аутралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы көмір шахталарына арналған қауіпсіздік талаптарында метанды үздіксіз бақылау, қауіпті деңгейге жеткенде дабыл беру және кей жағдайда жабдықтың қуатын автоматты түрде ажырату сияқты шаралар қарастырылған.
Сонымен қатар, облыстың көмір кәсіпорындарындағы ұжымдық шарттарда жұмысшыларға бірқатар қосымша әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Оның ішінде, еңбекақыны арттыру, қосымша ақылы демалыс, қысқартылған жұмыс уақыты, түрлі төлемдер мен материалдық көмек, сауықтыру, санаторийлік-курорттық емделу және медициналық қызмет көрсету секілді қолдау шаралары бар.
– Шахтерлердің еңбек жағдайларын жақсарту өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, шахта жабдықтарын жаңартумен қатар, жұмысшыларға қосымша еңбек және әлеуметтік кепілдіктер беруді де қамтиды, – дейді Мәди Әлжан.
Жер астынан көтерілген әр тонна көмірде маңдай тер, кәсіби шеберлік, тәртіп пен үлкен жауапкершілік тұр. Кенші еңбегі – қара жердің қойнауынан басталып, елдің игілігіне ұласатын қасиетті еңбек. Оның қауіпсіздігіне жасалған әр қадам болашаққа жасалған қадам екенін атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»



