«Өркен» өңір мақтанышы

Облыстық білім басқармасына қарасты «Өркен» мамандандырылған мектеп-интернаты бұдан төрт жыл бұрын алғашқы шәкірттерін қабылдады. Биыл қаңтарда 900 оқушыға арналған жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Қазір онда байқау негізінде қабылданған 539 бала білім алуда. Мектепте 23 – оқыту, 2 – технология, 3 – информатика, 15 – интерактивті тақта, 1 – робототехника, 1 IT кабинеті, 2 шеберхана, 1 хореография залы, еңселі акт залы бар. Жаңа үлгіде жабдықталған «STEAM», Greenlab зертханалары, жаһандық құзыреттілік курстарын меңгертуге бағытталған телестудия, «Өркен» медиаорталығы, артстудия, фэшен студия, интеллектум студия кабинеттері, домбыра сыныбы, Абай залы, Абайтану кабинеті, Cooking Club кабинеті, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытатын 4 спорт секциясы мен 6 үйірме жұмыс істейді.

– Мектеп – жастың талантын шыңдап, дананың түлеп ұшар тұғыры. Ұлттың рухани байлығы білімінде болса, ұстанар бағыты – тәрбиесінде. Ал, білімнің сарқылмас кені – мектеп. «Өркен» мамандандырылған мектеп-интернатының миссиясы – Жезқазған аймағының дарынды жеткіншектеріне жан-жақты білім мен тәрбие беруді қамтамасыз ету, зияткер, рухани жағынан дамыған азамат қалыптастыру, мемлекеттік тілде білім беру. Жаратылыстану және математикалық бағытта кәсіби бағдарға негізделген салалық білім беру бағдарламалары оқытылады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетімен, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетімен және Жезқазған тарихи-археологиялық музейімен берік байланыс орнатылған. Оқушылардың денсаулығын сақтау мен сауықтыруға жіті көңіл бөлінеді. Медициналық және психологиялық кабинеттер жұмыс істейді. Оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорт зал, гимнастика залы, баскетбол, футбол алаңдары, демалыс орындары, психологиялық релаксация кабинеті қарастырылған. Сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз ететін соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған 310 орындық асхана бар, – дейді мектеп-интернат директоры Әлия Бәжібаева.

Жоғары санаттағы ұстаз Әлия Сүлейменқызының басшылығымен ізгілікті үлгі тұтқан, сенімді серік еткен, жауапкершілік қасиетімен қаруланған білікті мамандардан тұратын тұрақты педагогикалық ұжым қалыптасқан. Онда 49 мұғалім қызмет атқарады, оның 10-ы педагог-зерттеуші, 2-еуі педагог-сарапшы, 12-сі педагог-модератор, 3-еуі жоғары санатты, 1-еуі бірінші санатты, 1-еуі екінші санатты. «Өзінің уақытын аямай, өзгенің бақытын аялап» жүрген ұстаздар сапалы білім саналы тәртіп беруде. Ж.Қонысова, Г.Тлеубергенова, Д.Раимбекова, Д.Қапарова, Г.Сейтмағанбетова, Ш.Қалиханова, Р.Қонысбаева, В.Қазанғапова, Ж.Ақшалова, Э.Қаратауова, А.Жантенова, Г.Жақыпбекова, А.Лазарева, Н.Шынтасова, Н.Әлмұқан, Г.Ахметова, А.Омарова – әріптестері үлгі тұтқан тәжірибелі ұстаздар.

Мектеп ұжымы жаңа білім мазмұнын меңгерудің функционалдық-семантикалық және коммуникативтік-әрекеттік қыр-сырын күшейтудің жолын қарастырып, жаңашылдық үрдісті оқу үдерісіне батыл енгізуде. Мектептің материалды-техникалық базасын нығайту мақсатында қысқа мерзімде оқу кабинеттері заманауи үлгіде жабдықталды. Мектеп әкімшілігі қазіргі педагогикалық технологиялар және білім сапасын арттыру үшін білімін жетілдіргісі келген мұғалімдер мен оқушыларға қолдау көрсетіп, мүмкіндік жасайды. Оқушылар облыстық пән олимпиадаларына, халықаралық және республикалық байқауларға белсене қатысады. Бірнеше мұғалім республикалық педагогикалық идеялар фестивалінің, облыстық «Бірге оқимыз» жобасының, облыстық семинар мен конференцияның белсенді қатысушысы, облыстық және қалалық кәсіби байқау жеңімпазы. Мектеп-интернат ұжымы – «Болашақ инженерлері», «Робототехника», «Экономика және қаржылық сауаттылық негіздері», «STEAM білім беру» облыстық білім беру жобаларының қатысушысы.

2021 жыл – «Өркен» мектеп-интернатының тарихында өте маңызды әрі қуанышты жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары барысында мектеп-интернатта болды. Президент заманауи құралдармен жабдықталған «Өркен-медиа», өлкетану, домбыра және арт-студия кабинеттерін аралап көріп, педагогтармен және оқушылармен әңгімелесіп, оларға ғылым мен білімнің маңыздылығын айта келе, мемлекетіміздің үлгілі, лайықты, абыройлы азаматтары болып өсулеріне жүрек жарды тілегін білдірді.

Бүгінде мектеп ұжымының алдында ақпаратты, функционалды сауатты, жалпы адамгершілік және ұлттық құндылықтармен қаруланған, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, қоршаған ортаға бейімді, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру мақсаты тұр. Осындай айқын мақсат белгілеген, мысты қала Жезқазғанның төрінен ойып тұрып орын алған, өңірдің мақтанышына айналған «Өркен» мектеп-интернатының ұжымы сапалы білім мен өнегелі тәрбие беретін ізгіліктің ордасына айналған.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.