Реанимобиль тарту етті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» және «Қайырымдылық істер марафоны» жобасы аясында ауданымыздағы ірі «NOVA Цинк» ЖШС Ақжал кентіндегі дәрігерлік-амбулаториялық пунктке тарту жасады. Атап айтқанда, шұғыл медициналық көмек көрсететін «Реанимобиль» көлігін сыйға тартты. Көлік қажетті заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.

Шет ауданы әкімі Мұхит Мұхтаров аудан көлеміндегі қайырымдылық ізгі істердің бастауында жүретін «NOVA Цинк» кәсіпорны басшылығына алғысын білдірді. Өз кезегінде «NOVA Цинк» басшысы Сүйіндік Асан да ақжалдықтарға ақ жарма тілегін арнады. Арнайы шақырылған «NOVA Цинк» ЖШС кеңесшісі Сәкен Қойшанов пен Шет ауданының Құрметті азаматы, кенттің ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Қамбар сөз алып, осынау игілікті іске мұрындық болған барша азаматқа ыстық ықыластарын жеткізді. Реанимобиль реанимациялық және акушерлік жинақтармен, өкпені жасанды желдету аппараттарымен, дефибрилляторлар және басқа да аспаптармен толық қамтамасыз етілген. Дәл осындай көлікті 2019 жылы “Астана моторс” компаниясының басшысы, жерлесіміз меценат Нұрлан Смағұлов Ақадыр кентіндегі ауруханаға сыйға тартқан болатын.

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

Шет ауданы.