Құрбан айт – қайырымдылық мерекесі
Әнет баба атындағы орталық мешітте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкілдігі Құрбан айтқа дайындық барысы туралы баспасөз конференциясын өткізді. Айт күндері мешіт жанында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, қайырымдылық акциялары және рухани шаралар ұйымдастырылмақ.
Баспасөз мәжілісінде Қарағанды облыстық Әнет баба мешітінің наиб имамы Нұржігіт Мұсабеков пен Қарағанды қалалық Әл Машани мешітінің бас имамы Қабылбек Жұмбеков жамағатты мерекелерімен құттықтап, құрбан шалудың мән-маңызына тоқталып өтті.
Айт намазы Қарағанды қаласындағы барлық мешіттерде таңғы сағат 06.30-да оқылады. Осыдан соң арнайы бекітілген орындарда құрбан шалынады. Жиналған ет мұқтаж жандарға тарату үшін мешітке әкелінеді. Айт намазына жиналған жамағатқа тегін тамақ пен сусын таратылады. Барша мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айттың келуін шаттана қарсы алғандар мешіт іргесіндегі жәрмеңкеден қалаған затын сатып алуларына болады. Бұл саудадан түскен қаражаттың барлығы мүмкіндігі шектеулі, көмекке мұқтаж жандарға беріледі.
Тағдырдың жазуымен ата-ана жылуынан айырылған балалар да назардан тыс қалмайды. Облыстық мешітте балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған мерекелік шара ұйымдастырып, сыйлық үлестіріледі.
Мешітке жиналған жамағат қайырымдылық акцияларынан бөлек ұлттық спорт түрлерінен өтетін сайыстарға да қатыса алады. Жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталмақ. Атап айтқанда, Қазақша күрестен: І орын – 70 мың теңге, ІІ – орын 50 мың теңге, ІІІ – орын 30 мың теңге; Арқан тартыс (топта 5 адам): І орын – әр қатысушыға 5 мың теңгеден 25 мың теңге, ІІ орын – әр қатысушыға 3 мың теңгеден 15 мың теңге, ІІІ орын – әр қатысушыға 2 мың теңгеден 10 мың теңге; Аударыспақ: І орын – 70 мың теңге, ІІ орын – 50 мың теңге, ІІІ орын – 30 мың теңге; Қой көтеруден бірінші орынды жеңіп алған азаматқа сыйға қой беріледі.
Құрбан айт – қайырымдылық пен ізгілік мерекесі. Бұл күндері шамасы жеткен әр мұсылман құрбан шалып, Алла алдындағы міндетін өтейді. Құрбандыққа шалынған малдың еті жоқ-жітік, мұқтаж жандарға таратылады. Көмек сұраған жандарға садақа беріліп, ескі жаулық, араздық ұмытылады.
Биыл санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында, құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы орындар бекітілген. Олар:
1. “А.О.Әбішев” ЖК (Резник көшесі, 18).
2. ЖК “Әбішев А.А” (Сәтбаев көшесі, 204/2).
3. “Тұлпар” әмбебап көтермебөлшек сауда базары (Республика даңғ., 72/1).
4. “Бала қажы” мешітінің аумағына қарама-қарсы (К.Маркс көшесінің бұрышы мен Авангард бұрылысы).
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»