ҚР Премьер-Министрі А.Маминге

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Біздің Сізге депутаттық сауал жолдауымызға Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихаты депутаттарының Балқаш көлінің кейінгі жылдары жеделдете таязданып, деңгейі кем дегенде бір жарым метрге төмендегені және бұл өмірлік маңызы бар мәселе қала тұрғындарын қатты алаңдатып отырғаны туралы хаты себеп болып отыр.

Оның үстіне, соңғы жылдары экологтар республикамызда және оның шекарасында орналасқан өзен-көлдердегі судың таяздануы, ластануы немесе тұз деңгейінің көтеріліп жатқаны жайлы жиі-жиі БАҚ-тарда, әлеуметтік желілерде дабыл қағып жүргені көпшілікке белгілі.

Трансшекаралық өзендер суының кеміп кетуінен зардап шегіп отырған табиғи су қоймаларының бірі – Балқаш көлі екені анық.

Көл суының көзге білінбей, біртіндеп азайып келе жатқанын оны зерттеп жүрген экологтар мен гидролог мамандар ғана емес, қазақтың інжу-маржаны Балқашты жағалай қонған, оның қадіріне жетіп, қасиетін түсінген байырғы жұрт та айтуда.

Бұл үрей шақыратын үрдіс адам көзіне көрінбегенімен, біртіндеп үлкен экологиялық қатерге әкелетін проблемаға айналуы әбден мүмкін екендігін, айдыны азаймастай болған Арал теңізінің қасіретті тарихынан жақсы білеміз.

Көлдің бассейніне негізгі келіп құйылатын су көзі – Іле өзені Балқаш көліне жалпы ағып келетін судың 70%-ын құрайды, ал бұл өзеннің негізгі бөлігі бастау алған бетте Қытай Халық Республикасы аумағын кесіп өтеді. Сондықтан да Балқаш көлінің экологиялық тұрақтылығы мен деңгейінің қалыптылығы тікелей Қытай аумағынан келетін судың мөлшеріне байланысты болып отыр.

Трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалануға қатысты Қазақстан мен Қытай арасындағы су қатынастары екі жақты келісіммен регламенттелген.

Алайда, бұл келісімнің кейбір нормалары толыққанды орындалмай жатады. Мұндай жағдай, өз кезегінде, Балқаш көлінің біртіндеп тартылуына әкелуі ықтимал.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурста ры комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мәліметі бойынша Іле өзені ағынының қалыпты нормасы секундына 400-500 (м3/с) текше метр болу керек, алайда бүгінде, ол секундына 306 (м3/с) текше метрді құрап отыр.

Жалпы, Балқаш көлінің экологиялық жағдайын, оның қауіпті деңгейін анықтап, Үкімет назарына ұсынып отыратын жауапты мекемелердің жұмысында бірізділік жоқ. Оның үстіне, соңғы 14 жыл көлемінде көлге қатысты кешенді зерттеу жұмыстары мүлдем дерлік жүргізілмеген. Яғни, көл суының жыл сайын қаншалықты азайып келе жатқанын тап басып айту қиын.

Көкше теңіз – Балқаш көлі тек біздің еліміздің ғана табиғи байлығы емес, бүкіл әлемнің әспеті, қасиетті қазынасы. Сондықтан, осынау елге ырзық, халыққа нәпақа болып отырған экожүйені көздің қарашығындай сақтау және қорғау біз үшін үлкен парыз.

Бұл Балқаш көлі аймағын туризм орталығына айналдыруды белгілеген республикалық маңызы зор бағдарламаны жүзеге асырудың бірден-бір кепілі.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, көтеріліп отырған экологиялық өзекті мәселенің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, Сізден:

– Іле өзенін ұтымды пайдалануға қатысты Келісімді еліміз мүддесіне сай келетіндей етіп одан әрі пысықтауды;

– Балқаш көлін келешек үшін сақтау бойынша нақтыланған арнайы жоспар әзірлеп, көлге қатысты кешенді, терең зерттеулер жүргізе отырып, экологиялық қауіп тәуекелі деңгейін анықтауды;

– Іле өзені арқылы көлге құйылатын су мөлшерін арттырып, үнемдеу үшін өзенге салынған гидромелиоративтік жүйелерді қайта жаңарту мен суарудың заманауи технологияларын енгізуді, сондай-ақ, көлді ластап отырған өнеркәсіптік кәсіпорындардың зиянды төгінділерін қысқарту бойынша қажетті шараларды қабылдауды сұраймыз. Сауалға заңмен белгіленген мерзім ішінде жазбаша түрде жауап беруіңіз сұралады.

Құрметпен, Р.ӘБДІКЕРОВ, С. ЕРШОВ.