Жаңалықтар

«Әр қазақ – менің жалғызым!»

     20170623_085900Арқа төсіндегі ару Астана тағы бір мәрте тарихи жиынға төрін ұсынды. 22-25 маусым күндері кешегі зобалаң шақта алты құрлыққа тарыдай шашылған қандастарымыз Атажұртқа аңсар көңілмен жетіп, сағыныш тербеген жүректердің лүпілі қасиетті Қазақ Елінің Елордасында салтанат құрды. Бұл – Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы. «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне орай ұйымдастырылған алқалы жиынға әлемнің 39 елінен және Қазақстанның барлық өңірлерінен 750 делегат қатысты.

Қарағанды облысынан – 5 делегатпыз. Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ бастаған ресми топта көрнекті ғалым, «Ғасыр адамы» Темірғали КӨКЕТАЕВ, мемлекеттік қызмет ардагері, Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеубек ЗЕЙНЕШОВ, Білім меценаты, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Бекзат АЛТЫНБЕКОВ бар. Осынау зиялы топтың құрамына енгенімді өзіме шексіз бақыт санап, мен де Атажұртты аңсап келген бауырлармен қауышып қайтқан едім. Көргенім мен көңілге түйгенімді көпшілікпен бөлісу – парыз. Көз жүгіртіп, көңіл аударыңыз. Көсіліп көрелік…

Астана – армандар тоғысы

Құрылтайдың алғашқы күнінде шетелдерден келген қандастарымызбен бірге ажарлы Астанаға саяхат жасадық. Бар болғаны 15 жылда ерке Есіл жағасынан жаһан жанарының жауын алар жасампаз қала бой көтерген. Күнде көріп жүрміз, бізге таңсық емес десек те, әлемнің әр қиырынан келген қандастарымызбен қатар жүріп тамашалап, Астана ғажайыптарын тамсана әңгімелегеннің әсері мүлде бөлек екен.

Саяхатымыз «Қазақ Елі» монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Алаң рухтың ордасына айналған дерсің. Ұлы күш бұлқынып тұр. Рух бірлігі, ортақ арман, ортақ мүдде, ортақ мақсат осы алаңға тоғысқан. Астана – шартарапқа шашылған қазынамызды жинап алып, шаттықтан шашу шашқандай салтанатты күйде. Ыстық құшақтар айқасып, енді ажырамасқа серттесіп жатқандай. Қандастар қуанышында шек жоқ. Мәре-сәре.

Шалғайдан келген бауырларымыздың «Әлемнің жетінші кереметіне» баланып жүрген ажарлы Астананың базарлы шағына тамсана қарап, таңғажайыпқа таңданып жүргенін көрудің өзі бір ғанибет екен.

Ерәшім РУСТАМОВ, Өзбекстаннан келген бауырымыз:

– Астанаға бұған дейін де бірнеше рет келгенмін. Бұл шаһар – тағдыр талайымен жер шарының түпкір-түпкіріне тарыдай шашылған барша қазақтың қарашаңырағы. Атажұртты аңсап жеткенде ат басын тірейтін қасиеті шаңырағымыз болғандықтан, біздер сыртта жүрсек те, қара шаңырағымыздың келбетті мен ажарының келісті болғанын қалаймыз. Сәт сайын өркен жайып, гүлденіп келе жатқан Астанамыз – қашанда біздің мақтанышымыз. Менің соңғы рет келіп-кеткеніме көп уақыт өте қойған жоқ. Сонда да, Астана адам танымастай өзгерген екен. Елбасы, әлемдегі барша қазақтардың көсбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа рахмет!

Жалғыз Ерәшім аға емес, атажұртта алшаң басқан әр қандасымыздың көңіл көкжиегіне ұялаған сезім – осы. Барлығының пейілінен де, лебізінен де сағыныштың жұпары аңқиды.

Түс ауған шақта «Қазанат» атшабарына қоныс тепкен этноауылға тоқтадық. Бұл жердегі әсерді тілмен айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Жаңа ғана зәулім үйлері көк тіреген Астанада – ХХІ ғасырдағы ең әсем қалада жүрген едік. Қазір, бірнеше ғасырға шегініс жасап, көне түркі әлеміне көшіп келгендейміз. Найзасын көкке шаншыған батыр бабалар, хан ордасындай ақ шаңқан үйлер, алтыбақан… Бәрі-бәрі осында. Ән әуелеп, күй күмбірлеп жатыр. Құрылтай қонақтарынан басқа да халық нөпірі – қалың. Делебең демігіп тұрғанын сезесің…

Тілеубек ЗЕЙНЕШОВ, мемлекеттік қызмет ардагері, Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Елордамыздың талай таңғажайыбын тамашалап жүрміз ғой. Жақында ғана қала ардагерлерімен «ЭКСПО-2017» көрмесін де тамашалап кеткенмін. Ал, мына ауыл мүлде ғажап екен. Дала өркениетінің көрмесі ғой мынау! Бұл қалашықты нағыз ұлттық қасиетіміздің ордасы деуге болады. Осы идеяның авторы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлына мың да бір алғыс! «Дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей» жоба дайындаған екен. Ризамын!

Түркиядан келген қандасымыз, таэквандодан Түркия чемпионы Кәрім ІЛИЯСПЕН аз-кем мәслихат құрудың сәті осы жерде түсе кетсін.

– Мен атажұртымның бас қаласына алты құрлық назар аударған шақта, яғни, «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде келгеніме өте қуаныштымын. Ал, мына этноауылдың әсері мүлде бөлек. Ғажайыптар әлеміне еніп кеткендеймін. Ата дәстүрімізді ұмытпай, көшпелілер өркениетінің деңгейін жақсы білгенімізбен, біздер еуропалық стилдегі мемлекетте тұрып жатырмыз ғой. Ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы таңсық бізге. Соның тамаша үлгісін көріп, бір жасап қалдық. Құрылтай бағдарламасына осындай саяхаттық бағдарламалар енгізген Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығы басшыларына рахмет! – дейді Кәрім бауырымыз ағынан жарылып. Байрақты бәсекелерге қатыса жүріп, әлемнің талай елдерін аралағанын, бірақ, ешбір елден дәл мұндай керемет кездестірмегенін де жасыра алмады.

…Күн ұясына еңкейген шақта «Астана-Опера» театрының кермесіне ат байладық. Бағдарлама бойынша театрда «Қыз Жібек» қойылымын тамашалаймыз. Тамашаладық. Озық үлгіде салынған театр ғимаратын да, классикалық қойылымды да. Ғимарат сәулетіне тамсанып, қойылым мазмұнынан рухани ләззат алып шықтық.

Темірғали КӨКЕТАЕВ, Қарағанды облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, «Ғасыр адамы», профессор:

– Мен – Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайына қатысқан адаммын. Жұмыр жерді мекендеген қазақ баласы үшін бұдан асқан той жоқ. Қауышу, табысу, сырласу… Мұның барлығы ерекше ғанибет дүниелер. Бағдарламамен танысқан сәтте «Қыз Жібек» қойылымын көріп, балаша қуанған едім. Әрі Жібек ролін Майра Мұхамедқызының сомдауында тамашалауды армандап жүргенмін. Соның сәті бүгін түсті. Қойылымнан ұмытылмас әсер алдым. Майра қарындасым шын мәніндегі құбылыс қой.

Армандар тоғысы – Астанадағы Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайының алғашқы күні осылай қорытындыланды.

Рухани бірлікпен – рухани жаңғыруға

23 маусым. Тәуелсіздік Сарайы. Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы. Атажұрт төріндегі алқалы жиынға ҚР Президенті, Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының төралқа Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қатысты.

Асыл мұратымызды тоғыстырған мәртебелі жиында сөз алған Мемлекет басшысы алыс-жақын шетелдерден келген делегаттар мен құрылтай қонақтарын құттықтап, Тәуелсіздіктің ширек ғасырында қол жеткізген жетістіктеріміз бен бағындырған белестеріміз туралы баяндады.

– Ардақты ағайын! Құрметті бауырлар! Дүниежүзі қазақтарының  V құрылтайына келген баршаңызға исі қазақтың Атажұрты – Қазақ еліне, оның бас ордасы – Астанаға қош келдіңіздер деп қуанышымды білдіремін. Қайда жүрсе де, қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ, ол – Қазақ­стан! Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті біздің Ұлы Дала Қазақ еліміз! Бүгінгі басқосуға негізінен жас буын қатысып отыр. Себебі, жас ұрпақ түбі, негізі қазақ екенін ешқашан ұмытпайды. Сол үшін ата-аналарына алғыс айтамыз. Олар туған елімен байланысын нығайтып, ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпауға тырысады. Мұның астарында Атажұртқа деген мәңгілік сағыныштың, кіршіксіз махаббаттың оты маздап тұрғанын біздер жақсы сезінеміз, – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл құрылтайдың «ЭКСПО-2017» көрмесімен орайлас ұйымдастырылып отырғанын тілге тиек етті. Өйткені, Қазақстан «ЭКСПО» Халықаралық көрмесін өткізу мәртебесіне ие болу арқылы әлем назарын өзіне аудартып отыр. Қазақстан ұсынған жасыл экономика, энергияның баламалы көзі бойынша инновациялық жобалары адамзат тарихындағы елеулі оқиға болғаны ақиқат. Ал, бұл дегеніміз жер шарының әр қиырындағы исі қазақ баласы үшін мақтаныш сезімін тудырса керек!

– Біз қандас бауырларымыз Атажұртының бүгінгі келбетін көріп, марқайсын, ой түйсін деп, Сіздерді «ЭКСПО» көрмесіне орай шақырдық. Бар болғаны 15 жылдың ішінде бой көтеріп, әлемді таңғалдырған елордамыз – Астананың өсіп-өркендеп жатқанын көрсін, қуансын деп ойладық. Кеше жаңадан салынған опера театрында болдыңыздар. Қазақстанның көркейген бас ордасын көрдіңіздер. Мұндағы мақсатымыз – Сіздердің аңсар көңілдеріңіздің мауқын басу, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдеріңізді еселеу, – деді ҚР Президенті.

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның тәуекел қадамдары да қамтылды Елбасы баяндамасында.

– Алғашқы құрылтайдан бері, міне, 25 жыл өтті. Адам бастан кешпеген қиындықтарды көрдік. ХХ ғасырда қазақтың басынан өтпеген зұлмат жоқ. Бірақ, Тәуелсіздіктің 25 жылы да оңай болған жоқ. Ресей патшалығы мен Кеңес Одағының қол астында 150 жылдан артық уақыт бодан болдық. Осыдан тура 25 жыл бұрын экономикамыз тұралап, 2 млн. адам жұмыссыз босып қалды. Не жалақы, не зейнетақы төлей алмай, бәрін де құр тақырдан бастадық. Дегенмен, күллі қазақтың жұмыла жұдырық болып бірігіп, ел болып жұмыс істеуінің арқасында үлкен табыстарға қол жеткіздік. Жалпы, орташа деңгейде өмір сүретін халықтардың көрсеткішін бағындырдық. 40 пайыздық кедейшілік деңгейін 3 пайызға дейін төмендеттік. Осының барлығында сыртта – елден шалғай жүрсеңіздер де, Сіздердің ақ тілеулеріңіз бен рухани қолдауларыңыз бар екенін ұмытуға тиіс емеспіз, – деді.

Жалпы, құрылтай барысындағы әңгімеге Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласын өзек етті. Мақалада қамтылған рухани жаңғыру бағыттарының негізгілері шеңберінде әлемдегі барша қазақтың рухани бірлігін қамтамасыз ету мүмкіндіктері сараланды. Мәселен, әліпбиімізді латын қарпіне көшіру арқылы Қазақстан бүкіләлемдік технология тілін игеруге бетбұрыс жасайтыны, шетелдердегі қандастарымыз үшін де бұл жобаның барынша тиімді екендігі нақтыланды.

Сонымен қатар, Елбасы Үкіметке «Отандастар» қорын құру, сол қор арқылы Атажұртқа оралу ниеті бар қандастарымыздың көші-қонын оңтайландыруды жүктеді. Қор қоржынын толтыру үшін жергілікті кәсіпкерлерді ізгілікке шақырды.

– Біз кезінде тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған алуан ұлт өкілдерін бауырымызға басып, төрімізді ұсындық. Олардан қолымызда барды аяған жоқпыз. Ал, өз қандастарымызға неге сондай кеңдік танытпаймыз? – деп шегелеген Елбасының игі бастамасы барша қандастарымыздың зор қолдауына ие болды.

Тұрғылықты елдерінен Қазақ­станға келіп, білім алуға ниетті жастарды қолдау мәселесі де ауқымды әңгімеленіп, ел Үкіметіне оларға бөлінетін грант көлемін екі есеге ұлғайту тапсырылды. Сондай-ақ, Атажұртқа келіп кәсібін ашамын дейтін қандастарымызға да қолдау көрсету мәселесінің басы ашылды.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елім, жерім деп еміренген әр қазаққа тарихи Отаны – Қазақстанның есігі әрқашан ашық екендігін де жеткізді. Ол үшін елге оралған әрбір қандасымыздың азаматтығын рәсімдеудегі бюрократиялық үрдістен арылу, барлығын оңтайландыру мәселесін қадап айтты.

Құрылтай мінберіне сөз алып, ақжарма пейілдерін ақтарған қандастарымыз Елбасына шексіз ризашылықтарын білдіріп, Қазақстанның бүгінгі даму қарқынына шынайы бағаларын берді.

Серікбай ҮСЕНОВ, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының директоры:

– Мен білетін бір шындық бар, ол – қазақ даласы тек шеттегі қазақтардың ғана емес, исі түркі әлемінің қарашаңырағы. Атамыз қазақ салтында қарашаңырақты қадірлі баласына ұстатады. Осыны сезінген сайын масаттанып, еліміз және Елбасымызбен мақтанамыз. Іргеде отырған Өзбекстандық ағайындар біз Қазақ елінің тыныс-тіршілігінен хабардармыз. Біздің білетініміз – Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздік алған бұрынғы одақтас елдердің арасынан суырылып алға шықты. Бүгінгі өтіп жатқан құрылтай да, әлемдік маңызы бар халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі де – толайым табыстардың нәтижесі. Дәл қазір әр қазақ рухани тұрғыдан түбегейлі өзгеріп, жан сарайын жаңғыртатын шақ. Осы орайда өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын өзбек тіліне аударып, халыққа таныстырдым. Ел ішінде көптеген басқосулар ұйымдастырып, мақаланың мәнін түсіндірдім.

Жоғары мінберден жолданған тілек те, лебіз де – шынайы. Шеттен келген қандастарымыздың баршасы Қазақстанның бүгінгі тыныс-тіршілігіне марқайып, ертеңіне алаңдайды. Әлемдік деңгейдегі сын-қатерлер мен алуан түрлі дағдарыстардың Қазақстанды айналып өтуін тілейді және солай боларына сенімді. «Назарбаев сынды көреген Көшбасшысы бар ел көш соңында қалмайды!», – дейді олардың дені. Барлық меймандар лебізін, Атажұртты аңсап, аңқасы кепкен ағайынның сағынышты жолдауларын құрылтайға қатысушылар асқан зор ықыласпен қабылдап жатты. Белгілі айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлының қандастарға арнаған отты жыры залды кернеген рухты еселеп жіберді.

Құрылтай соңында ұйымдық мәселелер қаралып, Елбасы осы уақытқа дейін Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығы Төралқа Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Талғат Мамшевқа алғысын айтып, бұл лауазымға Зауытбек Тұрысбековтің кандидатурасын ұсынды. Төраға ұсынысы бірауыздан қабылданып, қауымдастық тізгіні З.Тұрысбековке зор сеніммен тапсырылды.

Ел мерейі –

«ЭКСПО»

Түстен кейін құрылтай делегаттары «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін тамашалады. «ЭКСПО» қалашығы – ертегілер әлемі. Тек қана, жәдігерлері – көне дәуірден емес, болашақтан. «Қала ішінен тұрғызылған қала!» деп тамсанып жатты қандастарымыз. «Нұр Әлем» кешенінен бастап, біршама павильонды аралап шықтық. Ғажап!

Ашылғанына біршама уақыт өтсе де, тамашалауға келгендер нөпірі саябырлай қоймапты. Шетелдіктердің қарасы көп әлі. Біз де қызыл іңірге дейін араладық.

Асылбек РАХАТҰЛЫ, «Моңғол Заман» газетінің Бас редакторы  (Моңғолия):

– Астанаға екі-үш жылда бір келіп тұрамын. Бәрібір жүрегіміздегі Атажұртқа деген сағыныш таусылмайды. Кеше келіп кетсем, бүгін сағынамын. Бұл жолы маған мына «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалау бақыты бұйырды. Баламалы энергия бойынша әлемдік деңгейдегі озық инновациялық жобалар көрмесі қарапайым адамға түсініксіз болуы мүмкін. Бірақ, әлемнің әрбір тұрғыны осы көрмені тамашалау арқылы адамзаттың болашақ тағдырын топшылау, Табиғат-Ананы аялау, энергияның тиімді әрі қолжетімді формасын игеру идеяларын осы жерден табатынына сенімдімін. Оны көре білетін көз, тани білетін талғам керек. Жер шарында энергия тапшылығы сезіліп, проблемалық ахуал белең алған шақта біздің Астана алты құрлыққа ғаламдық проблеманы шешу жолын ұсынып отыр. Бұл көрменің мақсаты – осы. Сол үшін біздер – әлем қазақтары мақтануға тиіспіз!

Иә, «ЭКСПО» – ел мерейі. Осы бір қастерлі сезімді құрылтайға қатысып, «ЭКСПО» көрмесін тамашалаған әрбір қандасымыз сезінді, білем. Ал, оны көзбен көріп, иықтас келе жатқан шетелдік қазақтың жанарындағы жас пен жүрегіндегі мақтанышты сезінудің өзі бақыт екен. Елде жүріп, қолда бар алтынның қадірін біле бермейтін өресіздігімізге өкіндім де…

Елбасының құрылтай салтанатында сөйлеген сөзінде:

– Мен үшін шетте жүрген бауырларға жанашыр болу әр қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген өлең жолын құрылтай мінбесінен әлемдегі әрбір қазаққа жолдаймын! – дегені ойыма шырмала берді. Сабыр Адайдың осы бір өлең жолындағы пәлсапаға терең бойлай бердім. Ауылда жүріп, алауыздыққа бой алдырған бауырлардың жүрегіне осы бір мөп-мөлдір, риясыз сезімді ұялатса ғой дедім…

ЕРСІН МҰСАБЕК.

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button