Бас тақырыпПрезидент

Президент жастармен жүздесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ақордада Президенттің кадр резервіне енген 300 жаспен кездесті. Мемлекет басшысы резервке алынған әрбір жас өздерінің кәсіби құзіретінің деңгейі жоғары екенін көрсетіп, мемлекеттің игілігіне жұмыс істеуге шынайы ұмтылатынын дәлелдегенін атап өтті.

 

Сурет: Ақорда

– Бүгінгі кездесуіміздің мән-маңызы ерекше. Қазақта «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деген жақсы сөз бар. Сіздер Президенттік жастар кадр резервіне өту үшін арнайы бәйгеде бақ сынап, алға шықтыңыздар. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңізге белгілі, кадрлық резерв жасақтау үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл жобаға бүкіл еліміз бойынша 13 мың адам қатысты. Соның ішінен 300 азаматты іріктеп алдық. Науқанға қатысқан барлық қызметкерге ризашылығымды білдіріп, олар назарымызда қалады деп айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастамада білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артатынын атап өтті. Билік пен халық арасындағы өзара сенімді күшейту маңызды міндет екендігін тілге тиек етіп, Қазақстанға мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қажет екенін айтты.

 – Осыған орай «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасы қолға алынды. Мемлекетті басқару жүйесін жаңғырту мақсатымен ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстанның игілігі үшін жасалып отыр. Қазақстанға қоғамның сұранысына сай, тиімді және әділ мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қажет. Бұл ретте ол ең заманауи технологияларды пайдалануға негізделуі тиіс, – деді Президент.

Жиында Мемлекет басшысы жастардың жаңа Қазақстанның дамуына аянбай үлес қосатынына сенімді екенін және жаңғыру процесі ішкі саяси бағыттың негізгі басымдықтарының бірі саналатындықтан, кадр резервін жасақтау жұмысы осымен бітіп қалмайтынын атады.

 – Еліміздің алдында биік мақсаттар тұр. Ең алдымен мемлекетімізді одан әрі өркендетіп, тәуелсіздігімізді нығайтуға тиіспіз. Сондай-ақ, азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылды. Президенттік кадр резервіне енген 300 жеңімпаздың орташа жасы – 31.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button