Бас тақырыпРесми

Президент төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр

Елордамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.  Онда Үкімет еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларының есебін береді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Үкіметке ел дамуының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланады. 

Сурет: kazinform сайтынан

Жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономикалық өсімі 4,5 пайызды құрағанын айтып өтті. 

«Бүгін Үкіметтің кезекті кеңейтілген отырысына жиналып отырмыз. Күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселе бар. Алдымен, өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін қарастырамыз. Жалпы, былтыр жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Атап айтсақ, экономикалық өсім 4,5 пайыз болды. Экономиканың негізгі салаларында өсу қарқыны байқалды. Бұл көрсеткіштердің барлығы халықтың тұрмыс сапасына оң ықпал етеді. Сайлауалды тұғырнамада айтылған міндеттерді орындауымыз керек», – деді  Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтуінше, бұл елімізді орнықты дамуына, халықымыздың әл-ауқатын арттыруға зор серпін береді.

«Қазір осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарды талқылаймыз. Басты мақсат – қолда бар мүмкіндіктерді, әлеуетімізді толық пайдалану», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ал, Үкімет басшысы Асқар Мамин Қазақстандағы экономикалық өсімнің қозғаушы күші болып отырған салаларды атады.

«Жалпы, ел экономикасы тұрақты даму жолында. 2019 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,5 пайызды құрады. Оның 85 пайызы шикізаттық емес салалар есебінен қамтамасыз етілді. Экономикалық өсімнің қозғаушы күштері – құрылыс, сауда, көлік салалары болды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 4,4 пайызды құрады. Бұған негізінен машина жасау саласы, соның ішінде автокөлік жасау, машиналар мен жабдықтар өндірісі, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп үлес қосты. Тау-кен өнеркәсібі 3,7 пайызға өсті. Бұл көрсеткішке металл кенін өндіру көлемін 16 пайызға арттырудың нәтижесінде қол жеткізілді», – деді Асқар Мамин.

Асқар Маминнің хабарлауынша,  негізгі капиталға инвестиция 8,5 пайызға, ал жеке инвестиция 9,5 пайызға өскен.

«Халықтың нақты табысы 5,5 пайызға өсті. 2019 жылы 2,7 млн. адамның жалақысы өсті. Оған ең төменгі жалақыны ұлғайту шарасы негіз болып отыр», – деді ол.

 

Басқа материалдар

Back to top button