Бас тақырыпРесми

Президент сайлауы – тұрақтылық кепілі

Төрткүл дүниенің назары Қазақстанда. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент өкілеттігін тоқтатқан 19 наурыздан бері әлемнің бар назары Қазақстанға ауғаны айдай анық. Өйткені, дәл қазір еліміз дүниежүзілік саясат сахнасының басты кейіпкерінің біріне айналып отыр. Президент өкілеттігін өз еркімен тоқтатқан Елбасының көреген қадамы қазақпен мүдделес, ымыра-ынтымақтағы мемлекеттің бәрін елең еткізгені ақиқат. Себебі, бұл елдердің саяси һәм экономикалық байланысы қазақстандық тұрақтылық феноменін қалыптастырған Мемлекет басшысының есімімен тікелей байланысты еді. Кәдімгі түсінікті тілмен айтқанда, Елбасы – Қазақстанмен арадағы халықаралық қарым-қатынастың кепілі-тін. Сол «кепілдік қалай болар?» деген күмән мемлекетімізбен саяси-экономикалық қатынастағы дүние жүзі мемлекеттерін алаңдатқанын жасыра алмаймыз. Сырт мемлекеттер де айқындықты қалайды. Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылдың 9 маусымында кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдауы – өте маңызды әрі қажетті қадам.

ДЕР КЕЗІНДЕГІ ШЕШІМ

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Үндеуінде «Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз – біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі – мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек.

Сондықтан, елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл – Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек. Ол үшін аталған тағдырлы шешімді қабылдадым» – деді.

Жалпы, бұл сайлаудың дер кезінде қабылданған шешім екенін отандық, шетелдік сарапшылар да мақұлдап отыр. Әлемдегі ахуалдың күрделі кезеңінде бұл аса қажетті қадам екенін атайды. Халыққа да, сыртқы саясат ойыншыларына да нақты сайланған, реформаларды одан әрі жалғастырып, межесіне жеткізетін Президент қажет. Бұл – біріншіден, ел ішіндегі саяси-әлеуметтік, екіншіден – сыртқы-ішкі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететініне сенімді сарапшылар.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Саясаттанушы Айдос Сарым Telegram-каналында экономикалықтан бөлек сайлау өтуі тиіс үш себепті тағы айқындайды. «Транзитке кіруге болады. Бұл – жеңіл. Бірақ, онда тұрақтап қалуымыз мүмкін. Бізге әлемнен оқшауланбау және стратегиялық белгісіздікке тап болмау керек. Бұл екеуі үлкен ойыншылардың ішкі ісімізге араласуына түрткі» дейді саясаткер.

Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық зерттеу бөлімінің жетекшісі Әсел Назарбетова «Президент сайлауын жариялау – Қазақстанда басталған билік транзиті жағдайында күткен оқиға, ол әлемде оң баға алады» деп санайды. Оның айтуынша, қазір халықаралық бақылаушылар, сыртқы ойыншылар мемлекетте айқындықты, жалпыхалықтық сайлау арқылы сайланған Президентті көргісі келеді. Бұл біздің ішкі және сыртқы саясатта тұрақтылық бар екенін тағы да дәлелдей түспек.

ПРЕЗИДЕНТКЕ ҮМІТКЕРЛЕРДІ ҰСЫНУ БАСТАЛДЫ

9 маусымда өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады. Бұл жөнінде ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеген болатын. Комиссия отырысында ол ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы жөніндегі негізгі ісшаралардың күнтізбелік жоспары сайлау туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әзірленгенін айтты. «Науқанның жекелеген кезеңдерінің ұзақтығын айқындау үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 66-1-бабы негізге алынды. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы жөніндегі іс-шараларды өткізу мерзімдерін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Осы жоспарға сәйкес, ҚР Президентінің лауазымына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалғаннан келесі күні, яғни, 2019 жылғы 10 сәуірде басталып, ағымдағы жылдың 28 сәуірінде сағат 18:00-де аяқталады» – деді К.Петров.

ПРЕЗИДЕНТТIККЕ КАНДИДАТТАРДЫ ҰСЫНУ ҚҰҚЫҒЫ КІМДЕ?

Бұл құқық – «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағына сәйкес белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық қоғамдық бiрлестiктерге тиесілі. Ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Кандидаттардың Конституцияда және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестiгiн анықтауды Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшірме, кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшiмен және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатпен бірге ұсынылған кезден бастап бес күн iшiнде жүзеге асырады.

ҮМІТКЕРГЕ ҚАНДАЙ ТАЛАПТАР ҚОЙЫЛАДЫ?

Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңда қойылған талаптар: тумысы бойынша азаматтығы, соңғы 15 жылда Қазақстан Республикасының аумағында тұруы, жоғары білім, 40 жасқа толған болуы, белсенді сайлау құқығы болуы, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесі, мемлекеттік тілді еркін меңгеруі. Президенттікке кандидаттарды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кем дегенде 2/3 бөлігін тең дәрежеде білдіретін сайлаушылардың кем дегенде 1%-ның қолдарын жинаумен расталуы тиіс.

Ал, 2017 жылы Президентке үміткерлер өздерін ұсынуға тыйым салатын заңға қол қойылды.

ҮМІТКЕРГЕ БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫ ЖӘНЕ КАНДИДАТ ТӨЛЕЙТІН ЖАРНА ҚАНША?

ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тіркелген әрбір кандидатқа сайлау науқанын жүргізу үшін бюджеттен 7,5 млн. теңгеден берілетіндігі туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина хабарлайды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 12-бабына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясына сайлау науқанына қажет етілетін шығыстардың (Президенттікке үміткер әрбір кандидатқа бөлінетін шығыс – ред.) болжалды сметасын есептеу өкілеттігі берілген. Ол түзілгеннен кейін Үкіметке ұсынылады. Қаржы бөлу туралы шешімді Үкімет бекітеді. Сайлау кезектен тыс болғаннан кейін бұл қаражат резервтен бөлінеді. Біздің болжалды сметамыз Қаржы министрлігінің қарауынан өтеді. Президенттікке үміткер әрбір кандидатқа бюджеттен шамамен 7,5 млн. теңгеден бөлу керек деп есептеп отырмыз» – деді ол.

«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап төменгі жалақы 42500 теңгені құрады. Соған сай сайлау жарнасының сомасы 2 млн. 125 мыңға тең. Сайлау жарнасы лауазымға сайланған жағдайда болмаса жалпы сайлауда 5 пайыз дауысты жинаған жағдайда кандидатқа қайтарылады» – дейді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button