Бас тақырып

Полиция қызметі – халық сенімінің айнасы

Елбасы Жолдауында «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдау туралы тапсырма беріліп, көптеген міндеттер жүктелді. Бұл – осы саланың қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейтіп отыр. Үлгілі полиция қызметкері қандай болуы тиіс? Күнделікті қоғамдық тәртіпті қырағылықпен қадағалайтын полиция қызметкерінің бейнесі қандай? Полицейлердің қызметіне ғана емес, түр-тұлғасына да сын жиі айтылып жүр. Бұған тәртіп сақшыларының өзі не дейді? Жергілікті тұрғындардың бұл жайлы пікірі қандай? Осы сынды сұраққа мақаламызда жауап іздеп көрдік.

БІЗГЕ ҚАНДАЙ ПОЛИЦИЯ КЕРЕК?

Жалпы, полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Десек те, полиция қызметкерлерінің қызметін бағалау критерийлері қайта қарауды қажет етеді. Бізге ІІМ реформалау тек идеялар мен ұсыныстар жиынтығы ғана емес екенін түсіну керек. Реформаның өзі Грузиядағыдай түбірімен өзгеріс немесе белгілі бір нүктелер ғана өзгеруі мүмкін дегенді білдіреді. Мәселен, Балтық елдері мен Грузиядағы полиция қызметін реформалау кезіндегі жолдары мен тәсілдері баршаға мәлім. Бұл реформалар шыны керек, оңайлықпен іске аспайды. Сондықтан, полиция болмысы қазақ ұлттық полициясына айналуы тиіс. Ол үшін, билеп-төстеуге бейімделген кеңестік милиция тұжырымына тоқтау салып, біржола жерінуіміз қажет. Өйткені, тарихты парақтап, парықтасақ, кеңестік милиция о баста құрылған кезде адамды, адам құқығын, Конституция мен заңды қорғау үшін құрылмағандығын түйсінесің. Олардың басты мақсаты саяси режимді қорғау, соған қарсы шыққандарды аяусыз жаншу, отарлау, күресу болатын. Сол себепті, қазақ полициясы отарлық милицияның ізімен емес, шындықтың жүзіне тік қарап, тәуелсіз елдің азаматтарының арман-мұраты мен мүддесінен туған, отаншыл институтқа айналуы қажет. Туыстықтан  көрі, турашылдықа бет бұрғаны абзал. Мұндай жүйенің әр бағытын біз жан-жақты талдап-талқылап, зерттеуіміз керек. Әйтпесе, полицияның, киімін өзгерткенімізбен пейілін өзгерте алмаймыз.

Қазақстан – адам санына шаққандағы полиция қызметкерлері саны жағынан әлем бойынша алтыншы орында тұрған мемлекет. Оған мысал – «Forbes» журналының зерттеуінде келтірілген деректер. Қазіргі кезде Қазақстандағы күштік құрылым қызметкерлерінің саны қайтадан кеңес заманындағы көрсеткіштерге жеткен екен. Мәселен,100 мың адамға шағар болсақ, елімізде 32,2 прокурор, 12,8 судья, 608,8 полиция қызметкері, 488,2 әскери қызметкер, 35,3 кеденші, 52,1 салық жинаушы, 19,9 қаржы полициясының қызметкері бар. Ал, кеңес заманында 100 мың адамға шаққанда 28,7 прокурор, 3,7 мың судья, 222,6 милиция қызметкері, 1111,8 әскери қызметкер, 18,8 кеденші, 24,7 салық жинаушы, 4 БХСС қызметкері болған екен. Байқағанымыздай кеңес заманынан бері тек әскерилер мен судьялардың саны ғана азайған.

2017 жылғы дерек бойынша облыс көлемінде полицияда 7-8 бөлініс жұмыс атқаруда. Жергілікті полиция қызметінде 3 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оның сегіз жүздейі – учаскелік, 200-ден астамы – ювеналдық полиция инспекторы, сегіз жүз – патрульдік полиция полкі мен облыстық арнайы батальонның сержанттық құрамы. Одан бөлек, табиғатты қорғау полициясы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторлары бар. Жергілікті полиция қызметінің осы қызметкерлері Қарағанды облыстық ІІД жеке құрамының жартысына жуығын құрайды. Бүгінде облыстағы полиция саны 6 мыңға жуықтаған.

Бұл сандарды қарап отырып, тағы да бір ой қылаң береді. Бізге саннан сапаға көшетін кез келген сияқты. Бүгінде Анталиядағы полиция қызметі көптің көңілінен шығуда. Қала ең «ақылды» инновациялық технологиялармен жабдықталған. Шаһардың әр бұрышы мен қуысында – соңғы үлгідегі бейнекамералар. Полиция болу – екінің бірі қол жеткізе бермейтін таңдаулы мамандық. Полиция мен әскери қызметкерлерді тек әуежайдан және мемлекеттік мекемелерден ғана көресің. Заң – өте қатал. Айыппұлдың бағасы да өте жоғары. Содан болар, ешкім артық қадамға барғысы келмейді. Бұл заңды сырттан келгендердің өзі қатаң сақтайды. Сондықтан, полиция қызметіне әскерден кейін орналаса беретін мамандық ретіндегі жүйеден арылту керек. Полиция болу ғарышкер болудың деңгейімен бірдей қол жетпес мамандыққа айналғаны дұрыс. Физикалық және адами тұрғыда мықтылық, білім, кез келген заңды жете меңгеруі қатаң талап етілмей, тың серпіліс болмас. Полиция қызметі мансап пен бақ қуғандар үшін ғажайып баспалдақ емес, әділдікпен жақтас, жемқорлықпен ат құйрығын кесіскен мамандық болу тиіс. Сондықтан, құқық қорғау органдарының кейбір бөлімшелерін оңтайландыру шарасы күтіп тұр. Осы орайда функционалды талдау жасаумен, шетелдік тәжірибені отандық жүйемен салыстыру арқылы нақты қадамдар жасап, полиция қызметкерлерінің қаржылық жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына қатысты дұрыс шешімдер қабылдау – кезек күттірмейтін мәселе. Яғни, саннан сапаға көшу міндеті тұр.

Жұмыстағы басты ұстаным – кішіпейілдік

Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын жандардың бірі жол-патрульдік полиция инспекторы Игнат Ковальчук.

– Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы сымбаты назарға алынған. Ішкі істер департаментінде полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса, кезекті өтетін аттестация бар. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді деген сөз. Әмбебап полицей кейде педагогтың да рөліне еніп кететін жағдайлар болады. Мәселен, жол ережесін бұзған жаяу жүргіншіге «Жолдың белгіленбеген жерінен өту өміріңізге қауіпті, сіз жол ережесін өрескел бұзып тұрсыз», – деп ескерту жасаймыз. Қарсылық танытатындар болады. Ережемен таныстырып, ол өзінің ғана емес, қасындағы баласының да өмірін қатерге тігіп тұрғандығын баса айтамыз. Бүгін анасымен бірге жолдың кез келген жерінен кесіп өткен бала ертең көшеге жалғыз шыға қалса, тап солай анасының қателігін айнытпай қайталары сөзсіз. Міне, осыны жол инспекторы асықпай дәлелдермен түсіндіріп айтамыз. Мұның барлығы адамдардың қауіпсіздігі үшін атқарылатын жұмыс, – дейді Игнат Ковальчук.

Жасыратыны жоқ. Кейбіреуіміз «Шақырғанда келмейді», «дөрекі сөйлеседі», «сылбыр қимылдайды», «дұрыс жауап бермейді» деп сын-ескертпелерді жау- дырамыз. Жалпы, полицияға қатысты бала күннен қалыптасқан қате көзқарас бар. Бізге осы көзқарастан арылатын кез келді. Ал, бір сәт өзімізді сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көрсек, олардың да «ойнап жүрмегенін» түсінген болар едік. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана полицияның міндеті емес, ол – біздердің әрқайсымыздың міндетіміз.

Мысыр елі полицияны қамқоршы көреді

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауынан кейін ел назары – құқық қорғау саласына ауды. Қазір көпшілік «полиция қызметкерлері енді қалай өзгереді?» деп елеңдеп жүргені анық. Осы ретте «Шетелдің полиция қызметкерлері қандай?» деген ойдың қылаң беретіні анық. Шетелдерге шығып, өзге елдің полициясымен бетпе-бет келген жерлестеріміз жалпы сақшылардың мәдениеттілігін айтады.

– Гастрольдік сапармен шетелдерге театрмен шығып тұрамыз. Сонда Еуропа полициясының мәдениетінің жоғарылығын байқап жатамыз. Басымыздан өткен бір жағдай есіме түсіп тұр. Бір жылы Мысырға бардық. Сонда білмей бір жерге суретке түскенімізде сыпайы түрде сөйлеп, «бұл жерге суретке түсуге болмайды» деп ескерту жасап, түсіністікпен қарады. Халықтың полицияға деген құрметі ерекше. Шынын айтқанда, қамқоршы көреді. Бір қызығы сол жолы Мысырда жүргенде бағдаршам көрмедім. Әр көшенің бойында немесе қиылысында полиция қызметкерлері көлік ағынын қолымен реттеп тұрады. Соған қарамастан, бірде-бір көлік апаты болып жатқанын көрмейсің. Біздің елде бағдаршам, бейнекамера тұрса да, көлік апатынан келетін кісі өлімі көп. Мүмкін, бар мәселе жүргізушілердің жауапкершілігінде шығар, – дейді актер Талғат Садықов.

Түйін

Айта берсе, мұндай мысалдар жетіп артылады. Біздің мақсатымыз – полиция құрылымы жұмысының тың беттерін көрсету еді. Қазақстан да жақсыны қабылдап, Грузияның тәжірибесін өзіне пайдалануды жөн көрді. Осының барлығы қайткен күнде сыбайлас жемқорлыққа тоқтау саламыз деген ізденістен туған игі қадамдар екендігі де анық. Ендеше, елдік жолында атқарылар игі істер көп болсын демекпіз.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button