Пілтесіз шырақ жарық шашпайды

Тарих қойнауына енген ХХ ғасырда, бәлкім одан әріде болар, әйтеуір қайбір данышпан: «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» – деп, соңына ғибратты ғақлия қалдырған. Жөн сөз. Алайда, осы тұста «Сол ойшыл айтқандай, адам баласы қазіргі таңда ілім-білімнің қайнар көзі болған кітапты өміріне шамшырақ етіп жүр ме?» деген ой көңіл түпкірінен қылаң береді.

Телефонға телмірген ұрпақ

Бүгінгі заманның келбетіне, қоғам болмысына көз тастап парықтар болсақ, мейлі жас болсын, жасамыс болсын кітап парақтауға деген қызығушылығы мен құлшынысы кеміген. Өйткені, қазіргі таңда кітап оқитын қауым қадау-қадау. «Кітапты мүлде оқымайды» деп барлығына бірдей күйе жағып, топырақ шашпаймыз. Кітапқұмарлар бар. Бірақ, шамалы. Кітапхана жағалайтын қауым тек гуманитарлық бағытта білім алып жүрген жастар, әдебиет пен шығармашылықты төңіректеп жүрген үркердей ғана топ. Кітап оқу үрдісінің мән-маңызынан айырылуына бірден-бір себеп – ақпараттық технологияның қарқын алуы. Бүгінгі технократтық дәуірдегі ақпараттар ағыны алапат. Соған сәйкес, гаджеттер үлкен үстемдікке ие болып, күнделікті тұрмысқа дендеп еніп кетті. Бесіктен белі шықан баладан, еңкейген қарияға дейін қазір смартфонға тәуелді. Әлбетте кез келген жаңалықтың пайдасы мен зияны қатар жүретіні әлімсақтан белгілі. Мәселен, қазіргі қажетті-қажетсіз жаңалықтар адам санасындағы ақпарат кеңістігін қоқысқа толтырып, ойлау қабілетінекері әсерін тигізетінін медицина мамандары мен ғалымдар айтудай-ақ айтып жүр. Өкінішке орай жалғыз қазақ қоғамы ғана емес, тұтас адамзат қауымы интернет пен әлеужелінің құлақ кесті құлына айналып бара жатқаны шындық! Кітаптың электронды нұсқалары, газет-журналдардың ғаламторда сайты мен әлеуметтік желідегі парақшасы бүгінде қол жетімді. Олардың қызметіне жүгіну жастар үшін еш қиындық тудырмасы анық. Ал, үнемі телефонға үңіліп отыруы көзінің нұры тайған егде жастағы жандар үшін қияметтің қайымы. Алайда, біз көбіне қалтафонды әлеуметтік желіні ақтаруға қолданамыз. Орта буын, әсіресе жастар қауымы уақытының басым бөлігін әлдекімдердің ішкен-жегені, киген-мінгені, жүрген-тұрғаны секілді түкке тұрғысыз ақпаратқа жұмсайтынын күнделікті біліп отырмыз. Facebook желісінде болмаса, өзге әлеужелілерде ақын-жазушылардың қоғамды парасаттылыққа, ізгілікке жетелейтін көшелі ой, тұщымды дүниелерін жариялауы некен-саяқ. Осыған қарап-ақ, бүгінгі қазақ қоғамының ой-өресінің деңгейін бажайлауға болады.

«Жастардың сиқы осы…»

Ілгеріде «YouTube» әлеуметтік желісінде «Kuandyk ақша» бағдарламасын көріп, экранның бергі бетінде отырған біздің бетіміздің «оты» шықты. Бағдарламаның негізгі ережесі мынадай: елімізге танымал актер Қуандық Шәкіржанов адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарда жұртшылықтың арасынан кез келген жүргіншіге ұлтымыздың арғы-бергі тарихы мен әдебиеті төңірегінде сұрақтар қояды. Тиісінше, үш сұраққа дұрыс жауап берген адамға Қуандық Шәкіржанов өз қалтасынан 20 мың теңге сыйлық ұсынады. Аталмыш бағдарламаның үш бөлімін бір деммен көріп шықтық. Алайда, қала тұрғындарының арасынан сол 20 мың теңгені ұтқандары некен-саяқ. Сауалнамаға үлкен де, кіші де тартылды. Десе де, дені – жастар. Орта буын жастағы адамдардың өзі мықтағанда екі сұраққа ғана жауап беріп, үшінші сұрақтан сүрініп жатты. Ал, жастар жағы бірінші сұрақтан-ақ мүдірді. Және жүздерінен қысылғанның, қымсынғанның нышаны да байқалмайды. «Тар жол, тайғақ кешу» романының авторы кім?», «Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев қай жерде өмірге келген?», «Қазақстан Тәуелсіздігін қай күні жариялады?» деген сынды, қарапайым сауалдарға «елдің ертеңгі болашағы» деп жүрген жастардың жауап бере алмағанына, қараптан-қарап тұрып қарның ашады екен. Ол – ол ма, Қуандықтың жеңілдік жасап: «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын кім жазды?» – деп, ауыздарына шайнап берген сауалға жауап таппаған жастарға не деуге болады? Міне, бүгінгі «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты…» көше жастарының сиқы осындай. Жауырды жаба тоқығаннан мүйіз шығатын болса, ендігі қарағайдай болар еді. Жақауратудың жөні жоқ. Сөздің шыны сол – өскелең ұрпақ ұлттық құндылық, руханият дегендерге немқұрайлы қарайды. Бойларында ел тарихын, әдет-ғұрпын, әдебиеті мен өнерін білуге деген құлшыныс та, құлық та жоқ. Осы қалыпта кете берсек, енді бір ширек ғасырда мәңгүрт елге айналып кетуіміз бек мүмкін.

P.S.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қазір гаджеттердің айдарынан жел есіп тұр. Қалай қылсақ та оны күнделікті қолданыстан шығарып тастай алмаймыз. Сол себепті де, билік жас ұрпақтың санасына сілкініс жасап, ой-өрісін ашып, таным-талғамын өзгертудің жолдарын қарастырса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана жас буынның бетін дұрыс бағытқа бұрып, бүгінгі көшті түзей аламыз. Әйтпесе, қазіргі біздің тірлігіміз – «Пілтесіз шырақ – жарық шашпастың» кері.

Еркебұлан АЙТЖАН.

АҚТОҒАЙ ауданы.