Вакцинация

Pfizer-ді балаға салуға болады

Балаларды вакциналау мүмкіндігі туралы соңғы кездері ресми айтыла бастады. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі неміс-американдық Pfizer вакцинасының жеткізілуімен қатар, балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салуды жоққа шығармайды. Себебі, Pfizer – 12 жастан асқан балалар мен жасөспірімдерге салуға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан рұқсаты бар әлемдегі жалғыз вакцина. Бұл ретте министрлік балаларға екпе салу тек ата-анасының рұқсатымен ғана жүргізілетіндігін айтуда.

Балаға қатыстының бәрі ата-ананы алаңдататыны рас. Коронавирусқа қарсы вакцинаға бала ағзасының жауапты реакциясы қалай болары белгісіз. Екінші жағынан, күнделікті статистикалық мәліметтер қазір белең алған «дельта» штамм жастар арасында көп таралғанын көрсетеді. Сондықтан, соңғы шешім әрі жауапкершілік ата-ана мойнында болары анық. – Балаларды вакциналау сөзсіз ерікті түрде, ата-анасының келісімімен ғана жүргізілетін болады, – деді бұл туралы сөз қозғаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. – Біз тек қана балаларға екпе салдырту мүмкіндігін береміз. Бізге, министрлікке балаларды қорғау үшін вакцина табу туралы қаншама өтініш келеді. Бірақ, біз қазір мұндай мүмкіндікті тек үлкендерге ғана береміз, балаларға көмектесе алмаймыз. Бұл – ата-ананың таңдау құқығы. Яғни, вакцина алу-алмауды азаматтар өздері шешеді. Дегенмен, біз вакцина алуға шақырамыз, ол көмектеседі. Өкінішке қарай, жаңа штамдар балаларға ауыз салды.

Қазірдің өзінде балалар мен жасөспірімдерге Pfizer вакцинасын салып жатқан елдер бар. Израиль мен АҚШ маусымнан бері 12 жастан асқан балаларға екпе салуда. Франция вакциналауды жаңа оқу жылынан бастаса, Жапония мен Сингапур да балалар мен жасөспірімдерді вакциналауға рұқсат беріпті.

Ведомство басшысының мәлімдеуінше, Pfizer вакцинасы Қазақстанға 2 млн. доза көлемінде биылғы жылдың төртінші тоқсанында жеткізілмек. Бұл ретте министр QazVac-тың балаларға салынбайтынын кесіп айтты. Себебі, ел заңнамасы бойынша балаларға клиникалық зерттеулер жүргізуге тыйым салынған.

Шілденің басында «Спутник V» вакцинасын шығарушылар да 12-17 жас аралығындағы 300 бала мен жасөспірімнің коронавирусқа қарсы вакцинаның клиникалық зерттеулеріне қатысатынын мәлімдеген болатын. Сол кезде Гамалей атындағы орталықтың директоры Александр Гинцбург балаларға жасалатын зерттеулердің ересектерге жасалған клиникалық зерттеулерден ешқандай ерекшелігі жоқ екенін айтқан еді.

Бұл жағдайда «Спутник V» вакцинасының концентрациясы әр жасқа әртүрлі белгіленеді. Вакцинаның қалай жұмыс істейтінін бақылаймыз. Жанама әсерлері аз болады деп ойлаймын. Егер араластырылған доза тиімді болса, осымен тоқтаймыз, – деді ол.

Сонымен қатар, Гинцбург балаларға арналған препараттың тіркелуі шамамен қыркүйекке жоспарланғанын атап өтті.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button