Жаңалықтар

Педофил-маньяктан қорлық көрген Наташа

…Аустрияның тротуарында мектепке асығып бара жатқан он жасар қызды көрген, отыздан асқан жігіт таңдана қарады. “Мынау менің арманымдағы қыз ғой” деді іштей. Сол күннен бастап Приклопиль де ұйқы болмады. Отыздың үстіндегі еркек төрт ай аңдып, торуылдады. Иә, иә, иә, ол ең алғаш Наташаны анасымен тәтті бәліштер сататын дүкенде кездесті емес пе? Томпақ сүйкімді қызға көзі түсіп еді ғой сонда. Сол кезде емес пе еді бұның арам ойының бұзылғаны. Екінші рет жалғыз кетіп бара жатқанын көрді. Приклопиль төрт ай бойы күндіз-түні ұйқы көрмей, гараждың астынан жер қазып, үйшік жасауға кірісті. Кім үшін? Тездету керек. Тездетпесе болмайды. Себебі, бұл қыздың әкесі мен анасы ажырасып кеткен. Кейде әкесі өзімен бірге алып кетеді каникул кезінде. Ол кішкентай қыздың бейнесін есіне түсірген сайын күрегін алып құшырлана жерді қазды. Алты шаршы метрлік бөлменің ішіне дәретхананы да салуды ұмытпады. Бұл маньяк бай әулеттің жалғыз ұлы еді. 


Сырт қарағанда жігіт зиялы отбасынан шыққан, өте білімді болып көрінеді. Көршілері Приклопильді қатты жақсы көрді. Әсіресе, көрші әжейлер. Оның сыпайылығын айтып, арақ пен шылымнан аулақ жүретініне тәнті де болды. 
Наташа үнемі жалғыз жүрді. Томаға-тұйық балақайға көңіл бөлген ана да, басқасы да болмады. Тәттіні көп жейтін қызына кейде анасы жекіріп те тастайтын. Содан ба екен сүйкімді қыз үнемі өзімен-өзі сөйлесіп жүреді. Осының барлығын Приклопиль білді. Әбден қызды зерттеді. Үйден шыққанын, кіммен дос екенін, көңіл-күйінің қандай болатынын ол миына жазып жүрді. Ақыры жертөлесін салып бітіргенінде он жасар бейкүнә қызды алдап көлігіне мінгізді. Наташаны ұрлаған күні 12 жасар оқушы қыз көріп қалады. Сол қыздың айтуымен Аустрияның бүкіл фургонын тексеріп шығады. Полицейлер Приклопильдің гаражын тексеруге келгенде, полиция қызметкерінің дәл аяғының астындағы жертөледе байғұс қыз Наташа бүрісіп қараңғыдан қорқып, жылап жатқан еді. Жерде жатқан екі кірпіш балақайдың өмірін шешіп тұрды. Бірақ, бірақ сол екі кірпіштің үстінен аттап, полицейлер үй қожайынынан кешірім сұрап, қоштасып кете барды.
Приклопиль қызды жалындырып, жылатқанды жаны сүйді. Талай рет бір үзім нанға жете алмай аш та жатты. Өйткені Приклопиль кейде қырсығып, балақайға апталап тамақ бермей ұстады. Бір үзім нан үшін Наташа аяғының астында табынып отырса, Приклопиль рахаттанып, содан ләззат алатын. Жауыздықтың түр-түрін жасап жүрген педофил, кейде 10 жасар балақайдың дымын қалдырмай ұрып-соғады. 
Қапастың астында тұлымшағы желбіреген қыз, осылайша бойжетті. 
Бірде Наташа Приклопильге жалынып, жарық дүниені бір рет көрсетуін өтініп сұрады. Педофил-маньяк, әрі-бері ойланып, қыздың өтінішін құп көрді. Сол күні далаға шығарды. Көрші әйел көріп қалып, сәлемдескенде, Наташа барынша ойбайлап: “Құтқарыңызшы!” деп айтқысы келді. Бірақ даусы құрғыр шықпады. Приклопиль сол күннен бастап кейде өзімен бірге алып жүретінді шығарды. Бір күні қаланың супермаркетінде екеуі үй тұрмысына қажетті заттарды сатып алуға келді. Қашып кетуге болатын еді, алайда, құлағының құрышын жеп қойған маньяктың даусы кетпей қойды. Тар қапасқа қайта оралған қыз, мүмкіндіктен айрылып қалғанына опық жеп, өзіне тағы лағынет айтты. 
Тағы бірде Приклопиль Наташаны шаңғы тебуге өзімен алып кетті. Наташа дәретханаға шыққысы келетінін айтты. Себебі, дәретханаға бір қыз кіріп бара жатқан еді. Сол қыз арқылы қашып кету ойы болатын. Дәретханаға кірген ол, бірден бейтаныс қызға жабыса кетеді: 
– Мен Наташа Кампушпын! Мені анау педофил жертөледе ұстап, зорлық көрсетіп жүр, -деп ақтарыла бастайды. Алайда үміті тағы бұл жолы да үзілді. Өйткені жаңағы бойжеткен өзге елден келген саяхатшы екен. Мұның тілін түсінбейтіндігін айтып, күліп шығып кетеді. Дәретханадан шыға салысымен құрбысына келіп:
– Бір қыз маған жабысты. “Наташамын, Кампушпын” дейді ме, түсінбедім. Өзі қызықтау екен, дірілдеп-қалшылдап тұр,- дейді. Бұл кезде Наташаны аңдып тұрған Приклопиль барлығын естіп тұрған еді. Үйге жеткенше үндемей келеді де, сол күні ес-түсінен айрылатындай етіп байғұс қызды сабайды. 
Осылайша қараңғы қапаста байғұс балақайдың өмірі 8 жыл өтеді. Бұл кезде Наташа 18 жасқа да толды. 
Сегіз жылдан кейін Приклопиль баяғы Наташаны ұрлап қашқан фургонын сатпақшы болады. Сөйтіп сатып алушымен телефон арқылы сөйлеседі де, Наташаға шаңсорғышпен автобустың ішін тазалауға бұйрық берді. Міне, осы сәтте ғана Наташа барлық күш-жігерін жиып алып, жартылай ашық тұрған гараждың есігінен шығып кетеді. Көрші кемпірдің үйіне барып, аптыға полиция қызметкерлерін шақыруды өтінеді. Осылайша, Наташа Кампуш сегіз жылғы қапас пен маньяктан құтылып, бостандық әлеміне шығады. Наташасынан айрылып қалған Приклопиль сол күні пойыздың астына басылып өледі…
Бүгінде 1988 жылы дүниеге келген Наташа Кампуш Аустрияның телеканалында тележүргізуші қызметін атқарады. Приклопильдің бүкіл байлығы мен үйін Наташа сот арқылы өзіне қайтарып алды. “3096 күн” деген фильмді қарап шықсаңыздар болады. Жүректері әлсіздердің көрмегені дұрыс. Сондай-ақ осы фильмнен түскен қаражатты Кампуш Мексика мен Африкада зорлық көрген қыздар мен әйелдерге аударды.
Суретте: Наташа Кампуштың іздестіру кезіндегі суреті мен маньяк-педофил Приклопиль
PS: Көзіңіздің ағы мен қарасы болған ұл-қыздарыңызға абай болыңыздар, ата-аналар. Күнделікті балаларыңызбен ашық сөйлесіп, мектепке, далаға жалғыз жібермеңіздер. Педофилдер әр елде бар. Бұлардың психикасы қатты бұзылған. Олар туралы кейінгі әңгімемде жазамын.

Бибігүл Дәулетбекқызы

Басқа материалдар

Back to top button