Ресми

Парасат биігіндегі пікірлер алаңы

Елімізде шешімін күтіп тұрған, тіпті, халықты алаңдатып отыр­ған өткір мәселелер баршылық. Жастардың есірткіге тәуелділігі, діни сипаттағы жат ағымдардың етек алуы, тарих төңірегіндегі бітпес дау, саналы адамды мазаламай қоймайтын ана тілінің бүгінгі ахуалы, тағысын тағы… Бұл тақырыптың барлығы әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі талқыға түседі. Кейінгі 10 жылда осы әңгімелер бұқара назарына да, көкейіне де бекініп алған. Бірақ, нақты шешімін һәм кесімін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың отырыстарында айтып жүр. Жасыратыны жоқ, бұқараның көңіл күйін бұл күнде әлеуметтік желіден біліп отыратын хәлге жеткендейміз. Бәріміз жәутеңдеп, елеңдеп отыратын әлеуметтік желідегі толған жазбалар мен түрлі пікірге қарап отырсақ, Президент көтерген мәселелер көпшіліктің қолдауын тапқанға ұқсайды. Әлеужеліге жалтақтай бермей, халықпен тікелей сұхбат құру – жөн іс. Осы мақсатта Қарағанды облысына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ресми іссапармен келді.

Суреттер ҚХА баспасөз қызметі

Президент кеңесшісінің Қарағандыдағы жұмыс күні Достық үйінен басталды. Достық үйіне Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері мен қоғам белсенділері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жиналды. Дөңгелек үстелде Мәлік Отарбаев зиялы қауымға Ұлттық Құрылтайдың идеология­лық маңызы хақында баяндамасын жасады. Сонымен қатар, өзекті проблемаларды шешуді көздейтін Президент тапсырмаларын тиімді жүзеге асырудың тетіктері жан-жақты талқыланды. Әлемдік саяси картада дүрлігулер орын алып жатқан кезеңде Қазақстан үшін бірлік, ынтымақ секілді қасиетті ұғымдар бойтұмар болатыны айтылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі миссиясы да – осы.

Содан кейін Мәлік Отарбаев аймақтағы белсенді жастармен кездесті. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын модератор болған жиында кәсібін дөңгелетіп, көпке үлгі болып жүрген кәсіпкер жастар, ғылым жолына түсіп, жетістікке жеткен жас ғалымдар өз ойларын ортаға салды. Мәлік Отарбаев Президенттің Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөздері толықтай ел болашағы жастарға арналғанын айрықша атап өтті.

– Президенттің Ұлттық Құрылтайдың отырыстарында сөйлеген сөзін бірнеше мәрте оқып шықтым. Қарап отырсақ, сондағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген әр мәселесі жастардың жарқын болашағына тікелей қатысы бар. Елдің келешегі сіздер іргетасы берік, шаңырағы биік, мүмкіндіктерге толы мемлекетте өмір сүру үшін бар жағдайды жасауымыз тиіс деп отыр Президент. Бүгінгі жастар трайбализм, яғни, рушылдық, жершілдікке берілмесе, керісінше, «Әр қазақ – менің бауырым» деп бір-біріне қолдау көрсетсе дейді. «Бірлік бар жерде – тірлік бар». Жан-жақты білімді болыңыздар. Мен әр өңірді аралап, жастармен кездесіп жүрмін. Жастарының деңгейіне қарап, кез келген аймақтың әлеуетіне баға беруге болады. Қарағанды облысының белсенді, жігерлі деген жастары – сіздерсіздер. Сіздерге қарап ерекше қуанып, қуаттанып отырмын, – деді Мәлік Отарбаев.

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын болса, өз саласында үздік атанып, қоғам дамуына үлес қосып жүрген жастарды жеке-жеке атап, Президент кеңесшісіне таныстырды. Мәлік Отарбаев жастар тарапынан айтылған ілкімді ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Белсенді жастардан соң Мәлік Отарбаев облыстың имамдарымен кездес­ті. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда дәстүрлі дініміздің бүгінгі ахуалына қатысты айт­қан сөздері талқыланды.

– Жастардың жат ағымның жетегінде кетіп, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді жоққа шығаруы – ұлтымыз үшін қауіпті құбылыс. Әр дін қызметкері осының алдын алу үшін аянбай тер төгуі тиіс. Мен сіздерге осы жауапты қызмет жолында күш-қуат тілеймін! – деді Президент кеңесшісі.

Ұлттық Құрылтайда қоғамда белең алып тұрған отбасындағы зорлық-зомбылықты біржола тыю мәселесі де көтерілген еді. Бұл тақырып төңірегінде әңгіме Қарағандыдағы отбасын қолдау орталығында өрбіді. Орталықтың жұмысы да таныстырылды.

Мәлік Отарбаев Алаштың біртуар перзенті Әлімхан Ермековтің басына зиярат етті.

Іссапардың бірінші күні Қарағанды академиялық музыкалық театрында түйінделді. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО Халық әртісі Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына орай сахналанған «Айсұлу» операсын тамашалады.

Іссапардың екінші күнінде Мәлік Отарбаев Осакаров ауданына ат басын бұрды. Ол аудандық аурухананың жұмысымен танысып, ұжымымен еркін сұхбат өрбітті. Әлихан Бөкейхан атындағы мектепке де барды. Сонымен қатар, аудандағы педагогтармен, зиялы қауыммен кездесіп, Ұлттық Құрылтай отырыстары төңірегінде пікір алмасты.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button