Пайымсыз байбаламға айтар екі уәж

Әлихан Бөкейханның саяси көзқарасына қатысты, оны «массонға», «шоқыншыға», еуропашылдыққа, «рушылға» теңеп жүрген саяси сауатсыздық пен азаматтық жәдігөйлікке сәл ғана түсінік бере кеткім келеді.

Бірінші уәж: Әлихан Бөкейханның массондық идеяға катысы кандай?

Әлихан Бөкейхан — ұлттық саясаткер. Ұлт тәуелсіздігі жолында ықпалы тиетін барлық мүмкіндікті пайдалануға мәжбүр. Ал, 1905 жылы ұлттық автономия, патшаны тақтан түсіру, конституциялық демократия орнату, бұратана ұлттарға нәсіліне, дініне қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға ерік беру мәселесін кім көтерді? Кадет партиясы көтерді. Ендеше, «бұратана ұлттарға нәсіліне, дініне қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға ерік беруді» мақсат етіп койған саяси партияның кұрамына Әлихан Бөкейхан неге кірмеуі тиіс?

Бұл мақсатқа жету жолында бауырлас түркі халықтарының ұлт зиялылары да топтасты. Соның нәтижесінде Ресей мұсылмандарының I кұрылтайын ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Сол кұрылтайда көтерілген жасыл тудың шылауымен 1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен І Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Әлібеков, К.Жәленов, Ғұбайдолла және Дәулет ишандар, У.Танашев пен Ш.Бекмұхамедов қатысты. Бұл кұрылтай Ресей бодандығындағы мұсылмандарды ғана біріктіріп койған жоқ, сонымен қатар, тәуелсіз республика туралы мәселе ашық мінбеде көтерілген тұңғыш басқосу болды.

Ал, 1917 жылы Керенский: «Түркістан мен дала облыстары Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерінің отарларына қалай қараса, біз де оларға (яғни, қазақтарға – Т.Ж.) солай қарауымыз керек»,– деп мәлімдеме жасағаннан кейін Ә.Бөкейхан ресми түрде кадет партиясынан шықты. Ә.Бөкейхан өзінің бұл шешімін: «кадет партиясының мақсаты ұлттық автономия жариялауға қарсы болғандықтан да, Алаш идеясына сәйкес келмегендіктен де, оның құрамынан шығамын», – деді.

Міне, бұл – кез келген саясаткер ұстанатын күрес тәсілі. Осындайда Аятолла Хомейнидің өзінің күнделігіне: «Мен дінім үшін (ұлтым үшін деп түсініңіз – Т.Ж.) шайтанмен де жұмыс істеуге әзірмін», – деген сөзі еске түседі. Екінші, Әлихан Бөкейханға қаратыла жиі айтылатын «шоқыншы», «еуропашыл», «мұсылмандыққа қарсы» деген пайымсыз байбаламға байланысты айтарымыз мынау: кеңестік 70 жылда біздің діни танымымыз толықтай тоқырауға ұшырап, өзіміздің мұсылмандық тарихатымыздан айырылып қалдық. Қадыми діншілдердің кесірінен мұсылман әлемі жаратылыстану мен өнеркәсіптік ғылымнан мүлдем ажырап қалды. Қазақ, өзбек, кырғыз, түрікмен, тәжіктер әлі де өнеркәсіптік ғылымды жатырқап келеді. Соның нәтижесінде XIX ғасыр мен XX ғасырда бүкіл мұсылман қауымы отарланып калды. Соған карсы мұсылман және түркі әлемінде жәдидтік ағым мен саяси күрес басталды. С.Асфендияров: «Алаш идеясының оянуына әсер еткен – жәдидтік бағыт пен күрес»,– деп ашық жазған. Ал, Өзбекстан мен Түркіменстандағы 1927 жылға дейінгі созылған басмашылар соғысы тек кеңеске қарсы соғыс емес, ол қадым мен жәдидшілердің арасындағы азаматтық соғыс болатын. М.Тынышбаевтың Қоқан автономиясының премьер-министрлігінен бас тартуының өзі сол екі ағымның бітіспейтін майданының кесірі еді.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

(«Аңыз адам», №20, Қазан, 2011).

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.