Отбасы құндылығы – ұлт болашағының негізі
Отбасы мен ұлттық құндылықтар дәріптелген семинар-тимбилдингке бұл жолы 40 әйел және 30 бала қатысты. Шараны Қарағанды облысы дін істері басқармасы «Қарағанды облысының конфессияаралық қатынастары проблемаларын зерттеу және талдау» орталығының тапсырысымен «Аманат» қоғамдық бастамалар орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Теміртау қаласындағы «Космонавт» демалыс орталығында әйел жамағаты арасында өткен жиында деструктивті діни-ағымдардың жетегінде кетпеу үшін қайтпек керектігі түсіндірілді.
Тимбилдинг-семинарға қатысқан жамағатқа ұлттық және отбасы құндылығы дәстүрлі діннің негізінде ұштастырылып, салт-дәстүр насихатталды. Теолог-маман қазір қоғамдағы басты проблеманың бірі – ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, бала тәрбиесіндегі отбасылық және ұлттық құндылықтардың ұмытылып бара жатқаны жайында баяндады.
– Тимбилдингтің басты мақсаты – ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттау. Қазіргі қоғамда көп жас отбасылар қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттай бермейді. Міне, осыны дәстүрлі дініміздің шеңберінде біріктіре отырып, семинар жүргіздік. Мысалы, қазір көп ата-аналар жұмысбасты. Баланың тәрбиесіне қолы тимейді. Ата-ана мен бала қарым-қатынасы қандай болу керек? Мұны түрлі ойындар арқылы түсіндіруге ұмтылдық, – дейді дінтанушы Жанар Қарсыбекова.
Түске дейін теолог пен психологтар дәріс оқыды. Онда қазақтың салт-дәстүрі дәріптелді. Соған байланысты, интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылар белсенділік танытты. Өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Басты мақсат – теріс ағымдардан алыстатып, дәстүрлі дінімізді түсіндіру. Сол арқылы иммунитет қалыптастыру.
– Деструктивті діни ағымдардың жетегінде кеткендер әлеуметтік желілерде және шынайы өмірде де көп. Біз психологиялық тұрғыдан оларға теологтармен бірігіп, психология, ұлттық құндылықтарымыз және дәстүрлі дінімізді байланыстыра отырып, семинар жүргіздік. Мақсатымыз – ана мен бала арасындағы жалпы, отбасылық қарым-қатынасты реттеу. Салт-дәстүрлерімізді саналарына сіңіру, – деп атап өтті психолог маман Назым Алпысбаева.
Ал, Хуршида Юлдашева мұндай семинарларды қалт жібермейді. Қазір, тіпті, қолданыстан жоғалып бара жатқан дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, отбасылық өмірде жиі қолдануға мүмкіндік алып жүргенін айтады.
– Мұнда түрлі аниматорлар келді. Балаларды сергіту мақсатында ойындар ойнадық. Теолог-психологтар сұрақ-жауап ретінде сұхбат жүргізді. Ұлттық құндылықтар насихатталды. Өзіме бұл тимбилдинг өте ұнады, – дейді «Ана мен бала» қоғамдық қорының мүшесі Хуршида Юлдашева.
Әйел жамағаты арасында мұндай тимбилдинг осымен төртінші жыл өткізілуде. Мамандар алдағы уақытта да дін мен дәстүрге баса назар аударылатынын, осындай шаралардың жалғасатынын атап отыр.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz