Жаңалықтар

Отбасы мерейін асырған жоба

Жақында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының ақтық кезеңіне облыс атынан қатысатын отбасы анықталды. Облыстық кезеңге жолдама алған отбасылар арасынан Хамитовтер әулеті үздік деп танылды.

Отбасы құндылықтары мен дәстүрлерін нығайтуды мақсат тұтқан ұлттық конкурс осымен алтыншы рет ұйымдастырылуда. Биылғы сайысқа облыстың барлық қалалары мен аудандарынан 274 еңбек әулеті, түрлі ұлт өкілдері, көпбалалы және жас отбасылардан өтініш түскен екен. Арнайы жасақталған облыстық комиссия аймақтық кезеңнен облыстық кезеңге жолдама алған 54 отбасының ішінен үздік үштікті анықтады.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров бұл байқаудың мәні мен маңызына тоқталды.

Әрбір үшінші шаңырақ шайқалып жатқан қазіргі уақытта мәуелі бәйтеректей жайқалған отбасылар үлгі болары анық. Қарқаралы ауданынан келген Біләловтар отбасы – солардың бірі.

Социалистік Еңбек Ері Сайлау Біләлов пен Роза Сыздықова 11 бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 30 немере, 3 шөбере сүйіп отыр.

  • Өмір бойы мал шаруашылығымен айналыстым, – дейді отағасы, – қазір шаруашылық ұлдарымның қолында. Балаларым кішкентайынан еңбекқор, малсақ болып өсті. Қазір барлығы өз алдына бірбір отбасы.

Байқауға қатысқан барлық отбасыларға естелік сыйлықтар табыс етілді. Ал, ІІ-ІІІ орындарды Жезқазған қаласынан келген Салқауовтар мен Стамқұловтар отбасылары алса, І орынды қарағандылық Хамитовтер иеленді.

Кәсіпкер Қайрат пен Айнагүл Хамитовтер 7 қыркүйекте Елордада өтетін ұлттық кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болды.

  • Кәсіпкерлікке сегіз жыл бұрын қадам бастым. Оған дейін жақсы қызметім болды. Десе де, балаларым үшін бел будым. Жеті баланың үлкені – ұлым қазір шетелде жұмыс істейді, қызым қобызда ойнайды, қалғандары мектепте. Кәсіп пен отбасын қатар алып келемін, – дейді Қайрат Хамитов.

Кәсіпкердің қарамағында «Дарынды бала» балаларды дамыту орталығының төрт нысаны, «Дарынды ана» коворкингорталығы бар.

  • Қазір өнер мектебін ашып жатырмыз. Балаларды жанжақты тәрбиелеуге барлық мүмкіндікті жасағым келеді. Әуелде осыны мақсат тұттым, – деп жеңімпаз ағынан жарылды.

Ән әуелеп, күй тартылып, жиналған қонақтардың көңілін серпілтті. Бастысы – отбасы қастерлі ұғым, өмірлік құндылық екенін паш етті.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button