Сәтбаев

Отаншыл өрендер өнегесі

Кербез Кеңгірдің жергілікті жұртшылық «Балықшы үйі» атап кеткен керемет қойнауында «Оtanshyl-2019» жастардың халықаралық білім беру-туристік форумы өтті. Оны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Жастар жылы» аясында қаланың жастар ресурстық орталығы мен «Алтын ұрпақ» жеке кәсіпкерлігі ұйымдастырды.

Қатар қоныстанған қос қала мен Ұлытау ауданының жастарына БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілі Мивако Хирота бастаған жапондық қонақтар қосылды.

Жас мамандар, студенттер, бизнес әлемін бетке алған кәсіпкерлер, өнерлі өрендер, спортты серік еткен саңылақтар бас қосқан алқалы жиында білім деңгейі безбенделді, ортақ ой ортаға тасталды, ашық пікір алмасу алаңында талантты жастар мүмкіндігі таразыланды, ойдағы жобаны жүзеге асыруға қолайлы орта қалыптастырудың мүмкіндігін сараланды.

Форум барысында стратегиялық жоспарлау, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне мән беріліп, «Тайм-менеджмент» тақырыбы талқыланды.

Түстен кейінгі уақыттың басым бөлігі «ХХІ ғасыр жастары» деген тақырыпта кең көлемді әңгіме-дүкен құруға арналды, жастардың қоғамда алатын орны жөнінде небір келелі пікір айтылды. «Қазақстанның үкілі үміті – жастар! Елдің болашағы жастардың қолында!» деген қорытындыға келді көпшілік.

Келесі күні Алаша хан, Жошы хан кесенелеріне саяхат жасалды.

Өз тілшімізден.

СӘТБАЕВ қаласы.

Суретті түсірген Н.ҚОНЫСБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button