Сапақ бай

Заман жылжып, уақыт озған сайын көненің жаңғырып, жаңаның ескіруі – табиғи заңдылық. Осы тұрғыда, өткен тарихымызды таразыламай бүгінді білу мен түсіну, болашағымызды болжау өте қиын. Қарға тамырлы қазақ баласы ата-баба салтына сай, көнеден қалған күңгір-күңгір күмбездерге тәу етіп, бүгінгі тыныс-тіршілігі мен ертеңгі өрісіне жиі ой жүгіртіп отырса құба-құп. Ешбір халық өткен тарихы мен бүгінінен сабақ алмай, келешегін кемелдей алмайды. Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы кезінде: «Біздің заманымыз – өткен дәуірдің перзенті, келер заманның атасы», – деген екен. Ел мен жер тарихында ХVІІІ-ХІХ ғасырлар тоғысында өмір сүріп, ақыл-парасатымен елге тұтқа болған би-шешен, бай-бағландар қатарында Арқа өңірінде байлығымен, мырзалығымен аты қалған Сапақ Тәңірбергенұлы да лайықты орын алады.

Жалпы, Қуандық Тоқа тайпасының бір бұтағы Айтқожа Құттыбай Тәңірбергеннен тарайтын Қорыспай, Қопа, Мықты, Жарқын, Сапақ аталары ел аузында «Тәңірбергеннің «Бес берені» аталып кеткен. Бесеуі де ел ішінде белгілі, беделді, бай, би болған. Әсіресе Сапаққа мал бәрінен көп біткен. Жергілікті халық ақыны Жолдыкей Нұрмағанбетұлы 1927 жылы жазылған бір өлеңінде бұл жөнінде былайша толғайды:

Туыпты Айтқожадан Тәңірберген,

«Бес берен» дейді оны қыдыр көрген.

Қорыспай, Қопа, Жарқын, Мықты, Сапақ,

Шетінен феодалдар өсіп-өнген.

Қалдығы мына жүрген Ақмағанбет,

Бектігі арылмаған арғы жерден.

«Бес берен» жөнінде 2006 жылы шыққан «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясында да мәлімет берілген.

«Бес береннің» ішінде Сапақ Тәңірбергенұлының атағы ерекше дәуірлеп, Орта жүзге мәлім болған. Дала байы сахара салтын берік ұстаған. Қара қылды қақ жарған Байдалы биден бата алған, елге сыйлы адам болған .

Сапақ шамамен 1763 жылы дүниеге келген. (Біз мұны 1844 жылғы мұрағаттық материалдарда бидің жасы 81-де болған деген дерекке жүгініп, есептеп шығарып отырмыз). Қарпық, кейіннен Айтқожа-Қарпық болысының биі болған. 1832 жылы 3 қыркүйекте Айтқожа-Қарпық болысының билеушісі болып тағайындалған ол Кенесары көтерілісіне дейін патша үкіметінің қадірлі адамы болып есептеліп келген. 1833 жылы 2 сәуірде капитан шенімен марапатталған.

Айтқожаның «қара шаңырағын» ұстап қалған Сапаққа 23 мың жылқы біткен. Санктетербургте шығатын «Отечественные записки» журналында 1830 жылы «Генерал-майор Броневскийдің орта жүз қазақтары туралы жазбалары» атты мақала жарияланған. Сонда мынадай жолдар бар:

«В Средней Орде есть весьма богатые киргизцы: на примере в Карпытской волости Бай Сапак имеет до 10 тысяч лошадей, множества верблюдов и скота; когда он кочует с одного места в другое, то обвьючивает более 150 верблюдов своим имением, и около 100 работников пасут его стада. Лошади завода Сапака отличаются большим ростом, добротою и статями. Он человек добродетельный, в барантах никогда не замешивался и от того живет спокойно».

Деректер:

Список султанам и старшинам состоящим под управлением и зависимостью Каркаралинского внешнего окружного приказа, коих приказ признает заслуживающим особых награждений соответственно предписанию его превосходительства, г. начальника Омской области и кавалера от 28 октября 1827 г.

№1280

Карпыковской волости.

50. Шапак Танрыбергенов.

Количество кибиток неизвестно. Известен по усердию и приверженности к российскому правительству. Представляется к кафтану…

Старший султан Подполковник Турсун Чингисов

(приложена печать)

Заседатель титулярный советник Бубеннов

Заседатель Джаманбай Нуралин

Столоначальник Захаров

ЦГА РК. Ф-374. 0-1. Д-196.

Сведения о султанах, биях, старшинах, почетных казахах внешне-окружном приказах 1839-1840 гг.

Список волостных управителей Акмолинского внешнего округа.

Составлен апреля 22 дня 1839 года.

№5

С какого времени управляет волостью?

С 1832 03. 09.

Звание…

Бий Сапак Танирбергенов

Какого управляет волостью?

Айткожа-Карпыковскою

Знает ли какую грамоту и имеет ли печать?

Не знает

Не имеет

Не был ли чем награжден от правительства и когда?

1833 г. апр. 2-го капитаном.

1844 г., марта 14. – Рапорт Акмолинского внешнего окружного приказа в Пограничное управление сибирскими казахами.

2182

Приложение. «Именной список султанам, биям, старшинам, почетным киргизам и тем из простых, кои имеются почему-либо на особом замечании, за 1843 г.».

… 68. Сапак Танрабергенов, бий, 81 года. Малодушен и честолюбивый. Богат. Айткожа-Карпыковской волости, рода барганинского. С 1832 года числился волостным управителем в Айткожа-Карпыковской волости до отложения волостей. 3 апреля 1833 г. всемилоствейше пожалован чином капитана. Во время мирного пребывания в округе числился на счету благонадежнейших, впоследствии же увлекся гнусным обольщением Кенесары и, изменив верноподданнической присяге, удалился вглубь степи. Летние и зимние кочевки имел одни с бием Баяндой, а ныне находится в Ташкинии.

Сапақ байлығымен қатар ағасы Қорыспайдың асын өткізудегі мырзалығымен даңқын асырған. 1834 жылы дүниеден қайтқан Қорыспайдың қырқы Темеш руы мекендеген Құмкөлде, жылы 1835 жылы Бозкөл мен Жомарт адырында берілген. Бұл жерлердің бәрі Айтқожа-Қарпық болысына қарасты болған. Қорыспайдың жылын өткізу міндетін «Үш арыс» – Айтқожа, Барғана, Сатыбалды ұрпағы мойнына алған. Асты Айтқожадан Шымырдың Сырттанбайы, Сатыбалдыдан Жангелдінің Телғозысы, Құлымбеттен Едігенің Лауы басқарған, бірақ жалпы билігі Қорыспайдың інісі Сапақ байда болған.

Қорыспайдың 1834 жылы өмірден қайтқандығы туралы деректер Мәшһүр Жүсіптің, Әлкей Марғұланның және Сәйділ Талжановтың жинаған мәліметтерінде бар. Қорыспай қыста қайтыс болған. Намазы шығарылып, арнайы киіз үй тігіліп, аман етіп қойылып, көктем білінгеннен інісі Сапақ Түркістанға апарып жерлеген. Осы әңгімені әкей айтып отыратын. Бұл мәліметті дәлелдейтін нақты деректер бар.

Қорыспайдың асына арнайы сауын айтылған. Тоғыз дуаннан (Ақмола, Көкшетау, Омбы, Кереку, Семей, Қарқаралы, Әулиеата, Торғай, Атбасар) ел жиналып, бес жүз киіз үй тігіліп, бес жүз ат бәйге шапқан. «Қорыспайдың асында жорғаламағанда, атаңның басында жорғалайсың ба?» деген мәтел сол уақыттан қалған.

Жазушы Сәйділ Талжановтың «Ас» деген хикаятында мынадай деректер келтіріледі: бас бәйгеге тоқсан торы ала ат, тоқсан қара ала ат тігілген. Жалпы, бас-аяғы 25 атқа бәйге берілген.

Бас жүлдеден үміткерлердің арасында талай жиындарда көзге түсіп, бәйге бермей жүрген Мұрат Жортықтың «Торықасқасы», Елгелді Таубайдың «Кербестісі», Сапақ байдың «Ақмоншағы», Таманың биі Ерубайдың «Торысы», Бағаналы найманы Құнанқараның «Қарагері», Бәсентиін Қазанғаптың «Боз арғымағы», Көкшетау Қарауылдарының текежәуміт «Көкбикеші», Әулиеата Үйсіндерінің «Желқұйыны», Керекудің «Көкаласы», Семейден Тобықтының «Дөңсарысы» сияқты небір айтулы тұлпарлар болған.

Бәйгеден бірінші болып, руы Мұрат Жортықтың «Торықасқасы», екінші болып Елгелді Таубайдың «Кербестісі», үшінші – Көкшетаудың «Көкбикеші», төртінші – Омбының аты, бесінші – Найман Құнанқараның «Қаракері» келген.

Қорыспайдың асына Орта жүздің жақсы-жайсаңдары мен сал-серілері тегіс жиналған. Мәшһүр Жүсіптің жазбаларында бұл асқа Сүйіндік Едігеұлы Шоң би бәйгеге қосуға Жананның «Қараласын», балуанға түсуге Байболаттың Жаманқарасын, ақындар айтысына қатысуға Орманшыдан шыққан Сақау ақынды ертіп барған деп айтылады.

Кеңес үкіметі дәуіріндегі әдебиетте Сапақ (әсіресе Кенесары көтерілісі кезеңінде) орыс патшалығының қолшоқпары болған феодал ретінде суреттеліп келді. Кейінгі уақытта табылған архивтік деректер Сапақ Тәңірбергенұлының керісінше, Кенесары көтерілісін жақтағанын дәлелдейді.

Дерек:

21

1838 г., марта 20

Донесение начальника Сибирского таможенного округа министру финансов о нападении султана Кенесары Касымова на торговые караваны и о небходимости принять решительные меры против него.

2… Кенесары и соучастник его старшина Сапак еще перед истреблением отряда Рытова сделали заговор, чтоб напасть на Акмолинский приказ, истребить его и весь тамошний казачий отряд и потом атаковать самое укрепление Актау, лишенное таким образом помощи из Акмоллов.

… сын Сапак набежал с шайкой киргиз на наш казачий пикет, 3-й по линии от Акмоллов к Актау, где три казака ранены, но спаслись бегством…

Айта кетелік, архивтік құжаттардың барлығы Омбы (Ресей) облыстық мемлекеттік архивінен алынған.

Сапақтың орыс патшалығына қарсы болғандығы туралы және бір дерек: Кене ханның қоластына өтпек болған қазіргі Жаңаарқа ауданының көлеміндегі қазақтарды кейін қайтарып, Кенесары сарбаздарына жолатпауды патша әкімшілігі титулды кеңесші (советник) Менковичке және Ақмола приказының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендинге міндеттеген. Олардың 1837 жылдың аяғында үгіт-насихат жүргізуге жіберген Омбы мешітінің имамы Мұхамбетшәріп Әбдірахмановты Тоқа руының Сапақ Тәңірбергенов бастаған билері жылы лебіз білдірмей, кейін қайтарған.

С.Талжанов Сапақ туралы «Ұлдай кегі» атты роман жазды. (Сөз арасында айта кеткен орынды, Сәйділ аға – Сапақтың аталас туысы, Тілен батырдың ұрпағы, Сәкен Сейфуллиннің туған бөлесі). Дегенмен, жоғарыда аталған «Ас» хикаятында, романында да жазушы уақыт, заман, саясат талабына сай бірқатар нақтылы деректерді бұрмалап берген. Оны түрлі ауызекі әңгімелерде кейін өзі де мойындаған. Бір мысал, Сапаққа 17 мың жылқы біткен деп жазады. Халықтың санасында да осы сан орнығып қалған. Ал анығында Сапақтың жылқысы 23 мыңның үстінде болған. Оған бір дәлел – академик Әлкей Марғұланның Санкт-Петербург архивін қарастырып отырып ұшырастырған, Омбы генерал-губернаторының Сенатқа жолдаған хабарламасындағы мәлімет. Өзім куә болған мына бір жағдай да осының бұлтартпас бір айғағы. Бірде Айнабұлақ ауылында тұратын көне көз қария Саққұлақ ақсақалға бара жатып, Сәйділ ағай жолай, Қарағаш ауылында тұратын біздің әкейге, Ақкеме – Ақмағамбет ақсақалға арнайы сәлем бере келді. Аман-саулықтан соң әкей: «Жаңа шығармаңда менің бабамның малын неге кемітіп көрсеткенсің?» деп көптен көңілінде жүрген наразылығын білдірді. Сәйділ ағай бұл жөнінде оған Әлкей Марғұланның да айтқанын алға тарта келіп, сол кісіге берген жауабын қайталады: «Ойбай, Ақке, классик жазушымыз Ғабит Мүсрепов Жұман байға 12 мың жылқы бітіргенде, бізге 17 мыңның өзі бойға құт емес пе?! Сапақтың жылқысы 23 мың болғанын бәріміз білеміз ғой!..» – деді.

Қазір заман басқа, ойдан тұсау, тілден тиек алынған бостан елміз, сондықтан бұл деректі де дәйектеп қойған дұрыс. Ол әсіресе өскелең ұрпақтың аруақты ата-бабаларымыздың өмірі туралы нақтылы түсінігі болуы үшін аса маңызды.

Сапақтың балалары мен немерелері Кенесары көтерілісінен кейін орыс патшалығынан қатты қысым көрді. Кейінгі ұрпақтары Кеңес үкіметі тұсында «бай тұқымы» деген желеумен біраз саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Жалпы, Сапақтың балаларынан өсіп-өнген ұрпақ бар.

Сапақ бай туралы ел аузында сақталған әңгімелер біршама. Өкініштісі, сол аңыз-әпсаналар, дерек-дәйектер кейінде аласапыран заманалар келіп, қоғам құрылысы түбегейлі өзгерген алағай да бұлағай кезеңде халық жадында көмескіленіп, ұмытылып қалған. Кешегі кеңес дәуірінің өткеннің бәрін мансұқтау, бай-бағлан, би-болыстарды аяусыз қудалау, әшкерелеу саясатының құрбаны болған.

Еліміз егемендік алып, «әр жерден жиі үзіліп, көп жалғанған» тұмса тарихымызды Тәуелсіздік талаптарына сай қайта тектеу, таразылау ісі қатты қолға алынғалы бері осынау орасан олқылықтың орны толайым толтырылып жатқаны белгілі. Жақсылар мен жайсаңдарымызды кеңінен қарап, түгендеп, қадір-қасиетіне қанығатын кемел кезең енді келді. Соның лебімен соңғы отыз жылдан астам уақыт ішінде ғасырлар иінінде тығылып, тұншығып жатқан талай-талай тұғырлы тұлғаларымыз алтын бастарын көтеріп-көтеріп алысты. Солардың бірі – біз бүгін арнайы сөз етіп отырған Сапақ Тәңірбергенұлы.

Ендігі бір мәселе – Сапақ бидің қай жерде жерленгені жайында. Бұл жөнінде де ел арасында түрлі әңгіме көп. Би замандасы, Қарпық руының төресі Құдайменде сұлтан Есімханұлымен (1752-1825) тірлігінде сыйлас, қадірлес болған. Төре өмірден өткен соң өзі аттас өзеннің бойындағы бір қыратқа жерленген. Сапақ сұлтанның басына күмбезді бейіт орнаттырған. 2017 жылы Құдайменде сұлтанның ұрпақтары аруақты бабаларының басын абаттандырып, жаңалап құлпытас қойды. Міне, осы өңірді жайлаған Сапақ бай өзін сұлтанның жанына жерлеуді өсиет еткен екен.

Аймақ-атырапқа белгілі тұлға Қанат Қойшыбаев 2005 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған «Сапақ бай туралы шындық» атты мақаласында: «1960 жылдардың басында «Рассвет» совхозының Өркендеу мен Ынталы бөлімшесінің сиыр фермалары Құдайменде өзенінің бойына көшіп келіп, қонып отырып сиыр сауып, сүтін Жаңаарқаға май заводына өткізетін әдет болатын. Шешей сауыншы, әкей бақташы болған соң біздің үй де көшіп келіп отырушы еді. Құдайменде өзенінің бас жағына Бақа өзені құяды. Осы екі өзеннің қапталдасатын тұсында бұрынғы Ленин бөлімшесінің малшылары келіп отырады. Дәл осы жерде екі шошақ там тұрар еді. Қасында аппақ шоқпар тастар бар үлкен қорым. Осы екі шошақ тамның бірін Сапақтың тамы, екіншісін Құдайменде төренің тамы дейтін. Оны білетін себебім, әр жыл сайын көшіп келгеннен кейін біздің үй бір малын сойып, осы Сапаққа арнайы құран оқытатын. Өйткені менің шешем – Сапақтың тікелей ұрпағы Әнәпия қажының қызы. Сонда құран-хатымға жиналған үлкендердің Сапақ бай туралы әңгіме өрбітіп, «Құдайменде төремен ақиреттік дос екен, содан бірге қойылыпты» деп отырған сөздерінің шеті құлағымда қалыпты», – деп жазады. Міне, жоғарыда аталған үлкендер – көзі қарақты ел адамдары Ысқақ, Әлі, Омаш, Кәрім, Тырқыман, Күзембай сынды ақсақалдар, Мырзаш қожа, Асан, Доскен молдалар, т.б. бұл әңгімені кейінгі ұрпақтың құлағына сіңіре беру үшін жиі айтып отырады екен. Осы деректерге сүйене отырып, Сапақ би Құдайменде өзенінің бойында жерленген деуге негіз бар. Қалай дегенде де байлығымен, мырзалығымен аты аңызға айналған тұлғаның аруағына тәу етіп жүретін арнайы орынның болғаны жөн.

Құдайменде төренің басы жаңартылған соң іргелес жатқан Сапақ бидің басын да ұлықтау, қарайтуға қатысты сөз шыққан еді. Алдымен бұған қатысты деректер жан-жақты дәйектеліп, нақтыланды. Басын қоршау, жаңалап белгітас қою талабы аудан тұрғындарының разылығына, қолдауына ие болды. Қазірде бұл жұмыстар қызу атқарылып жатыр. Құрылыс жұмыстарына осы шараға тікелей мүдделі көзі қарақты, жанашыр азаматтар дем беруде. «Бес береннің» шежіре жинағы даярлану үстінде. Барша жұмыстар тиянақталған соң арнайы ас беру жоспарлануда.

Сөз жоқ, мұндай шаралардың, өліге құрмет көрсетіліп, тіріге салауат айтылған, құран сөйлеген астардың бүгінгі жастар, келер буын үшін тәрбие-тәлімдік маңызы зор. Баба басына қойылған құлпытас келер ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге үлгі-өнеге болады. Өскелең буынның алмағайып заманда еліне, руына қорған болған бабаларының есімдерін біліп жүруі, жадында сақтауы арқылы өзінің тегін мақтан тұтуы, ертеректе дүниеден өткен бабасының атына кір келтірмеуге ұмтылуы туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімін туғызады.

Ия, Тәуелсіздік туы желбіреп, тұғырына берік орныққалы бері ұлттық ұлық тарихты таныту, елдіктің берік іргесін нығайту барысында ұлан-асыр жұмыстар атқарылып жатыр. Ұлттық сана-сезім мен ұлттық намыс сан жүректерде қатар оянып, кешегі кеңестік саясаттың кесірінен ұмыт болған тарихи тұлғаларымыз жарқырап танылуда. Туған жерді, оның киелі орындарын қорғау, сақтау, келер ұрпаққа аманаттау, ел бірлігі, ел ынтымағы идеясы – бізге жеткен барлық тарихи мұралардың алтын арқауы. Сол тұрғыда аты аңызға айналған Сапақ бабаның ғибратты ғұмыры да – бүгiнгi ұрпаққа қымбат мұра, тағылымды үлгi.

Әбілхакім АҚМЫРЗИН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Суретте: Құдайменде төре, Сапақ бай бейіті.