Спорт

Қостанайлықтарға есе жіберді

Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Қазақстан кубогының 1/4 финалында сырт алаңда қостанайлық «Тобыл» клубымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіліп қалды.

 

Ойынның алғашқы айналымында есеп ашылмады. Десе де, қос команданың гол соғатын мүмкіндіктері болды. Қос команда қақпашысы мен қорғаушылары допты қақпаға дарытпай, қақпа алдын торыды. Бұл таймда есеп ашылмаса да төреші қос қоманда ойыншыларына «сары қағаз» беріп үлгерді. Қарағандылықтар сапынан Руслан Туткышев, Данил Блохин мен алаң қожайындарының сапынан Павел Киреенко ойын ережесін бұзғаны үшін «сары қағазбен» жазаланды.

48-ші минутта алаң иелері сапынан Игорь Сергеев есеп ашты. Сол қапталдан ұйымдастырылған шабуылға нүкте қойып, командасын есепте алға шығарды. Осы қарқыннан жаңылмай, қостанайлықтар 87-ші минутта есепті еселеді. Гол авторы – Ислам Чесноков. Сол қапталдан әуелете көтерген әріптесінің пасын қақпаға бағыттап, командасына тағы бір гол алып келді.  

Өкінішке қарай, қарағандылықтар қақпаға кірген екі голға ешқандай жауап қайтара алмады. Енді қос команда 7 маусымда Қарағандыда қарымта ойын өткізеді.

Ал, алматылық «Қайрат» пен «Атырау» клубының арасындағы кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Қос команданың қарымта ойыны 7 маусымда Атырауда өтеді. Осы кезеңде жеңіске жеткен командалар жартылай финалда кездесетін болады.

– Қазіргі басты мақсатымыз – жарыс жолынан шығып қалмау. Біз үшін әлі ештеңе шешілген жоқ. Алда – қарымта ойын. Қарсыласымызды жеңу үшін барымызды саламыз. Алаңға жас ойыншылар көп шықты. Тіпті, дебьют жасағандары да бар. Бұл кездесуде біздің жігіттер жаман ойын көрсеткен жоқ, – деді «Шахтер» клубының бас бапкер көмекшісі Рафаэль Хамидуллов.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button