АймақБалқаш

Қошқарбаев іргесін қаласқан

Өмірбаяны отпен жазылған, Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен қазақтың ержүрек азаматы, «Халық Қаһарманы» Рақымжан Қошқарбаев Ақтоғай ауданына қарасты 70 жылдық тарихы бар Сарышаған кентінің іргетасын қалағандығы туралы біреу білсе, біреу білмейді. Соғыстан кейінгі жылдары Сарышағанға келген батыр жұбайы Гүлжиһанмен бірге алғашқы құрылысына қатысқан көрінеді. Бұл жөнінде осы кенттің 82 жастағы тұрғыны Амангелді Дәкеновтің өз аузынан естідік.

Жұма күні таң шапағын шашқан бойда Сарышаған кентіне белгілі журналист Қуандық Сәденов ағамызбен серіктесіп, сапарға шықтық. 140 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенге сапарлатуымыз­дың себебі – батыр Рақымжанды өз көзімен көрген көнекөз қарияның әңгімесін көңілге түйіп қайту. Көл жағасына жақын тұрған тоқал үйдің қасындағы шатырлы үй біз іздеп шыққан Амангелді Дәкеновтің үйі екенін тұрғындардан сұрап білдік. Есігін қағып, үйге енгенімізде келіні қарсы алды. Амандық-саулық біліскен соң, таңғы астың үстіне келген бізді дастархан басына шақырып, әңгімесін өрбітті.

– Бұл Сарышаған – батыр Ра­қым­жанның қолтаңбасы қалған аумақ. Маньчжурияда соғыста болған менің Рақымжан Дәкенов есімді ағам екеуі 1949 жылы Сарышағанға келіп, құрылыс жұмысын бастаған. Ол кезде мен 9 жастамын. Алғашында бұл жерде Бекет болған. 50-жылдардың екінші жартысы Қазақстан үшін, соның ішінде біздің облыс үшін де жаңа құрылыстар мен қоныстойларының дәуірі болды. Партия тапсырмасына сәйкес, Рақымжан Қошқарбаев пен Рақымжан Дәкенов іске кірісті. Жұмысшыларды жұмылдырып, құрылысты кең көлемде жүргізіп, тұрғын үй, қойма, мектеп, асхана, мәдениет үйін, жатақхана, наубайхана және монша салды. Осынау құрылыстың басында қос Рақымжан жүргенін көзім көрді. Менің ағамның әйелінің аты Үкітай, ал Рақымжан Қошқарбаевтың әйелінің аты Гүлжиһан еді. Біздің үйге келіп тұратын. Әлі есімде, «Халық Қаһарманы» қолыма қалың дәптер мен қалам ұстатып мектепке жіберген. Содан кейін не жазып жүргенімді тексеріп отыратын. Батырдың тағдыры сынаққа толы екен. Гүлжиһан босануға барып, аурухана төсегінде көз жұмды. Баланы аман алып қалғанымен, нәресте 6 айлығында шетінеп кетті. Гүлжиһанды Приозерск қаласына шыға берісте жолдың сол жақ қанатындағы Исабектің Ақтайының шабындығындағы жалғыз төбенің басына апарып, арулап қойды. Алты айдан кейін шетінеген ұл баласын анасының қасына апарып жерледі, – деді Амангелді ақсақал дастархан басындағы мәслихатта.

Уақытты созбай біз де бірден Рақымжан атаның қолы тиген құры­лыс аумақтарын ақсақалдың нұс­қауы бойынша араладық. Ең бірінші батыр өз қолымен салған қоймаға бардық. Көлдің толқыны тастан соғылған қойманың қабырғасын еміп жатыр. Көнекөздің айтуынша, бұл қойма салынғанда Көкше теңіз алыс болған. Кейінгі жылдары бұл аумаққа су жайылып, тас қойма судың ортасында қалып қойыпты. Одан кейін, Балқаш көшесіндегі Рақымжан Қошқарбаев тұрған үй мен салған үйлерін және үйіндісі ғана қалған монша, наубайхана ор­ын­дарын көзбен көріп, қолымызбен ұстадық.

– Алғашқы кезде бұл жерде 1953 жылға дейін паровоз жүрген. Жалпы бұрын Түркістан-Семей те­мір жолы деп аталған. Өзім жас күнімнен теміржолда қызмет жасап, теміржолдан зейнеткерлікке шық­тым. Теміржол салынған соң құрылыс жұмысы қарқынды жүрді. Оған дейін құрылыс материалдары осы жерде құйылып, түйемен жеткізілді, – дейді Сарышағанның тарихын тарқатып берген қария.

Одан кейін Амангелді аға біздің сұрауымыз бойынша Рақымжан атаның асыл жары Гүлжиһан Сәрсенбайқызы жерленген жерге бастап барды. Марқұмның жерленген жері алыс емес екен. Кенттен көп ұзаған жоқпыз. Өзі айтқан Ақтайдың ша­бындығындағы жалғыз төбеге бар­­дық. Басына зират тұрғызылмағандықтан, бүгінгі күні қабірінің орнын табу қиын, жермен жексен болып кеткен. Бұл жерге 1965 жылы, Жеңістің 20 жылдығында Гүлжиһанның бір бауыры келіп, белгітас қойған екен. Бірақ, шөгіп кеткен қорым басында белгі кездестірмедік. Гүлжиһан Сәрсенбайқызы бес ағайынды болғанын 2014 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған қаламгер Жанболат Аупбаевтың «Ту тіккен» атты мақаласынан оқыған болатынбыз.

Рақымжан салған қойманың алдында Амангелді Тәкенов

Мақалада Рақымжан Қош­қарбаев былайша баяндайды: «Жан бағу үшін жұмысқа тұрдым. Педучилищеде оқитын Гүлжиһан атты бойжеткенмен таныстым. Бір-бірімізді ұнатқан соң, үй болып, отау құруға сөз байластық. Ата-­анасы қарапайым адамдар екен. Ақмоладан онша қашық емес, Бүксін өзенінің жағасындағы «Жаңа тұрмыс» колхозында тұратын болып шықты. Гүлжиһан бес ағайынды еді. Олар: өзі және Үмітжан, содан соң Жантас, Сабыр, Қадыр. Әкесі Сәрсенбай Қасенов сол кездегі замандастары секілді алдымен колхозда жұмыс істеген шаруа адамы, содан соң соғысқа барған майдангер-тін. Отағасының алдынан өтіп, батасын алған соң ол кісімен жақынырақ танысып, талай әңгімеге қанықтым. Гүлжиһан екеуміз үйленіп, отбасын құраған соң, сол кездегі аты жиі естіліп, жастарды жұмысқа шақырып жатқан «Мойынты-Шу» теміржол құрылысына аттандық. Сарышаған станциясындамыз. Үй берді. Кәсіп бар. Өмір жақсы. Бірақ ауа райы қатал. Күн ыссы. Жер сор­таң. Су ащы. Мұның бәріне көндігіп кетер ме едік, қайтер едік, егер бір бақытсыз оқиға болмағанда…

Зайыбымның аяғы ауыр. Әне-міне босанады деп сәби күтіп жүргенбіз. Көршілеріміз де жаны қалмай, Гүлжиһан мектептен кітап, дәптер бумаларын әкеле жатса, оларды көтертпей, алдынан шығып өздері үйге әкеп тастайтын. Сөйтіп жүргенде бір күні толғақ қысып, ауруханаға түсті. Содан ол сол жерден қайтып тірі шықпады. Өз аяғымен барып, өлі күйінде үйге оралды. Шешесін жұтқан шақалақ ұл бала еді. Алты айдан кейін ол да шетінеп кетті. Сонымен басқа ұрған танадай мең-зең болып, не істерімді білмей қалдым. Көрші-көлем, жора-жолдастарымның қолдарынан басу айтқаннан басқа не келеді. Жылы сөздерімен жәрдемдерін аямайды-ақ. Бірақ, менің еңсем көтерілер емес. Өстіп жүргенде еңбек демалысымның да уақыты келді. «Алматыға барайын», – деп ойладым іштей. Осы шешіммен Алатау баурайына қарай тарттым. Содан Сарышағанға қайта оралғаным жоқ» деп, батыр ішке түскен қайғысын шығарған екен.

Расымен де, Амангелді ағаның сөзіне сүйенсек, 1953 жылдан кейін Рақымжан Қошқарбаев өзі іргетасын қалаған кентке қайтып келмепті.

Ал, сүйген жары Сарышағанның жанындағы жалғыз төбеде мәңгілік тыныстап жатыр. Марқұмдар жатқан жерді мал аяғының астына бастырмай қоршалып тұрса, жол түсіп барған сайын аттап кетпей, адамдар Құран бағыштап қайтар еді…

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ-САРЫШАҒАН-БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button