ЖаңалықтарМәселе

Қоржынтүбекте қордаланған мәселе бар

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Приозерск қаласына жұмыс сапарымен барды. Онда өңір тұрғындарының әлеуметтік жайдайымен танысты. Жылыту маусымына дайындығын тексерді. Қала тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

Бұқара баспанаға алаңдайды

Биыл Приозерск қаласында кезекте тұрған 45 отбасы қоныс­тойын атап өтті. Жыл соңына дейін құрылыс бөлімі халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтары үшін тағы 60 пәтер сатып алуды жоспарлап отыр.

Дегенмен, тұрғындар апатты тұрғын үйлердің жағдайына шағымданып, мәселенің өзектілігін алға тартты.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев пен басқарма басшылары жұртшылықты қабылдаған «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында өткен кездесуге Приозерск қаласының тұрғыны Наталья Трифонова да келді.

Апатты үйлердің жағдайы туралы тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы Біржан Тәкенов кеңірек айтып берді.

– Қалада екі үй ресми түрде апатты деп танылды. Тағы төртеуін қазір комиссия тексеруде. Мамандардың алдын ала мәліметі бойынша, олардың екеуі де апатты деп танылды және қорытындылар қазан айының басында дайын болады. Осыдан кейін біз олардың ұсынысына сәйкес әрекет етеміз. Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған тұрғындар кезекке қосылады, – дейді Біржан Тәкенов.

Мұнда басқаларға қарағанда ТКШ-ға қатысты сұрақтар жиі айтылды. Приозерск тұрғыны Алексей Карпенко облыс әкіміне «Орталық газды көпқабатты үйлерге өткізуге бола ма?» «Үйішілік электр желілерін жөндеуге мүмкіндік бар ма?» деп сұрақ қойды.

Облыс әкімі электр желілерін жөндеуге ұзақ мерзімді пайызсыз кредиттер бөлу бойынша жұмыс жүргізу, газдандыру мәселелерінің қарастырылатынын айтты.

«Мені тыңдап, сұрақтарымды ескергеніне қуаныштымын», – дейді Алексей Карпенко.

Халықтың үніне билік өкілдері құлақ асуы үшін облыс орталығына барып, өңір әкімінің және кәсіпкерлердің жеке қабылдауына жазылудың қажеті жоқ.

– Мен қаладағы коммуналдық қызметтердің бағасын көтеру және интернет сапасын жақсарту туралы білгім келетінін жеткіздім. Тұщымды жауаптар алдым. Облыс әкімімен және басқарма басшыларымен осындай кездесулер қажет-ақ. Көптеген мәселе шешілетін болады, – деп есептейді жеке кәсіпкер Әділбек Бердімұратов.

Ермағанбет Бөлекпаев Приозерск тұрғындарының барлық сұрағын жазып алып, әрқайсысы бойынша жауапты ведомстволарға толық жауап беруді тапсырды.

Жылыту маусымына дайындық қалай?

Алдымен, аймақ басшысы жылу шығынын азайту және жылу­мен жабдықтауды жақсарту шаралары туралы есепті тыңдады. Биыл Приозерск қаласында 1974 жылы салынған қазандықтың жабдықтары жаңартылыпты. Бұл жылу сапасына қатысты көпжылдық мәселені шешуге көмектеседі.

Әзірге қалалық қазандықтың тозу салдарынан апаттар орын алған жылу желілерінің учаскелері ауыстырылған. Алда құбырларды оқшаулау да жүзеге асырылады.

– Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында №1, 4 және 5 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізілді. Екінші және үшінші қазандықтар ауыстырылды. Біз олардың жұмысының сенімділігін арттыр­дық, өткен жылы екі жаңа жылу алмастырғыш сатып алдық. Сондай-ақ, экономайзерлер де жөнделді. Бұдан бөлек, мазут та сатып алдық, қор бар. Жылыту маусымына дайынбыз, – деді «Сарышаған Сужылу – 2014» ЖШС басшысы Руслан Ғалымжанов.

Келесі жылы қазандық ғимаратын жөндеуге кірісу жоспарлануда. Шатыр мен қасбет жаңартылмақ.

Приозерск қаласында сумен жабдықтау мәселелері де сатылап шешілуде. Биыл Абай, Балқаш және Жеңіс көшелеріндегі су құбырының апатты учаскелері ауыс­тырылған. Бір шақырымға жуық жаңа құбырлар салыныпты.

Ермағанбет Қабдулаұлы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына да барды. Тұрғындар бұл нысанның ауадай қажеттілігі туралы осыған дейін бірнеше рет айтқан еді. Спорт нысанының құрылысы биыл басталды. Қазір негізгі қаңқа салынған. Инфрақұрылым тартылды. Мердігердің айтуынша, жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр. Кешен 2024 жылы тапсырылуы керек. Ашылғаннан кейін спортшылар күн сайын күрес, бокс, көркем гимнастика, баскетбол, футбол сынды түрлі спорт түрлерімен айналыса алады.

Спортпен шұғылдану үшін қалада стадионды абаттандыру жұмыстары да жалғасуда. Жасанды жабыны бар футбол алаңы, тартан жеңіл атлетикалық жүгіру жолы жасалды. Волейбол және баскетбол алаңдары орнатылған. Әрі қарай көпфункционалды хоккей корты, воркаут-алаң, жанкүйерлерге арналған трибуналар жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, биыл При­озерск қаласында Абай атындағы саябақ салына бастағанын атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button