АймақСаран

Орталық жылыту қазандығы орнайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8-ші шақырылған ел Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында биыл қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендердің жылусыз қалғанын, әбден тозған энергетика инфрақұрылымының әрең жұмыс істеп тұрғанын, оның қуатын қалыптастыру қажеттігін тағы да атап айтқан болатын.

Алты ай қыс болатын Арқадағы біздің облыста сондай тосын оқиға орын алмаса да, жер-жерде жағдайдың оңып тұрғаны да шамалы. Соның бірі соңғы уақытта өндірістік әлеуеті арта түскен Саран қаласы деуге болады. Мұндағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік-­өнеркәсіптік кәсіпорындар жылдар бойы 20 шағын қазандық арқылы жылытылып келген. Олардың мұржаларынан будақтап ұшқан түтін ауаны ластап қана қоймай, тозығы жеткен жабдықтары жамап-жасқап, жөндеу­мен ілдәлап күн кешкен еді.

– Енді келесі жылдан бастап сарандықтар бұл азаптан құтылады. Қаладағы қаптаған қазандық орнына бір ғана орталық қазандық орнайды, – дейді «Саран қаласының құрылыс бөлімі» ММ басшысы Салжан Балаубаев. – Ол экологиялық жағынан да тиімді. Өйткені оған Шұбаркөлдің ұсақ көмірі жағылып, ол одан әрі ұнтақталып, қазандыққа түсіп, жанғанда, одан тіпті күлі де қалмай­ды. Энергетиктер тілінде мұны «Қай­наған қабат технологиясы» дейді.

Міне, аталған маңызды нысанды салуға осы қалалық құрылыс бөлімі тапсырыс беріп, «Temir Zat» ЖШС болып белгіленген. Оның әу бастағы жобалық-сметалық құны – 6 939 256 448,08 теңге болса, кейінде құрылыс материалдары мен логистиканың қымбаттауына байланысты 2023 жылдың ақпанында ол қайта қаралып, 9 миллиард 118 миллион 574 мың 38 теңге болып бекітіліпті.

Сарандағы орталық қазандық­тың құрылысы 2020 жылдың қыр­күйек айының басында қала мен бұрынғы Резина-техникалық бұйымдар заводының аралығындағы ашық алаңқайда басталған. Жалпы құрылыс алаңы 10 722 шаршы метрді алып жатқан нысандағы жұмыстардың қазір 80 пайызы орындалып, бөлінген қаражаттың 5,2 миллиард теңгесі игерілген.

Мердігер компания құрылысшылары бүгінгі күнге дейін бас корпус, 1,2-отын босату галереясын, ұнтақтау және көмір қабылдау бөлімшелерін, қосалқы жөндеу цехын, алаңішілік кәріз тораптарын, әкімшілік-тұрмыстық кешені, өрт сөндіру депосы ғимараттарын салып бітірген. Бас корпуста 4 қазандық монтаждалып, престеліпті. Алда соның біреуі қаланы жылытатын болса, біреуі резервке қойылып, екеуі «Saran» индустриалды аймағы өнеркәсіп кәсіпорындарын жылумен қамтамасыз етпек.

Сондай-ақ, «Юбилейная» қосал­қы станциясынан орталық жылыту пунктінің ғимаратына жоғары вольтті (10 кВт) желі тартылған.

Қазірде қазандық құрылысы басындағы 80 құрылысшы насос станциясы мен резервуардың құрылысын жүргізіп, қазандық аумағына темір жол мен орталық жылыту пунктінің ғимаратына электр желілерін тартуды аяқтап қалыпты.

Осы салынып жатқан орталық қазандықтың жобалық қуаты – 120 Гкал екен. Жоспарға сәйкес оның құрылысы осы 2023 жылдың желтоқсан айының аяғына дейін толық бітіп, іске қосылған күнде Саран қаласындағы 282 көпқабатты тұрғын үй мен 20 әлеуметтік сала нысандарын, яғни 30 мыңдай адамды қыс мезгілінде тұрақты қамтамасыз еткелі отыр. Сөйтіп, жаңа жылыту орталығының игілігін көретін күн де алыс емес.

Ержан ИМАШ,
САРАН
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button