“Орталықта” онлайн-айтыс: Тілеген ӘДІЛ – Қайрат АСҚАР
Газеттің өткен санында жазғанымыздай жалынды жырдың жалауын желбіреткен жазба айтыс жалғасуда. Жаңа жобаны оқырман қауым асыға күтіп, көңілі қалаған ақынға қалыс қалмай дауыс беруде. Ендеше, аламанның ақтық сынына алқынбай жеткен қос жүйрік – Тілеген ӘДІЛ мен Қайрат АСҚАРДЫҢ сөз барымтасын назарларыңызға ұсынамыз, қадірлі оқырман.
ТІЛЕГЕН:
Келіп тұр қызыл тілмен тас қалағым,
Несіне сөз сөйлеуден жасқанамын.
Ассалаумағалейкум, оқырманым,
Сендерсіңдер бұзылмас тас қамалым.
Уақытты ұрламай, созбақтамай,
Жөн болар бұл айтысты бастағаным.
Қайғысыз ұрттап ішкен қара суын,
Аттаған абыроймен әр асуын.
Аңқылдақ әйнек көмей жігіт едің,
Ешкімнің аттамаған ала жібін.
Кісіге зияны жоқ досым едің,
Көрсеткен Балаусаға бар ашуын.
Қарсылас қарға бойлы Қайрат болды,
Қарғытқан қара өлеңнің қарасұрын.
Мөлдір ақын едің ғой мөлтілдетші,
Айырып арда жырдың ара – жігін.
Қараша елдің құмарын бір қандыршы,
Қара өлеңге тұнып бір қарашығың.
ҚАЙРАТ:
Қара өлеңге тұнып тұр қарашығым,
Қазақтың жырға ғашық баласымын.
Оқырманға онлайн сәлем беріп,
Бетке алдым мақсатымның дара шыңын.
Финалда маған бүгін жұп қылыпты,
Тілегендей арда өскен Алаш ұлын.
Ендеше, қалың елге көрсетейік,
Нағыз дос, аға-бауыр жарасымын.
Көшпенді елдің алтын бір сарқыты едің,
Сақтаған болмыс, ділін, бар асылын.
Тамыры тым тереңге кетіп жатқан,
Бұтағысың бәйтерек ағашының.
Динадай ақ жеңгемнің қалы қалай,
Үйдегі сегіз бала анасының?!
Сафиядай нәресте жатыр ма өсіп?
Танытып іңгәлаған тамаша үнін.
Карантин уақытында деген рас па?
Саны артады қазақтың баласының?..
Тілешім карантинге тәуелсіз ғой,
Ол үшін перзент – байлық, бала-шырын.
Тоқтамай даңғылымен тарта берсін,
Демограф Мақаш Тәтім ағасының!
Бізге жат арзан қалжың, әзіл ұсақ,
Ашса екен жанымыздың жазы құшақ.
Тілеш, кеше тазы итің мерт болыпты,
Мағауин суреттеген тазы құсап.
Жүр дейді содан қатты қапаланып,
Мұндайда қайран көңіл қажығыш-ақ.
Қайғыңа ортақтаса барсам деп ем,
Алдыма Русландай қажыны сап.
Өлген өлді, оны енді қайтармайсың,
Тірілерге жол берсін жазмыш ақ.
Көп адам жиналмасын деп жатыр ғой,
Ұшар ем, болып жатса әзір ұшақ.
Бекем бол, досым енді, көп қайғырма,
Мұхаңның кейіпкері Қазы құсап.
Мұндайда, рас, көңіл қиналғыш-ақ,
Үмітке үкілеген иланғыш-ақ.
Көп болсын ұрпағыңның несібесі,
Осынау оразада – иманды шақ.
Мұңайма, бала-шағаң аман болсын,
Ел-жұрттан өзің менен Дина алғыс ап.
«Шлаңгыңнан» мол ағып, есеңгіреп,
Тек қуан, көлік жуғыш Иван құсап!
ТІЛЕГЕН:
Тек қуанып жүр дейсің Иван құсап,
Әр сөзің тірсегімді қиған пышақ.
Кел-дағы көңілімді көтеріп қайт,
Алдыңа Русландай имамды сап.
Қазан асып қояйын бүлкілдетіп,
Ішіне қазы-қарта қимамды сап.
Күтіп сені жіберем хан ұлындай,
Астыңа былқылдатып диванды сап.
Алдыңа Русландай ағаңды сап,
Жайғалы кеп тұрсың-ау маған құшақ.
Итке көңіл айтқаның бір түрлі екен,
Қу Қайрат, сөйлесеңші адам құсап.
Көк жендет, Қараторғай қатар кетіп,
Өмірге жая алмаған атаң құшақ.
Қарғысын қолыма ұстап қапаландым,
Айырылған Басаралыдан Ақан құсап.
Айтысты бастадың ау көне-түре,
Тілешті отырғызып жел өтіне.
Сол тазыға қызығып ед Мақсат ақын,
Байғұстың көрінді ғой өлетініне.
Көршінің иті талап өлтіріпті,
Азуын салған екен көк етіне.
Итінің жеңгеніне мақтаныпты,
Арашаға түспепті со бетінде.
Сол төбеттің иесі сенің жездең,
Кел-дағы ақылыңды айтып өре тіле.
Ерсіннің тіліменен айтқан кезде,
«Жат деп неге айтпаған төбетіне!»
ҚАЙРАТ:
Айрылған тазысынан сері Ақандай,
Сен-дағы қайғырыпсың ер атаңдай.
Өзгеге жем болатын жайың анық,
Жарасқан ынтымағы ел атанбай.
Абайша «жұрт құтыртқан» жаман әдет
Татулық, берекеңе оқ атардай.
Өзіміз жатсақ итше ырылдасып,
Ұлтымыз не болады алақандай?!
Иті үшін мақтанған жан бөтен маған,
Жайым жоқ туыстыққа қаратардай.
Адамның иттігінен сақтап бізді,
Бойымызға ізгілік тарат, Алла-ай!
«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл,
жылы жүрек»
Жүрміз-ау кәдемізге жарата алмай.
Итке де көңіл айтам қажет жерде,
Құны болса келелі нар атандай.
Сенің де қазынаңа қайта айналсын,
Көкжендет, Басарала, Қараторғай!
Жігіт ең асқа, тойға бара-тұғын,
Қалың ел лебізіне қана-тұғын.
Талайды тамсандырған шаршы топта,
Мәйекті, уызы мол дара тілің.
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауда,
Ырзығын қызыл тілмен таба-тұғын.
Асабалық қызметі аспанға өрлеп,
Кредитін сол еңбекпен жаба-тұғын.
Аптаның төрт күнінде той басқарып,
Алқынбас арғымақтай шаба-тұғын.
Жұрт тойсыз, асабалар жұмыссыз қап,
Төндіріп тұр ма заман қара түнін?
Бұл індет тез жойылып, күн туса екен,
Еңбегің қайта маздап жана-тұғын.
Тойменен асыраушы ең отбасыңды,
Жағдайың не боп жатыр, нар ақыным?!
Қайда екен шалқып өмір сүретіндер,
Мал шашып, күнде тойлап жүретіндер.
Дубайда, Сингапурда тойын жасап,
Құр мақтан, қызыл сөзге күлетіндер.
Төбеңнен тікұшақтан ақша шашып,
Сарайға лимузинмен кіретіндер.
Шоумендер түсті ме екен тәубесіне,
Тойларын «халтура» деп білетіндер.
Әншілер тойсыз қалып мұңайды ма,
«Фанерамен» лапшасын ілетіндер.
Алғысқа кенелді ме, қарғысқа, әлде,
Ұтысқа пәтер, көлік тігетіндер?
Талайдың сыпырылды бетпердесі,
Ит жоқта шошқа болып үретіндер.
Келмейді-ау оңайлықпен енді заман,
Жайлауда қымыз ішіп, сүр етін жер…
ТІЛЕГЕН:
Көк жендет келіп қонар қара жонға-ай,
Талады бейшараның қанаты ол да-ай.
Бас аман болса келер Басарала,
Із салар қарашада қара жолға-ай.
Астына қанатының маржан тағып,
Қолыма келіп қонар Қара торғай.
Той да жоқ басқаратын ас та жоқ қой,
Ортайды ақша салар ала дорба-ай.
Бірақ менде кредит жоқ уайымдама,
Өлеңіңді отырсың дара жолдай.
Той-думанды сағынып ел-жұрт отыр,
Биленбей қамажай мен қара жорға-ай.
Ең бастысы Отаным тыныш болсын,
Ғаламат күн кешсе екен Алаш оңды-ай.
Карантин деген ол да уақытша,
Тәйірі бір күн сасып қалады олда-ай.
Қазаққа жалғыз Құдай жар болды ғой,
Тайлағы өсіп, көш бастар нар болды ғой.
Әнші, күйші, асаба шоумендерің,
Бір-біріне сүйеніп пар болды ғой.
Алшаң-алшаң басатын, ақшалары,
Таусылған соң адымы тар болды ғой.
Бес жүз мыңға келмейтін байшыкештер,
Бес мың теңге тойына зар болды ғой.
Талабы тай жейтұғын талантты едің,
Таланты тас жаратын талапты едің.
Жоқ -жітікке жүруші ең көмектесіп,
Ойдан-қырдан жинайтын сауапты ерің.
Екі ай қалай шыдадың төрт бөлмеде,
Көңілі көкке сыймас қанатты ерім.
Жұмысың ақсап қалды-ау, о жақтағы,
Біреуі ең қызметтегі сауатты ердің.
Карантин саған қатты тиген шығар,
Жұмысқа өте сондай «жауапты» едің.
ҚАЙРАТ:
Жауапты атқарам деп жұмысымды,
Жүр едім, заман қысты тынысымды.
Үйде екі ай қамалған жоқ досың, бірақ,
Қарттарға көмек қолын мың ұсынды.
Тасыдым азық-түлік, дәрі- дәрмек,
Жастарға танытсам деп дұрыс үлгі.
Күн сайын сауапты іске ат салыстым,
Бірақ та бұлдамаймын бұл ісімді.
Телмірткен терезеге қалың елді,
Тәңірдің бұл да сынақ, сыны сынды.
Кештерде желілерден жыр жолдадым,
Еш індет алмасын деп тынышымды.
Өзің де ән жолдаған шығарсың-ау,
Жігіт ең жез таңдайлы, күміс үнді.
Бұл індет тез жойылып, күн туса екен,
Шалқытар берекем мен ырысымды.
Бірлік пен татулығы мықты болса,
Алаштың тез туады күні сырлы!
Бұл індет қалаңды алды, далаңды алды,
Оңай жау еместігін бәрі аңғарды.
Тоқырау заман таяп күллі әлемге,
Адамзат – ертеңі үшін алаңдаулы.
Түсірді тез арада тәубесіне,
Тойымсыз, ысырапшыл адамдарды.
Көз жетті көп нәрсенің қадіріне,
Мақсатқа ұмтылған жөн адам мәнді.
Жұрт едік тұлпартекті, қыран рухты,
Білетін қасірет деп қамалғанды.
Төтенше жағдайыңыз төтеннен кеп,
Жанына жұрттың уайым жамалған-ды.
Құрсауы аты өшкірдің сәл босаңсып,
Уақытың қамақтағы тәмамдалды.
Дегенмен, қайсар рухты халықпыз ғой,
Қисапсыз жеңген нәубет замандарды.
«Бұл күн де өтер…» – деген жазудан ел,
Сүлеймен жүзігінен мән аңғарды.
Арылмай Алашымнан ырыс, бақыт,
Ай, Күнім тұра берсін аман мәңгі!
ТІЛЕГЕН:
Қар жауса қара жерге қақ тұрар ма,
Кейбіреу ақын сөзін жақтырар ма?
Ал досым осыменен аман боп тұр,
Жөн жоқ қой бірімізді лақтырарға.
Дос болып сыйластықпен біз өтейік,
Бір бес күннің орыны жоқ аптығарға.
Қай жүлдесі татиды бұл айтыстың,
Қайратты араз, Тілешті жат қыларға!
Сен менің – сырымдасың, жырымдасың,
Аспанда ай мен жұлдыз жымыңдасын.
Бұл вирустан құтылып менің ұлтым,
Ешқандай пәлекетке ұрынбасын.
Елді ойлайтын ерлерім құбақан боп,
Мүйзі тұқыл бұғыдай бұғынбасын.
Қызғалдақтай қыздарым қурамасын,
Тамыры топырағынан жұлынбасын.
Құт келіп қазағыма, ырыс келіп,
Жұт келіп тай -тұяғың қырылмасын.
Түніне елу қойың егіз туып,
Күніне қырық жылқың құлындасын.
Сөз соңында тілегім, ел аман боп,
Тәуелсіз елдің туы жығылмасын.
ҚАЙРАТ:
Жүректі ақ тілегің жылытқасын,
Беттейін таза ниет, тұныққа шын.
Төтенше жағдай кеше аяқталып,
Көңлінде қалың жұрттың үміт басым.
Арқаны кеңге салу қате бірақ,
Карантин тоқтаған жоқ, ұмытпасын.
Әзірге тәртібіне мығым болып,
Нәпсіні, бейқамдықты құлыптасын.
Таратып аңғал елге жалған ақпар,
Жүргеннің өтірігін құрықтасын.
Жаңғырып алты Алаштың асыл рухы,
Ақылман ұлы Абайын ұлықтасын.
Ақ пейіл, аяулы елім жасай берсін,
Асыл дос, сен де аман бол, рухтасым!
Дауыс беру аяқталды!
*Ескерту: Қос ақынға дауыс беру 21 мамыр сағат 21:00-де аяқталады.
Дауыс беру «Инстаграм» желісіндегі ресми парақшамыздың «Оқиғалар» (Сториз) бөлігінде де жүргізіліп жатыр.
Сілтеме — @Ortalyq.kz
*Ескерту: «Инстаграм» желісінде дауыс беру 24 сағат ішінде аяқталады (19 мамыр сағат 21:00)
Пікірлеріңіз болса Уатсапқа жазуға болады.
Сілтеме — Whatsapp