Жаңалықтар

Жаңа дәуір, жаңа талап, жаңа бағдар

Қызыққа толы жазғы каникул мерзімі аяқталып, білім ошақтарында «Алғашқы қоңырау» сыңғыры естілер сәтке де санаулы күн қалды. Осы айтулы кезеңде аймақта білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз конференциясы өтіп, ұстаздар қауымы алдағы уақыттың басты межелерін айқындады. «Жаңа халықтық конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында өрбіген жиын аясында білім сапасы, жасанды интеллект мүмкіндігі, инклюзия, бала әл-ауқаты мен оқу мәдениеті сияқты заман талабынан туған сан салалы сауалдар сараланды. Облыстың білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев тізгіндеген басқосуға сала ардагерлері, тәжірибелі педагогтер, жас мамандар мен сарапшылар жиналса, өңірдегі мыңдаған мұғалім жиынға онлайн қосылып, жаңа оқу жылының басты басымдықтарымен танысты.

Суреттерді түсірген АЛЕКСАНДР МАРЧЕНКО

Мектептің жаңа келбеті
Келелі кеңес басталмас бұрын қатысушылар білім берудегі инновациялық жобалар көрмесін тамашалады. Мұнда мектепке дейінгі тәрбиеден техникалық және кәсіптік білім беруге дейінгі озық жобалар, цифрлық құралдар, инклюзивті білім мен тәрбие жұмысындағы тың шешімдер таныстырылды.

Солардың бірі – өңірдің білім беру жүйесімен төртінші жыл қатарынан бірлесіп жұмыс істеп келе жатқан Edu Test онлайн платформасы.

– Бағдарламамызда ҰБТ, МОДО, PISA, БИЛ, НЗМ мектептеріне іріктеу және өзге де тестілеу жүйелеріне дайындық қарастырылған. Платформаның басты артықшылығы – мониторинг жүргізіп, қатемен жұмыс істеуге, тест нәтижесін жан-жақты саралауға мүмкіндік беруі. Бұдан бөлек, бейнесабақ, прокторинг және кәсіптік бағдарлау бағыттары бар, – деді платформа қызметкері Альбина Жаңабай.

Цифрлық мүмкіндік ауқымы жаңа оқу жылында бұдан әрі кеңеймек. Қазір облыс мектептерінде мұғалімдерге тапсырманы тексеруге, сабақ жоспарын құруға және оқу материалдарын іріктеуге көмектесетін ROQED AI жасанды интеллект көмекшісі қолданылуда. Ал, «Әдістемелік банкомат» жобасы арқылы педагогтердің үздік тәжірибесін өзге мектептерге тарату көзделген.

Құқықты білу жауапкершілікті сезінуден басталады
Пленарлық отырыста алғаш болып сөз алған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Айжан Жатқанбаева құқықтық мәдениетті бала кезден қалыптастырудың маңызына тоқталды.

– Біз әрбір баланың бойында құқық пен заңның рөлі туралы сыни ойлау негізін қалыптастыруымыз керек. Конституция қағидалары қағаздағы норма күйінде қалмай, күнделікті өмірдің өлшеміне айналуы қажет, – деді Айжан Жатқанбаева.

Бұл бағыт жаңа оқу жылындағы білім мазмұнынан да көрініс таппақ. 5-7-сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11-сыныптарда «Заң мен тәртіп» міндетті курстары енгізіледі.

Жаңа оқу жылындағы өзгерістерді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова тарқатты. Күні кеше ғана жаңа қызметке тағайындалған ол алғашқы жұмыс сапарын кеншілер өлкесінен бастағанын да айта кету керек.

– Біздің ортақ мақсатымыз – білімді, еңбекқор, жауапты әрі жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Әр баланың сапалы білім алып, қабілетін толық ашуына жағдай жасау – алдымыздағы басты міндет. Сондықтан, бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алынып тасталады. Басымдық баланы жиі бағалауға емес, оқу материалын терең түсініп, алған білімін іс жүзінде қолдануына беріледі. Оның орнына жазба жұмыстары мен диктантқа, оқу, жазу, математикалық және функционалдық сауаттылықты арттыратын тапсырмаларға көбірек көңіл бөлінеді. 5-9-сыныптарда іргелі пәндерді тереңдетіп оқытуға мән беріліп, 8-9-сыныптарда Қазақстан географиясын аптасына екі сағат оқыту көзделген. Жоғары сыныптарда негізгі пәндерді міндетті оқыту бекітіліп, қысқартылған үлгілік оқу жоспарларынан бас тартамыз, – деді Шынар Ақпарова.

Ал, мектепке дейінгі білім беру жүйесінде де сапаға қойылатын талап күшейеді. Келер жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру қызметін лицензиялау қарастырылмақ.

Бірінші вице-министр жасанды интеллектіні білім жүйесіне енгізудегі ұстанымның да айқын екенін атап өтті. ЖИ мұғалімнің орнын баспайды. Керісінше, жоспарлау, бағалау, сараланған тапсырмалар әзірлеу тәрізді күнделікті жұмысты жеңілдетіп, педагог уақытын үнемдеуге тиіс. Бұл мүмкіндік ауыл мектебіне де қаладағыдай қолжетімді болуы қажет.

Өңірдегі өзгерістің өлшемі – нәтиже

Республикалық деңгейдегі міндеттер аймақта нақты жетелі жобалармен жалғасып келеді. Облыстың білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаевтың мәліметінше, 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 90,9 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін екі мыңға жуық жаңа орын ашылып, көрсеткішті 96,4 пайызға жеткізу межеленген. Қарағанды қаласында ваучерлік қаржыландыру 123 мектепке дейінгі ұйымды қамтып, 600 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеген.

– Реновация бағдарламасы аясында алдағы екі жылда 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Бүгінде пәндік кабинеттермен қамту деңгейі 90 пайызға жетіп, 220 мектепте роботтехника зертханалары жұмыс істейді. Білім сапасын басқаруда да цифрлық мүмкіндіктерді кеңейтіп келеміз. EduTest.kz жүйесіндегі «Білім тексеру сынағы» оқушының білім деңгейін МОДО және PISA нәтижелерімен салыстырып, әлсіз тұстарын анықтауға мүмкіндік береді. Ал, «Білімал» платформасындағы мектепішілік бақылау модулі өткен оқу жылында 30 мектепте сыналып, жаңа оқу жылынан облыстың барлық мектебіне енгізіледі. Мықты мектеп есеппен емес, мәселені дер кезінде көріп, оның шешімін таба алатын адамдардан басталады, – деді Дулат Жекебаев.

Басқарма басшысының баяндамасына сәйкес, инклюзивті білім беру бағытындағы жұмыс та ауқымын кеңейтіп келеді. Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 17 мыңнан астам бала болса, олардың 92,1 пайызы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Қажетті жағдайдың жасалуы нәтижесінде бұрын үйде білім алған 364 бала бүгінде мектеп қабырғасында қатарымен бірге білім алып жүр.

Білімнің болашағы – бүгінгі шешімде

Тамыз кеңесінде тәрбие мен руханият та назардан тыс қалған жоқ. «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков Қарағандыда бастау алған бастаманың оқырман ұлт қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

Пленарлық отырысты түйіндеген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев білім саласындағы басты міндет әр балаға сапалы әрі қолжетімді білім алуға лайықты жағдай жасау екенін атап өтті. Ермағанбет Қабдулаұлының бүгінде облыс бюджетінің шамамен 48 пайызы осы салаға бағытталғанын, соңғы үш жылда өңірде 13 жаңа мектеп бой көтеріп, оның 10-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынғанын айтты.

– Біздің басты міндетіміз – әрбір балаға лайықты жағдай жасау. Алдағы оқу жылы серпінді шешімдер мен инновациялар кезеңі болуы тиіс. Ауылдағы оқушының да қаладағы баламен бірдей мол мүмкіндігі болуы керек. Сонымен бірге, баланың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты білім сапасынан бөлек қаралмауға тиіс. Сондықтан, облыс балалардың әл-ауқатының өңірлік индексін әзірлеп, енгізу қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Конференция соңында білім саласының бірқатар қызметкеріне Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ы.Алтынсарин» медальдары және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі табысталды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button