Бас тақырыпЖаңалықтар

Өндіріс маманды өзі даярлайды

Бүгінгі еңбек нарығына құр диплом емес, өндіріс ырғағына бейімделген, заманауи техниканы еркін меңгерген майталман маман қажет. Әсіресе, өнеркәсібі өркендеген кеншілер өңірінде теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың маңызы зор. Осы орайда білім мен өндіріс арасын жақындастыратын басты тетік – дуальды оқыту жүйесі. Студентті оқу орнында жүріп-ақ, кәсіпорын тынысымен таныстыратын бұл әдіс жас маманға білігін шыңдауға жол ашса, жұмыс берушіге болашақ кадрын ертерек танып-білуге мүмкіндік береді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Кәсіби машық қалыптастырылды

Аймақта бұл бағыттың ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. 2024-2025 оқу жылында дуальды оқыту жүйесімен 35 колледждің 6 948 студенті қамтылса, 2025-2026 оқу жылында олардың саны 8 132-ге жеткен. Бүгінде 37 колледж білім мен еңбекті қатар өрбіткен осы тәсілді қолданады. Ал, маман даярлау ісіне өңірдегі 464 кәсіпорын мен ұйым тікелей араласып отыр.

Бір қарағанда, мәселенің мәнісі студент санында емес. Әйткенмен, дуальды оқытудың шынайы бағасы өндіріс табалдырығын студент болып аттаған жастың ертең сол жерге білікті маман болып оралуымен өлшенсе керек. Ендеше, оқу мен еңбекті қатар ұштастырған бұл жүйе жас маманды нақты жұмыс орнына қаншалықты жақындатып отыр?

Дуальды оқытудың дәстүрлі оқу жүйесінен негізгі айырмасы – жұмыс берушінің маман даярлау үдерісіне сырттай бақылаушы болып қалмауында. Кәсіпорын студентті тәжірибеге қабылдаумен қоса, оның бойында өз өндірісіне қажет кәсіби машықты қалыптастырады.

– Дуальды оқытудың артықшылығы да сол – студент теориялық білімін өндірісте бірден бекітеді. Жұмыс беруші де болашақ маманын сырттан іздемей, оны оқу кезеңінен бастап, өз өндірісінің талабына бейімдейді. Студент кәсіпорынның жұмыс тәртібін, технологиялық үдерісін, ұжыммен жұмыс істеуді ертерек меңгереді. Соның нәтижесінде диплом алғаннан кейін еңбек ортасына қайта бейімделуге уақыт жоғалтпайды, – дейді облыстың білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Айгерім Түркенова.

Бұл тәсілдің көшелі көрсеткішін жұмысқа орналасу нәтижесінен аңғаруға болады. Білім басқармасының мамандары ұсынған мәліметке жүгінсек, дуальды оқытумен қамтылған 2 596 түлектің 1 200-і тәжірибеден өткен кәсіпорнына тұрақты жұмысқа қабылданған. Яғни, студент кезінде барған өндіріс орны мыңнан астам жас үшін кейін нақты жұмыс орнына айналған.

Әйткенмен, бұл көрсеткішті дуальды оқытудың түпкі нәтижесі деп біржақты бағалау дұрыс болмас. Қолда бар деректе қалған түлектердің қаншасы өзге кәсіпорындарға орналасқаны, білімін жалғастырғаны немесе басқа бағытты таңдағаны жеке көрсетілмеген. Сондықтан, жүйенің тиімділігін тек тәжірибеден өткендердің санымен өлшеу жеткіліксіз. Мұндағы басты мәселе – студент алған кәсібін еңбек нарығында кәдеге жарата алды ма, жоқ па – осы.

Әйтсе де, бір нәрсе анық. Жас маман өндіріс есігін диплом алғаннан кейін алғаш рет ашқаннан гөрі, сол ортаның тәртібі мен талабын оқу кезінде танығаны әлдеқайда тиімді. Өйткені, мамандықты меңгеру – станоктың тетігін немесе технологиялық үдерістің ретін жаттап алумен түгесілмейді.

Оқу бағдарламасын өндіріс те жасайды

Дуальды оқытудың жауапкершілігі студентті кәсіпорынға тәжірибеге жіберумен ғана шектелмейді. Егер колледждегі оқу мазмұны өндірістегі технологиядан кейін қалып қойса, тәжірибенің өзі де күткен нәтижеге жеткізбейді. Сондықтан, маман даярлау ісіне жұмыс берушілердің тікелей араласуы маңызды.

Облыстың білім басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2024-2026 жылдар аралығында кәсіпорындармен бірлесіп 303 білім беру бағдарламасы әзірленген, яки жаңартылған. Жұмыс берушілер оқу бағдарламаларын жетілдіруге, сондай-ақ, емтихан мен қорытынды аттестаттауға қатысады. Кейбір мамандықтар бойынша студенттің кәсіби машығы демонстрациялық (онлайн желі) емтихан арқылы бағаланады.

Мұның астарында қарапайым ғана талап бар. Колледж кешегі өндіріс үшін емес, ертеңгі еңбек нарығы үшін маман даярлауы керек. Өйткені, технология тұралап тұрған жоқ. Кеше қолмен атқарылған жұмыстың бір бөлігі бүгінде автоматтандырылған жүйеге көшті.

Сондықтан, оқу бағдарламалары да өндірістегі өзгеріс көшіне ілесіп келеді. Айгерім Өміртайқызының айтуынша, тау-кен өндірісі мен энергетикада автоматтандыру мен цифрландыруға, ақпараттық бағыттарда жасанды интеллект, деректерді талдау, киберқауіпсіздік пен бұлтты технологияларға қатысты мазмұн енгізіліп жатыр. Ал, жұмысшы мамандықтарында заманауи дәнекерлеу тәсілдері, бақылау-өлшеу аспаптары және сандық бағдарламалық басқарылатын жабдықпен жұмыс істеу дағдыларына басымдық берілмек.

Қамту артты, нәтиже ше?

Оқытушы студентке кәсіптің теориялық негізін үйретсе, өндірістегі аға маман сол білімнің нақты тұжырымы қалай іске асатынын көрсетеді.

Осындай байланыстың нақты мысалын теміржол саласынан көре аламыз. Қарағанды теміржолшылар колледжінің II курс студенті Жарқын Рымқұл өндірістік іс-тәжірибеге шыққанда, оның ойында бірден жұмысқа орналасу болған жоқ.

– Семестр біткенде өндірістік іс-тәжірибеден өтіп, одан кейін ауылға демалысқа барамын деп ойладым. Бірақ, тәжірибе кезінде сол жерден жұмысқа қалу туралы ұсыныс түсті. Үйдегілермен ақылдасып едім, олар да қолдады. Оқуды да жалғастырып, қатар жұмыс істеп жүргеннің пайдасы көп екен. Бір жағынан, теориялық білімімді толықтырсам, екінші жағынан, мамандығымды өндірісте меңгеріп, жетілдіріп келемін, – дейді колледждің II курс студенті Жарқын Рымқұл.

Бір қарағанда, Жарқын өндірістік тәжірибеге жұмыс іздеп барған жоқ. Бірақ, тәжірибенің өзі оған жұмысқа апарар жол ашты. Бұл – дуальды оқытудың қағаздағы көрсеткіштен нақты еңбекке айналған тұсы.

«Qarmet» компаниясына қарасты Қарағанды жүк тиеу-көлік басқармасының «Восточная» теміржол станциясының бастығы Рамазан Әлекенов осы саланың ыстығы мен суығын қатар көрген маман. Ол теміржолдағы еңбек жолын пойыз құрастырушыдан бастап, 33 жыл ішінде станция бастығына дейінгі кәсіби сатылардан өтті.

– Осы жылдар ішінде талай жас маман келіп, талайы кетті. Шыны керек, бұл – машақаты мол жұмыс. Алғашқы кезде табысы да көңілдегідей бола бермейді. Сондықтан, тұрақтамай кететіндер көп. Бірақ, бәрі бірден емес, біртіндеп болатынын ескерсек, сарыауыз, жас маманды біртіндеп баулып, қанаттандыру керек. Жарқынға дейін де бірнеше шәкіртіміз болды, одан кейін де болатынына шүбә жоқ. Біздің міндетіміз – оларға бар білгенімізді үйретіп, өндірістің оң-солын таныту, – дейді Рамазан Әлекенов.

Сайып келгенде, дуальды оқытудың ауқымы уақыт озған сайын ұлғайып келеді. Колледждер саны көбейді, кәсіпорындар қатары артты, мыңдаған студент өндірістік ортаға араласты. Десе де, кез келген жүйенің бағасы оның қанша адамды қамтығанымен емес, қандай нәтиже бергенімен өлшенеді.

Сондықтан, ендігі меже – саннан сапаға көшу. Кәсіпорын бүгін студентті дұрыс баули алса, ертең дайын маман іздеп сабылмайды. Ал, жасөспірім оқу кезінде-ақ, еңбек ортасына бейімделсе, диплом алғаннан кейін кәсіби жолын қайта басынан бастамайды. Дуальды білімнің шынайы мәні де осында болса керек.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button