Ортақ мүддемен – олжалы белестерге

      Бұған дейін жазғанымыздай, жуырда облыстық мәслихаттың кезекті Х сессиясы өтті. Депутаттар алдында есеп берген облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ биылғы сегіз айда жеткен оң өзгерістерге тоқталып, алдағы жоспарлы жұмыстармен таныстырды.

– Биылғы жыл оң өзгерістерге толы. Елбасы үшінші жаңғырту, экономиканың жаңа моделін құруға және рухани жаңғыруға жол сілтеді. Мақсат – әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу.

Иә, халқымызда «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген даналық сөз бар. Жергілікті атқарушы билік пен мәслихаттардың депутаттары бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесінде, біз облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қол жеткіземіз.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Әрбір салаға тың серпін беретін жобалар – елдің игілігіне бағытталған. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды ауыз толтырып айтуға болады. Өзекті мәселелер де жоқ емес, – деді Ерлан Жақанұлы.

Облыста жыл соңына қарай өндірістегі өнім өндіру өсімі 2 пайызға жетеді деп күтілуде. Аймақтың экономикасы тұрақты дамудың жолына түскен. Базалық индикаторлар 4,2%-ға өскен.

– Біз барлық резервтерімізді сараптап шығып, облыстың даму жоспарын құрдық. Ол экономиканың 2,1%-ға өсуіне негіз болады. Бастапқыда 1,8% болады деп жоспарланған еді, – деді аймақ басшысы. – Үкіметпен жұмыс белсенді жүргізіле бастады. Соның нәтижесінде, республикалық бюджеттен қосымша 19,4 млрд. теңге жұмылдыруға мүмкіндік туды. Алдағы уақыттағы бюджетті нақтылауда біз тағы 5 млрд. теңге бөлінер деген сенімдеміз.

Облыс әкімі өсім драйверлерін де атап өтті – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік. Өткен жылғы осындай мерзіммен салыстырғанда, жыл басынан бері облыста өнеркәсіп өндірісі 236 млрд. теңгеге өскен.

– Осы жазда облыста үш жаңа кәсіпорын іске қосылды. Абай қаласындағы «Волынка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шұжық цехы, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы отқа төзімді материалдар зауыты және Теміртау қаласындағы «КазГазоблок» зауыты. Сонымен қатар, «RecyclingCompany» машиналарды жою зауытының бірінші кезегі тапсырылды, – деді аймақ басшысы. – Жыл соңына дейін Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша 350 қосымша жұмыс орнын қамтамасыз ететін жалпы құны 5,9 млрд. теңгені құрайтын тағы 6 өндірісті іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Ерлан Қошанов көпшіліктің назарын Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында айтып өткен үшінші жаңғырту міндеттеріне аударды.

– Біздің жүйеқұрушы кәсіпорындарымыз бұл өзгерістерге әзір. Тек, осы жылдың өзінде-ақ олар жаңғырту мен өндірісті сандық жүйеге ауыстыруға 140 млрд. теңге инвестиция құйып отыр. Ол өткен жылмен салыстырғанда, 25 %-ға артық деді, – облыс басшысы.

Болжам бойынша, аймақтағы инфляция деңгейі жыл соңына қарай белгіленген шекте сақталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, азық-түлік өнімдері бағасын тұрақтандыруға қол жеткіздік. Инфляциялық үдерістерді сақтап қалу мақсатында, тағы қандай шаралар жүзеге асатыны да аймақ басшысының назарынан тыс қалмады.

– Өздеріңіз білетіндей, жыл басында облысымыз аутсайдерлер қатарында еді. Бағаның өсу қарқыны республикалық көрсеткіштен артты. Мәселе зерттелді. Біз  жедел және жүйелі шаралар қабылдадық, өнім өндірушілер мен сауда желілерімен серіктестікті қалпына келтірдік. Нәтижесінде, азық-түлік өнімдері бағасының өсуін былтырғы жылмен салыстырғанда, 0,8%-ға төмендетуге қол жеткіздік, – деді Ерлан Кошанов.

Билік өкілдері картоп пен көкөніс қорын сақтау бойынша ірі шаруашылықтарымен өнімді маусымаралық кезде тіркелген баға бойынша саудалау үшін меморандумдар қабылдады. Өнім қорының үлесі 3600 тоннаны құрайды. 800 тонна картоп пен көкөністен құралатын тұрақтандыру қоры қалыптасады.

Аймақ басшысының пайымдауынша, жыл қорытындысы бойынша инфляция деңгейін белгіленген шекте ұстауға мүмкіндік бар.

Қарағанды облысында биылғы жылы полиция қызметін жабдықтауға жұмсалатын қаражат көлемі де ұлғайтылды. Алдағы екі жылда ішкі істер органдарының қажеттіліктеріне шамамен 4 млрд. теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Облыс әкімі депутаттар алдындағы есебінде бұл мәселеге де егжей-тегжей тоқталды.

– Біздің учаскелік инспекторларымыз бен жол-патруль қызметкерлері тиімдірек жұмыс істей бастады. Соның нәтижесінде, ұрлық – 20%-ға, қарақшылық пен бұзақылық – 40%-ға, қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылықтар 7,1%-ға қысқарды.

Биылғы жылы ішкі істер органдары үшін 136 автокөлік, мыңға жуық  бейнетіркеуші құрылғылар мен радиостанциялар, сонымен қатар, қару-жарақ сатып алынды. Айта кету керек, алғаш рет қаржыландыру көлемі 2014-ші жылдан ұлғайтыла бастаған.

Бұл жұмыс әрі қарай да жалғаса береді. Біз алдағы екі жылда шамамен 4 миллиард теңгені ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағыттаймыз, – деді облыс әкімі.

Ерлан Жақанұлы аймақтың әлеуметтік саласын дамытуға бағытталған жұмыстарды да сессия жұмысында сөз етті.

Облыс әкімінің есебі бойынша жарыссөзде облыстық мәслихат депутаттары Ж.Штергер мен С.Оспанов сөз алды.

Саят ОСПАНОВ, облыстық мәслихат депутаты:

– «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – елімізді әлемдік өркениет жолына бастайтын бағдаршам іспетті. Мемлекет басшысы барлығымызға туған жерді түлетіп, жақсартудың дәйекті бағытын ұсынды. «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді», – деді Президентіміз. Міне, осы ұлттық рухани бай мұрамызды жан-жақты насихаттап, ел игілігіне айналдыру – аса парасатты әрі жауапты іс.

Арқаның алтын тәжі атанған Қарқаралыны тарихтың терең қоймасы, құпиясы мол сыр сандығы десе болады. «Атыңнан айналайын, Қарқаралының» киелі топырағынан Алаштың аймаңдай азаматтары мен тарланбоз таланттары түлеп ұшты. Соның бірегейі – Ұлы Дала данышпаны, бекзада бабамыз Қаздауысты Қазыбек би. Әділет пен ақиқаттың алдаспаны, кемел кемеңгердің 350 жылдық торқалы тойы иісі қазақ баласын сүйсіндіріп, тамсаңдырған тамаша тағылым үлгісі болды. Рас, той – халық қазынасы. Алайда, оны ұйымдастырып өткізу айтарлықтай қажырлық пен белсенділікті талап ететіні анық. Осы орайда, облыс басшысы, Ерлан Жақанұлы той тізгінін тікелей өз қолына алып, үлкен абыроймен өтуіне бақылау-басшылық жасады. Қарқаралы, Қарағайлы, Егіндібұлақ өңіріне екі мәрте ат ізін салып, халықтың тыныс-тіршілігімен етене танысып, тиісті тапсырмалар берген еді. Соның нәтижесінде, Қарағайлы кенті мен Егіндібұлақ селосында санитарлық-тазалық жұмыстары жоспарлы атқарылып, елді мекендер едәуір көркейді. Егіндібұлақтың Тәттімбет көшесінің бойына 100 түп ағаш отырғызылды. Жастар аллеясы ашылып, пайдалануға берілді. Селоның кіре берісіне көркі көз тартар зәулім ескерткіш-тұғыр тұрғызылды. Балаларға арналған жаңа үлгідегі спорттық ойындар алаңы ашылып, ел игілігіне айналды. Облыс әкімі грантының иегері Дана Жүнісбекова жаңа дәріхана ашып, халыққа қызмет етуде. Қарағайлы кентінде жалпы құны 3,3 миллион теңгені құрайтын, күн сәулесімен жарық беретін электр шамдары орнатылды. Санитарлық-тазалық жұмыстарына 3 миллион теңге бөлініп, 15 мың тонна құрылыс қалдықтары шығарылды. Кенттің ауыз су жүйесінің жөнделуіне 7 миллионнан астам қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

«Ауылына қарап азаматын таны», – дейді дана халқымыз. Әлбетте, елдің өркендегені, жердің көркейгендігі ауыл-аймақтың ажарын ашып, сәнін келтіреді. Ел ішінде ынтымақ-бірлік күшейіп, жарасымды тірлік орнығады. Ежелден жол – ел экономикасының күретамыры, халықтың әлеуетін көтерудің шешуші шарты. Бүгінде Қарқаралы ауданы бойынша барлығы 1118 шақырым автокөлік жолдары бар. Оның ішінде, 165 шақырымы – республикалық, 311 шақырымы – облыстық, 632,4 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. Аудандық және ауылішілік жолдарды жөндеу үшін осы жылға 392 миллион теңге бөлінген болатын. Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, белгіленген кесте бойынша толық аяқталды.

Спорт – денсаулық кепілі, салауатты өмір өлшемі. Бұқаралық спортты дамытуға Елбасы ерекше көңіл бөледі. Сондықтан, бұл өміршең мәселеге аса жауапкершілікпен қарау маңызды екені түсінікті. Аудандық бюджет есебінен Қарқаралы қаласында 320 орынға арналған спорт кешені құрылысының жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өткізуге тапсырылды.

Түйіндеп айтқанда, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру – басты мақсат. Демек, жер-жерлерде бір мүдде, бір мақсат жолында бір­лесіп, өзара ынтымақтасып қызмет ат­қару – бүгіннің өзекті талабы.

Күн тәртібіне сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров аймақта агро­өнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған жұмыстардың жүйелі жолға қойылғанын айтты. Биылдың өзінде-ақ 56 кооператив құрылса, 4 су қоймасы салынған. Жерді тиімді пайдалану мақсатындағы іс-шаралар қарқынға ие. Сегіз айда ауыл шаруашылығының 115 млрд. теңгені құрайтын өнімдері өндірілген. Салаға 6 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Жалпы, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға биыл 16,5 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда, 33%-ға көп.

Облыстағы ауыл шаруашылығы құры­лымдарының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында, уақытша жұмыс топтары құрылған. Сондай топтардың бірін басқарушы, облыстық мәслихат депутаты Георгий Прокоп топ мүшелерінің атқарған жұмыстарын баяндады.

Негізі, облыстағы ауыл шаруашылығы дақылдарының өндіріс көлемі (астық, майлы дақылдар, төрт түліктің азығы) тиісті көрсеткіштерге сәйкес келеді. Мәселе төңіргенде Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Мағзин де сөз сөйледі.

Сессияда өзге де мәселелер қаралып, жан-жақты талқыланды.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Суреттерді түсірген  Д.КУЗМИЧЕВ.

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.