АймақБалқаш

Қордың қомақты қолдауы

«Коунрад» корпоративтік қоры Балқаш медициналық колледжінің бір кабинетін жабдықтап, студенттер үшін компьютер сыныбын ашып берді. Сынып заман талабына сай. Сабаққа керекті 20 компьютер, 25 үстел-орындық жаңаланды. Сонымен қатар, 2-76, 1-82 диагональды, 3 сенсорлы LED экран сыйға берілді. Бұл ізгілікті іске «Коунрад» корпоративтік қоры 13 680 000 теңге көлемінде қаржы бөлген.

Кабинеттің ашылу салтанатына Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы Балқаш аймақтық өкілдігінің басшысы Шолпан Калыкбекова, «Коунрад» корпоративтік қоры басқармасының мүшесі Павел Семенченко, Балқаш медициналық колледжінің директоры Азамат Қуандықұлы, колледждің ардагері Серік Пішенбаев қатысты.

– Кабинет білім беру сапасын және студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында жабдықталды. Білімге көңіл бөлу – болашаққа салынған сенімді инвестиция. Қазір Балқашта осы салада бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда. Солардың бірі – болашақ денсаулық сақтау саласының мамандарына бөлінген қаржы, – деді «Коунрад» корпоративтік қоры басқармасының мүшесі Павел Семенченко.

Жаңа кабинеттің лентасын Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы Балқаш аймақтық өкілдігінің басшысы Шолпан Калыкбекова мен «Коунрад» корпоративтік қоры басқармасының мүшесі Павел Семенченко қиды. Ал, колледж ұжымы демеушілерге Алғыс хат табыстады.

Сондай-ақ, фельдшер мамандығы бойынша білім алып жатқан I курс студенті Ықылас Танабеков «Коунрад» корпоративтік қорының өкілдеріне ризашылығын жеткізді.

Айта кетейік, Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы және Балқаш қаласының әкімдігі «Коунрад» корпоративтік қорының қолдауымен Балқаш қаласын дәрігер кадрлармен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік жобаны қолға алған. Жоба аясында Балқаш қаласындағы бес мектеп пен медициналық колледж түлектері ҚарМУ-да оқу грантына ие болады.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button