Руханият

“Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы…”

Құрметті жамағат! Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман­есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай! Ораза – күндіз тек ішіп­-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі.  Ораза нағыз шынайы тақуалық пен сабырлыққа жетелейді. Құранда Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183­аят), – деп бұйырған. Оразаның аузы берік адамға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық пайдалары бар. Ораза елдегі дәулетті адам мен жоқ­-жітік арасында байланыс жасайды. Рамазан айының рахым айы болуының сыры осында жатыр. Адам мен адамның, адам мен әлемнің арасында достық, мейірім байланысы құрылады. Демек, ораза ұстау арқылы біз сабырлы болуды үйренеміз.

Кімде­-кім сауабын Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, күнәлары кешіріліп, Оның ризалығына бөленеді. Екі дүниеде де Алланың ризалығына кенелуден артық бақыт жоқ. Бұл айдың басты ерекшелігі, Алла Тағала Исламның бес парызының бірі болған оразаны парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі іс­амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады. Ораза жамандықтан сақтайды. Ораза адам жанын тазартып жаман қылықтардан сақтайды. Жаһанға тараған індет ел іргесіне жеткендіктен қасиетті Рамазан айында тарауық намазы мешіттерде оқылмайды. Мұндай сындарлы сәтте бір­бірімізге жақсы сөз айтып, көмекке мұқтаж от басыларға қайырымдылық жасап, мол сауап алуға асығайық! Мұсылман қауымын құлшылық кезінде еліміз бен жеріміздің, күллі адамзаттың амандығы үшін дұға жасауға шақырамын!

Қадірлі ағайын!

Рахым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға­-тілектеріміз, құлшылық-­ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Ел іргесінен жұқпалы жаман індетті аулақ етіп, Рамазанның шарапатына бөленуді жазғай!  Әумин!

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА,

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы, Әнет баба мешітінің бас имамы.

Басқа материалдар

Back to top button