Жаңалықтар

Оралман мәртебесі ұзартылады

Оралман мәртебесінің мерзімі өткен этникалық қазақтарға жеңілдетілген тәртіпте Қазақстан Республикасы азаматтығын беру жөніндегі жұмыстарды жүргізу туралы орталық және жергілікті атқарушы органдарға 2019 жылдың 16 наурызында Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берген болатын.

Мұндай шараларды қабылдау этникалық иммигранттар арасында әлеуметтік ахуалды жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен қатар, азаматтық алу арқылы олардың экономикалық-әлеуметтік жағдайының жақсаруына да ықпал етеді.

Осыған байланысты этникалық қазақтарға оралман мәртебесі оның мерзімі өткеніне қарамастан 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.

Құжат мерзімі өткен оралмандарға мәртебесін ұзарту үшін Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өтініш тастауы тиіс. Басқарма Қарағанды қаласы, Ержанов көшесі 47/3 үйде орналасқан.

 Оралман мәртебесін ұзарту туралы жергілікті атқарушы органның шешімін алғаннан кейін Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдау туралы ұсынысты рәсімдеп, қажетті құжаттар тізімін алу үшін тұрғылықты тіркелген жері бойынша азаматтар аумақтық полиция бөлімінің миграциялық қызметіне баруы қажет.

 Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдау материалдары Қазақстан Республикасы заңнамасының, атап айтқанда, «Халықтың көші-қоны туралы», «ҚР Азаматтығы туралы» Заңдарының, ҚР ІІМ 2015 жылғы №315, 2012 жылғы №85 Бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдауды және одан шығуды тіркеу» мемлекеттік қызмет көрсету стандарты талаптарына сәйкес қабылданады.

Мерзімнің осы жылдың соңына дейін, яғни, 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылғанына баса назар аударамын.

 Асхат МҰҚАНОВ,

 Қарағанды облысы Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығы,

полиция полковнигі.

Басқа материалдар

Back to top button